Қарағанды облысында ұлттық күнтізбе аясында республикада алғаш рет Алтын адам күні аталып өтілді. Осы айшықты күнге орай қаламыздың облыстық тарихи өлкетану мұражайында Алтын адам күнінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға арнайы келген жоғары тау-кен колледжінінің студенттеріне ұйымдастырушылар Алтын адам мен ол өмір сүрген кезең туралы жан – жақты айтып берді. Ә.Сағын атындағы политехникалық университеттің тарихшысы Нұрлан Ошан мұндай шаралардың жастарға аса қажет екенін баса айтты. Өз тарапынан ол жастарға сақтар кезеңі жайлы барынша мол ақпарат берді.
Бұл күн 2019 жылы Қарағанды облысында тұсауы кесілген Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің айшықты күні. 1970 жылы 22 сәуірде отандық тарихшылар Есік қорғанынан алғашқы Алтын адамды тапқан болатын. Бұл жәдігер Қазақстан аумағында сақ тайпалары өмір сүргенінің дәлелі ретінде біздің ғалымдарымызға тарихымыздың осы кезеңін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берді. «Алтын адам» Алматыдан 53,5 шақырым жерде орналасқан Есік қорғанын қазу нәтижесінде табылды. 1969 жылы археолог Кемал Акыштың жетекшілігімен бір топ ғалымдар бірегей археологиялық кешенді қазуды бастады. Онда төрт мыңнан астам зергерлік бұйымдар, киімге, аяқ киімге және бас киімге тігілген әшекейлер, сондай-ақ алтын сақиналар, мүсіншелер, қола және алтын қарулар, түрлі ыдыстар біздің дәуірімізге дейінгі VI—V ғасырға жататын 26 жазбаша белгісі бар күміс тостаған табылды.Қорғанның биіктігі 6 метр, ал диаметрі 60 метрді құрады. Алтын адам қаңқасынан және оның астынан көптеген алтын зергерлік бұйымдардың барлығы анықталды. Жақын жерде қару-жарақ пен әр түрлі ыдыс-аяқтар орналастырылған. Антропологиялық анықтама бойынша Есік қорғанында жерленген адам Жетісу сақтарына тән кейіпте болған. Болжам бойынша бұл тиграхауда сақтарының өкілі. Басында биіктігі 70 см, жылқылар, барыстар, тау ешкілері, құстар, ағаштар бейнеленген алтын әшекеймен көмкерілген үшкір бас киімі бар. Алтын адам көрнекті сақ көсемінің ұрпағы немесе патша отбасының мүшесі болған деп болжанады. Табылған қару-жарақтың ерекшеліктері Есік қорғанын біздің дәуірімізге дейінгі V—IV немесе IV—III ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік қалпына келтірілген алғашқы жылдары қанатты барыстағы «Алтын адам» Қазақстанның ұлттық рәміздерінің біріне айналды. Сақ жауынгерінің көшірмелері Қазақстанның көптеген қалаларында орнатылған. Олардың бірі Алматыдағы басты алаңда Тәуелсіздік монументінде көрініс тапты. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда «Алтын адам» деп аталатын бес қорым табылды. Олардың қатарында Аралтөбе қорғаны, Астана маңындағы Бәйгетөбе Шілікті қорғаны, Қарқаралы ауданының Талды қорымы бар.
Шара Qazaq club жанындағы Ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттау орталығының бастамасымен және Мәдениет басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап облыстың 257 кітапханасы мен 246 мәдениет клубтарында Қазақ күнтізбесіндегі айшықты күндерді насихаттау қарастырылған. Шара барысында күнтізбе авторы Нұржан Сұршаұлы осы сынды тарихи даталарға негізделген атаулы күндердің жастарға ұлттық тәрбие беруде аса маңызды екенін атап өтті. Шара соңында колледж студенттеріне ұлттық күнтізбелер таратылды.
Qazaq club жанындағы
Ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттау орталығы