ЖОҒАЛҒАН БЕЙНЕ

Қазақ прозасының бүгінгі жас өкілдерінің шығармаларынан

 

НҰРШАТ ЕРСАЙЫН

                                                                                                                                                                      Жас қаламгер

       1996 жылы туған

Тараз қаласынан

 

Әңгіме

 

Жағалау маңында ұзындығы беліне сәл жетіңкіреген шаштары мен кең етекті ақ көйлегін жел ұшыра ойнақтаған қыз жалғыз тұр. Ойына әлдене оралатын сияқты.

* * *

Айлық түскенін ести сала оқу аяқтап жұмысқа кіргелі алғашқы еңбекақысын алуға асыққан ол жақын маңдағы банкоматқа жаяулата тартты. Неше күннен бері сөмкесінің негізгі бұрышынан тұрақты орын таба жайғасқан карточкасын саусақтарын сүңгітіп жіберіп тағы бір тексеріп қойды. Ішіндегіні дәл қазір алмаса ақшасы қайта жоқ боп кетердей-ақ барынша асыға түсті. Қарсы беттен банкомат құрылғысына қарай беттеп келе жатқан бойы ортадан жоғарылау келген, үстіне қоңыр күртеше киген, қою қара шашты аққұба жігітті байқап, одан бұрын жетуге тырысып, жүрісін тіпті жылдамдатты. Міне, банкоматқа да жетті. Жол бойы қолына ұстап дайындап келе жатқан карточкасын экранның сол жақ төменгі бұрышындағы жіңішке сызыққа салып кеп жіберді. Бірақ бәрі ол жоспарлағандай бола қоймады. Қырсыққандай құрылғы карточканы салған күйі жұтпай тұрып алды. Шыдамсыздық танытып қозғалмай тұрған карточканы басбармағымен ары итеріп қалды. Бұл жолы жұтуын жұтқанымен экран түк болмағандай үнсіз меңірейіп тұр еді. Не тіл таңда, не құпия сөз жаз деп көрсетпегенін көріп, бірдеңені бүлдіргенін, бүлдіргенде де қатты бүлдіргенін біле қойып өн бойынан суық тер бұрқ ете түсті. Не істерін білмей артқа бұрылғаны сол еді, жаңа банкоматқа өзімен қатарласа жеткен жас жігіт бұған қадала қарап тұр екен. Бәрін бақылап тұрған болса керек:

– «Жою» түймешесін біраз уақыт үздіксіз басып тұрыңыз, – деді жымиып. Езуі жымиғанмен көздері міз бақпастан өткірлене ұшқын шашып суықтау қарағандай болды. Тез арада қимылдай қоймасын білсе керек. Жылдам алдына шығып өзі айтқан ақылын орындай бастады. Бір қырындап сәл алдыда тұрған бейтаныстың жүзіне таңырқағандай қадала қарап тұр еді. Кенет қолына, «мінекейіңіз, енді өзі алмайынша ары итермеңіз» деп карточкасын ұстатып жатқанын бірақ аңғарып, қысылған болды. Жүзі сондай өткір әрі көздері ерекше ұшқын шашып тұрғандай көрінді. Нағыз ер жігітке лайық мінезді түр деп ойлады ішінен. Бетпе-бет ұзақ қарап тұруға қауқары жетпей, көздерін тайдырып әкетті. Жаңа ғана осы жігіттен бұрын жетуге асығып банкоматты қызғанғанын ойлап іштей біртүрлі ыңғайсыздана түсті. Дауысы шығар-шықпас қана бәсең үнмен «рақмет» деп алғысын білдіріп, аламын деген ақша да жайында қалып, жөніне кете барды. Кетіп бара жатып көңілі біртүрлі алабұртып, бір жүрегіне жақын адамынан алыстап бара жатқандай алабөтен күй кешті.

