Қарағанды гарнизонында сарбаздарға арналған психологиялық тренинг өтті

Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасында мерзімді әскери қызметшілерге арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Тренингті заңгер-психолог Ботагөз Атымтаевна жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – сарбаздардың эмоционалдық тұрақтылығын арттыру, өзара қарым-қатынасты нығайту және жеке даму бағыттарын анықтау болды. Тренинг барысында қатысушылар эмоцияларын тану, сенімді қарым-қатынас орнату, топпен жұмыс істеу, стресске қарсы тұру сияқты маңызды дағдыларды меңгерді.

Сондай-ақ, бірлік пен сенімге негізделген практикалық тапсырмалар арқылы өзара қолдау мен түсіністікті арттыруға бағытталған жаттығулар жүргізілді. Жас сарбаздар өздерін жаңа қырынан танып, жағымды әсер алғандарын және алған білім мен тәжірибелерін болашақта тиімді қолдануға дайын екендіктерін жеткізді.

Тренинг соңында психолог маман Ботагөз Аманжолова шараның маңыздылығына тоқталып, былай деді:

– Бұл тренинг әсіресе мерзімді әскери қызметшілер үшін өте өзекті. Әскери орта – жоғары жауапкершілікті және тәртіпті талап ететін ерекше жүйе. Мұнда әр сарбаздың психологиялық орнықтылығы аса маңызды. Тренинг барысында біз қатысушыларға стрессті басқару, өз сезімдерін түсіну, қарым-қатынастағы кедергілерді жеңу сынды дағдыларды үйретуге тырыстық. Қатысушылар өте белсенді болды. Олар өзара сенім мен қолдау негізінде әрекет етіп, жаңа дағдыларды тез меңгерді. Көпшілігі мұндай психологиялық бағыттағы шараға алғаш рет қатысып, өзін жақсырақ тани түсті. Осындай тренингтер әскери қызметшілердің жеке дамуына ғана емес, бөлім ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсер етеді. Бұл жұмыстар болашақта да жалғасын табады. Біз әскери ұжыммен бірлесіп, осындай тақырыптық психологиялық қолдау шараларын жиі өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді заңгер-психолог Ботагөз Аманжолова.

Мұндай тренингтер әскери қызметшілердің сенімділігін арттырып қана қоймай, олардың психологиялық денсаулығын нығайтуға, өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қарағанды гарнизонында өткен бұл іс-шара әскери ортада адамның ішкі күйіне мән беру қажеттігін көрсеткен маңызды қадам болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағанды университетінде әскери ант қабылданды

Сей Шіл 1 , 2025
Оқылды: 54 2025 жылғы 27 маусым күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әскери кафедрасында маңызды әрі әсерлі оқиға – әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл – болашақ офицерлер мен сержанттар үшін елге адал қызмет етуге жасалған алғашқы қадам әрі өмірлік маңызы зор сәт болды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің […]

Шұғыл!