Атырауда «ABAY GYLYM FEST» ауқымды отбасылық ғылым фестивалі өтті. Күні бойы Абай орталығында (Оқушылар сарайы) білім берудегі STEAM тәсілдері саласында ғылыми-танымдық дәрістер, интерактивті сессиялар, воркшоптар және білім беру жобаларының көрмелері өтті. Іс-шара «JasSpace: Атырау қаласының жастарды дамыту бастамасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Аталған жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыруда.
Фестивальде түрлі мақсатты аудиторияларға, яғни, ата-аналар мен мектеп оқушылары, жасөспірімдер мен түлектер, SТЕАМ саласына қызығушылық танытып жүрген тәлімгерлер білім беру саласының мамандарына арналған 10 танымдық секция жұмыс істеді. Ерекше атап өтерлігі, фестивальға қатысушылар «Integrity» қорының кәсіптік бағдарлау тестілерінен өтіп, «ITeachMe» ҚҚ-нан «Инклюзиядағы STEAM» саласы туралы біліп, YEMAA көпсалалы мәдениет орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
«Біз қаланың ынталы және шығармашылық тұрғындарының қауымдастығын қалыптастыру мүмкіндігіне үлес қосып отырғанымызды мақтан тұтамыз. Абай орталығы екі жыл ішінде STEAM инновациялық бағдарламаларының орталығына, эксперименттер, идеялар мен батыл жаңалықтардың алаңына айналды. Abay Gylym Fest фестиваліне қатысушыларымыздың арасында болашақ талантты ғалымдар, музыканттар, мемлекет қайраткерлері мен мұғалімдер бар екеніне сенімдімін. Білім, ғылым және шығармашылық мерекесі Атырау өмірінің тұрақты бөлігіне айналады деп сенеміз», – деді «Шеврон» компанияларының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова.
Фестиваль аясында «KazRobotics» федерациясының ұйымдастыруымен оқушылар, студент жастар және педагогтарға арналған жарыстар өтті.
Сонымен қатар, іс-шара қонақтары JasSpace Students STEAM Project Challenge және JASSPACE Educators STEAM Project Challenge бағдарламалары шеңберінде жоғары сынып оқушылары мен педагогтардың инновациялық жобаларымен таныса алды. Фестиваль аясында оқушылар 40-тан астам жобаны келушілер назарына ұсынды, олардың ішінде 20-дан астам жоба JasSpace зертханасы аясында жасалды. Мысалы, тренер Әсел Ондашованың жетекшілігімен «Химия» курсының оқушылары тез және зиянсыз ыдырайтын қайта пайдалануға болатын бахилдарды ұсынды.
ABAY GYLYM FEST-те келушілер білім беру саласындағы тәжірибелі сарапшылармен және пікір көшбасшыларымен кездесе алды. Сонымен, «Дәстүр» фильмінің режиссері Қуаныш Бейсек, қазақстандық Тик-ток жұлдызы Ұлан Үсенов, Пифагор мектебінің негізін қалаушы және халықаралық математиктердің жаттықтырушысы Асан Жолдасов және тағы басқа көрнекті спикерлер арнайы дәрістер оқыды. Спикерлердің толық бағдарламасын фестивальдің веб-сайтынан көруге болады.
«Біз ABAY GYLYM FEST «JasSpace» жобасының жарқын және қорытынды іс-шарасына айналғанына қуаныштымыз. Жобамыздың аясында 2,5 мыңнан астам жасөспірім 16 STEAM бағдарламасы аясында тегін курстарда оқып шықты, ал 4,5 мыңға жуық оқушы шеберлік сабақтарына, жазғы қарқынды курстарға, түрлі байқауларға қатысты. Біз жергілікті «JasSpace» командасының күш – жігері бүкіл Атырау облысының білім беру саласын жетілдіре түсуге үлкен серпін береді деп сенеміз», – деді Орталық Азияның Еуразия қоры жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова.
Еске сала кетейік, «JasSpace» бағдарламасы Атырау облысының әкімдігі, «Шеврон» компаниясы, Атырау облысының білім беру басқармасы және Орталық Азияның Еуразия Қоры арасында қол қойылған меморандум негізінде жүзеге асырылуда. Бір жарым жыл ішінде JasSpace базасында 20 жергілікті қызметкерден тұратын команда құрылып, оқыту курстарынан өтті, 7-11 сынып оқушыларына арналған 16 білім беру бағдарламасы әзірленді.