Сонау бір күнгі кездесуден кейін оңаша қалса-ақ болды, ойына сол қоңыр күртешелі, сәл езу тарта суықтау жымиятын жігіт орала беретін болды. Кейде тіпті соны ойлау үшін де оңаша қалғысы келетіндей. Сондай бір ойға шомғанда өзінің еріксіз жымиып отырғанын байқап қап, ешкім көріп қоймады ма екен деп қысыла айналасын лезде бір шолып шығады. Оның бейнесін көз алдына елестетпеген күні жоқ шығар, сірә. Бірақ неге екенін сонда да оның бет-әлпетін есіне анық түсіре алмай әуреленді. Жанарының да өткір ұшқындап тұратын ерекше екенін көргенімен анық елестете алмады. Тек шашы мен қоңыр күртешесі иә, сосын ерекше жағымды иіссуы есінде қалыпты.

Күн өткен сайын оған деген ықыласы да ауа түскендей. Әншейінде ең жек көретін қоңыр түсі де жылы түске айналып, маңайынан үнемі сол қоңыр күртешені іздеп жалтақтайды. Бірақ кездестіргенінің бірде біреуі оған ұқсамайтындай. Тал бұтақтарынан әні-міні үзілуге шақ тұрған жапырақтардың да көзді алатын қызыл сарыларына қарағанда, қоңыр қошқыл түстілері ыстық көрінетін болды. Ойында сол адаммен жолықтырған тағдыр екінші рет те кездестіруі тиіс деген бір сенім бар.

Әншейінде де жазуға құштар жаны осы күз келгелі тіпті шабыттана түскендей. Жазып біткен әр мақалаларын редакторға табыстамайынша көңілі көншімейтін. Бүгін де сол соңғы жазғандарын тиісті жеріне табыстағаннан кейін, келіскендей құрбыларымен кешкі серуенге шықты. Қоңыр жел әжептеуір мазасыздана ұйытқи соққанымен аса салқын емес еді. Кенет тоқтай қала жел соққан жаққа қарай бетін тоса көздерін жұмып тұра қалып «Уа, қоңыр жел! Бүгін онымен кездестірші» деп тіледі ішінен. Оның мұндай ерсілеу қылықтарына үйреніп қалған құрбылары мән бере қоймады.

* * *

Саябақ маңында бір топ жігіт тұр. Мінезі біртоға тұйықтау ол үнсіз. Күнделікті тіршіліктен әрі аспайтын әңгімеге араласуды қажетсіз деп санаған. Қолындағы шылымының таусылғанын көріп, тағы біреуін тұтатпақ ниетпен төс қалтасына қолын салып, қорабын шығарғаны сол еді, осыны күтіп тұрғандай тағы екі жігіт қолын созды. Үлестіріп болғаннан кейін бұларға анадайдан жақындап келе жатқан үш қызға көзі түсті. Сол жақтағы шашы ұзындау қараторы қызды танып, қос саусағына қыстырып тұрған шылымын тұтатпастан кастюмінің төс қалтасына қайта сүңгітіп жіберді. Жанындағылар назары басқа жаққа ауып тұрғанын байқап, бір қағытып қалды. Қыздар жақындады-ау дегенде қарсы аяңдап, дәл сол қыздың алдына барып тоқтады.

– Қалайсыз? – деп жүзіне қадала қарай  күлімсіреді. Бірақ қыз үндеген жоқ. Ол да бетіне тесіле қараған күйі ләм деместен бұрылып өте шықты. Артынша бір топ қарға қарқылдай көтерілгендей достарының күлкісі шықты. Қашанда өзін сақ әрі өр ұстайтын бұның достарының алдында алғаш рет күлкіге қалуы еді. Сүйкімсіз күлкілердің арасынан кетіп бара жатқан қыздардың құрбысына жазғыра сөйлегендері еміс-еміс естіледі. «Көрерміз» деп қойды ішінен.

Арада біраз уақыт өтті. Ол жоқ. «Ең соңғы өлетін – үміт» деген сөз сірә, рас сияқты. Оны кездестірсем деген үміті әлі сөнген жоқ. Сол қоңыр күртешені. Соңғы кездері кей таныстарынан амандаспастан көрмегенсіп өте шығасың деген сынды шағым да ести бастады. Соның бәрін айналып келгенде үнемі ойда жүретіндігінен, дұрысы сол қоңыр күртешені ойлап жүретіндігінен деп топшылады. Ендігіде сақ әрі ойын жинақтап жүруге бел буды. Сонда да таныстарының айтатындайы бар сияқты, жақын құрбыларының өзін кейде бірден тани алмай қалатын.

