БЕС АСЫЛ

Ержан Әділ.                                                                                           

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Өнеркәсіптік көлік» кафедрасының аға оқытушысы.

Ержан Әділ – техника саласында қызмет атқарғанымен шығармашылықпен де айналысады. Өлең-жырлары, публицистикалық материалдары әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жарияланып жүр. Көлік қозғалысын ұйымдастыру бағытындағы оқулықтардың авторы. Өңірдегі қоғамдық істерге де белсенді атсалысып жүрген азамат.

 

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақылшысы. Біз Абайды толық түсінген күні адамзаттың алдына шығамыз. Абайдың асылға балаған бесеуі сау ақылмен толыққан адамға жол бастар негізгі бес саты. Ол бесеу – талап, еңбек, терең ой және де қанағат пен рахым. Дана Абай бұл бесеуді өз ретімен қойған.

Әуелі «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге», «Білмесең де ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз», «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деді. Неге? Себебі, кез-келген дүние талаптан басталады. Өзіңе талап қой. Талаптанып, талпын. «Талапты ерге нұр жауар» деген сөздің иесі де Абай.
Келесі саты – еңбек. Төбеңнен нұр жауар жетістікке жетпек үшін еңбектену керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп отыр. Сөз иесі өз шығармашылығында «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық», «Адам бол – мал тап, қуансаң қуан сол кезде», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деп ер жолындағы еңбек рухын биікке көтере түседі. Адам болып қалу үшін мал табарлық ақылың мен еңбегің болу керек. Мал дегеніңіз киер киімің, ішер тамағың, басыңа пана тұрағың. Үстің жалаңаш, ішің бос, төбең тесік болса сен адамшылық туралы асқақ сөз айта алмайсың. Аш адамның бірақ қалауы болады. Ол – бір үзім нан. Осы жұтқыншақ етегіңнен жұлқымаса келесі биікке көтеріле аласың. Бұл биік – терең ой.
Жанның азығын толтырып, құлқынның қыл бұрауынан құтыла алған талапты, еңбек ері енді көпке шырақшы болар рухани азық іздеп, терең ойға беріле бастайды. Әрине, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстар» бірегей болса. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар». Қу дүниеге ере берсең түбінде бір көрсетер боқтығын деп, көтереді Ұлы Абай ақыл-ойдың шоқтығын.
«Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей», – деген.
Көкіректің көзін ашып, терең ойдың түбіне шырақ алып түспесең қолың жеткен дүниенің де қадірін білмей, қабіріңе қадіріңмен кіре алмайсың. Осының ақ-қарасын ажыратпақ үшін ақыл-ой керек. Оның да су бетінде сырғанар шұнағы емес, тереңі керек.
Төртінші асыл – қанағат. Талабың тас жарып, еңбегің еселеніп дәулетің тасығанда, ақылың көптен қара үзгенде дүниенің соңынан еріп ашкөзденбей қанағат қыла біл деп отыр. Абайдың айтып отырған қанағаты болдымның бойкүйездігі емес ашкөздікке, шексіз құмарлыққа бой алдырмау. Тапқаның талабыңа, ақыл қуатыңа демеу болудан артылып жатса, өзгенің де көгеріп көктеуіне рахым жаса.
Рахымшылық – Абай меңзеген бесінші асыл, қол жеткен негізгі асыл. «Алланың пендесіне рахымы мол, сен де өзіңдей адамға мейірімді бол» деп отыр. Жаратылғанға рахым жасау, мейірімді болу – Құдайлық сипат.
Адамның мұраты – осы асылдармен адам атын сақтап қалу.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Вирусқа қарсы қолданылатын заттар химиялық жолмен дайындалады

Дүй Сәу 20 , 2020
Оқылды: 2  821 Химия пәні бойынша мұғалімдер арасындағы әлемдік байқауда үздік деп танылған маңғыстаулық Жігер Телеуханов қашықтан оқыту – ұстаздарға үлкен білім беру платформасын дайындауға мүмкіндік бергендігін айтты. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Жас маман ҚР БҒМ-нің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың […]