Ұлттық буржуазия керек пе

Кейде осы қазақтың мақалдары қызық деп ойлайтынмын. Мысалы, “жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы”. Бермесе сараң болса, несі жақсы ол байдың? Иә, бізге мектеп қабырғасынан бастап “баяғыда бір сараң бай болыпты” деп оқытты ғой. Алдар көсе ол байды алдап кетеді. Сөйтіп әлсіздің кегін қайтарады, кедей-кепшікті жарылқайды. Қарап отырсаң, байларды, байлықты жек көру сезімін санамызға Совет үкіметі мықтап шегелепті.

Жер бетіндегі ең бай адамдар жалпы халықтың 1 пайызын ғана құрайды екен. Және байы көп елдер – ең дамыған елдер. Шын байлар Қытайда, Еуропада, АҚШ-та тұрады. Айтпақшы, сол АҚШ-та салынған оқу ғимараты болсын, тіпті саябақта отырған орындығың, егілген ағашың болсын бір-бір байдың атында деседі. Меценаттың халыққа жасаған тартуы. Оны айғайлатпай, шағын ғана тақтайшаға жазып, іліп қояды.
Меценаттық біздің тарихымызда да бар. Әсіресе, қазақ балаларының білім алуына олар мол үлес қосқан. 1841 жылы ел тарихында тұңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашылды. Бұл мектепте есімі елге танылған талай тұлға білім алды. Көрнекті композиторлар Құрманғазы мен Дәулеткерей, жүзден астам ғалым-зерттеушілер Асан Тайманов сынды жиырма академик осы мектептен шықты. Ал бұл мектепті салушы кім? Махамбет ақын “хан емессің, қасқырсың” деп өлеңіне қосқан Жәңгір хан. Сол бір шумағын жұлып алып, Махамбеттің өлеңі деп балаларға жаттатты. Ал Жәңгірдің еліне қылған жақсылығын, жомарттығын ұмыттырып жібергісі келді.
Қазіргі Астана бұрынғы Ақмола топырағында Баймұхамбет Қосшығұлұлы деген миллионер өмір сүрген. Әуелде сауда-саттықпен айналысқан ол кейіннен кондитерлік фабрика ашып, онысы Еуразия аумағындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын саналған. Байлығымен қоса, қайырымдылығы үшін “Байкөп” аталып кеткен Қосшығұлұлы бабамыз қалада өз қаражатына бірнеше мешіт, медресе тұрғызған. Басқасы сақталмаса да, ол салдырған қос қабатты, қызыл кірпіштен қаланған мектеп ғимараты әлі тұр.
Атақты “Медеу” мұз айдынының неге “Медеу” аталғанын білесіз бе? Себебі мұз айдыны орналасқан жер 19 ғасырда Медеу Пұсырманұлы әулетінің қыс қыстауы, жаз жайлауы болған. Медеу Пұсырманұлы Верный (Алматы) қаласында көптеген мекемелердің салынуын қаржыландырып, қала маңайына алма бақтарын еккен. “Медеу” мұз айдынына барар жолдағы экологиялық бекеттің қасында мектеп салғызған. 1896 жылы ол ашқан Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыған.
Шығыстан шыққан ірі саудагер-көпестер Бидахмет Бөбеген (Бобкин) мен Баязит Сәтпаев та қазақ мектептерінің салынуын қаржыландырған.
Бүгінде біз бұл меценаттардың аты-жөнін, елге сіңірген еңбегін білеміз бе? Тарих ақтаңдақтары енді ғана ашылып жатқан тұста еміс-еміс естіп қалатын шығармыз бәлкім. Дегенмен әлі де насихат аз. Бай ұрпақтары қылышынан қан тамған Совет үкіметінің қаһарына ұшырап, көбі итжеккенге айдалып атылды. Тірі қалғандары ата тегін ауыстырып, бас сауғалауға мәжбүр болды.
Енді санаға жазылып қалған байлық қорқынышынан арылып, байлық мәдениетін қалыптастыратын кезең келген шығар, қалай ойлайсыз? Бай болу – ұят емес. Байларды жек көрудің қажеті жоқ, керісінше бай болуға тырысуымыз керек. Әр қазақ өз шежіресін қопарса, байдың, бидің, батырдың ұрпағы екенін біледі. Өзін таниды. Рухы оянады. Қазіргі қоғамда байларға көзқарас қандай? Бай бізге қарыз сияқты. Берешек тәрізді. Ешкім де оның өз бетінше еңбек етіп, табыс тапқанына сенбейді. Байды қанағысы келеді, тұғырынан тайдырып, бар байлығын бөліп алуды көксейді. Мұның 1917 жылғы бәлшебектер пиғылынан қандай айырмашылығы бар? Байға күнімізді қаратпасын, өзіміз бай болайық демейміз бе?!
Ұзын да сонар сөзімді Абай хакімнің оныншы қара сөзінен алынған оймен қорытындылағым келіп отыр:
“Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол”.
Қазақтан шыққан меценаттар қазір де бар. Бірақ соларды көрсек те көргіміз келмейді. Кешегі пандемияда, бүгінгі су тасқынында халық өзі тиыннан құрап бір-біріне көмектесті дейміз. Халықтан ақша жинап, соны үлестіруші қорларды ғана төбемізге көтереміз. Басқасын айтпағанда, бір ғана Тимур Құлыбаевқа қарасты компаниялар тобы осы кезге дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына 116 миллиард теңге ақша бөліпті. Короновирус індеті кезінде медициналық құрылғылар алуға, Арыста зардап шеккендерге, мұқтаждарға пәтер, үй алуға, тағы басқа қайырымдылық шараларына осы кезге дейін 85 миллиард теңге жұмсаса, су тасқынына байланысты бастапқыда 1,5 миллиард, сосын тағы 30 миллиард теңге аударған. “Берген жомарт емес, алған жомарт” дегендей, мұны да біле жүргеніміз абзал.
Сөз басындағы “бермесе де бай жақсы” деген мақалға қайта оралайықшы. Кезінде талай бай бір-бір ауылды ұстап отырды ғой. Бүкіл ауылды жұмыспен қамтыды. Ол байыса, кедей туысы да құр алақан қалмады. Қазір де ойлаңызшы ауылыңыздан, ауданыңыздан бір бай шықса, кемінде мешіт тұрғызып, ауылға баратын жолды жөндеп береді. “Бермесе де” дегені сол екен. Байлық қуаты бәрібір айналасына шапағатын тигізеді. Әр қазақ бай болсын! Ертегідегідей шықбермес Шығайбай емес, жомарт, қайырымды, парасатты бай болсын.

Әйгерім Сейфолла.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

15 мамыр - Аяулы қазақ қыздары күні

Сей Мам 14 , 2024
Оқылды: 495 Наз-қылығы балдан тәтті, Бақ-моншағын ардан тақты. Аяулы қазақ қыздарының Күні бүгін салтанатты. Күн көзіне тұнған тылсым, Еңлік-келбет, Қорлан-мүсін. Айналайын, Айнамкөздер, Аяулымсың, Ардағымсың! Кие қонып тұнығына, Берік болған ырымына. Ел сүйсіне көз тастаған Тоғжандардың қылығына. Әлиямның батырлығы, Мәншүгімнің батылдығы. Дүйім жұртқа дүрмек болған Сара қыздың ақындығы. Көркіне ешкім тең […]