Жапырақ атаулы түгел төгіліп, тал бұтақтары жалаңаштанған қоңыр салқын қарашаның алғашқы қары да жауды. Жапалақтап жауған ақ қар өміріне өзгеріс әкелетіндей әрбірін тосып қалуға ұмтылған жас балаша қос алақанын тосады. Кенет басының оң жағы ине сұққандай дыз ете түсті. Арада уақыт өткенде тағы да секундқа жетер-жетпес біреу ине сұғып, қайта суырып алғандай ауырсынды. Есіне түсті. Былтыр да дәл осылай ауырғаны. Тезірек үйге жетіп алуды ойлады. Бірақ жылдам жүрген сайын тоқтаусыз борап жауған ақ қардан әлде басының ауырғанынан әйтеуір көз алды тұманданып келеді…

Кірпіктеріннің үстінен біреу тас бастырып қойғандай көздерін әзер ашты. Ең алғаш көзіне түскені білегіне ине арқылы жалғанған ішінде мөлдір тамшылар сырғанақтаған система тоғы. Бастапқыда мұнда қашан, қалай тап болғанын есіне түсіре алмай біраз әуреленді. Палатаға дыбыс шығармастан жеңіл баса кірген мейірбике оянғанына қуанғанын білдіріп, тұруына жәрдемдесіп жатыр. Бағанағыдай емес денесі жеңілдеп қалғандай өзін еркін сезінді. Палата сыртында өзінің оянуын тосып отырған құрбыларын көрді. Көп көрмей сағынысқан адамша таласа құшақтай жөнелді. Мейірбике құрбыларынан кешірім өтінгендей сыпайы ғана өзін дәрігердің күтіп отырғанын айтып есігіне дейін шығарып салды. Дәрігер орта жасқа енді шыққан, толықша келген көзілдірікті ақ сары ер адам екен. Өзін толық таныстырғаннан кейін бұның аты жөнін атап, отыр дегендей басын изей оң қолымен қарсы орындықты нұсқады. Алдындағы реттеусіз жатқан көп қағаздарды шетке ысырып қойып, тек біреуін ғана нақ алдына қойған күйі ойланғандай сақалсыз иегін сипап үнсіз отыр. Тек бірер минуттан кейін жаңағы қағазды енді оқып болған адамша басын көтеріп, сұрағын бастап кетті:

– Басыңыз нақты қай кезден бастап ауырушы еді?

– Бір айға жуықтады ғой деймін. Сосын былтыр да осындай уақыттарда бір айдай ауырғаны бар.

– Ммм түсінікті. Жақындарыңыздан, таныс адамдарыңыздан әлдекімді танымай қалған кезіңіз болады екен. Құрбыларыңыздан да біраз ақпарат алып едім.

– Иәә… Ондай кездер болады. Соңғы уақыттарда әсіресе қаттырақ білініп жүр.

– Прозопагнозия дегенді естуіңіз бар ма?

– Жо-оқ. Ол не?

– Прозопагнозия – мидағы ақаулықтан болатын, адамдардың түрін ажырата алмайтын аурудың бір түрі. Оның пайда болу себептері әрқалай. Қандай да бір соққы алғаннан немесе тумысынан да болуы мүмкін. Яғни мидың адамның бет әлпетін тануға жауап беретін оң жақ самай бөлігінде ісіктің пайда болуы. Томография нәтижелері сізде тумысынан пайда болған түрін көрсетіп тұр. Шетелдегі ақпараттардың бәрін дерлік қарап шықтым. Алайда бұл әлі де толық зерттеле қоймаған өте сирек кездесетін ауру түрі. Әлем бойынша небәрі екі пайыз ғана адамда кездеседі. Сол себепті бұл әліге дейін емделмейтін ауру түріне жатады.

– Қызық екен. Сондаа… сонда енді не болады?

– Көп нәрсе өзіңізге байланысты. Бұл аурудан жазыла алмайсыз. Бірақ тілін тауып амалдап өмір сүруге болады. Уақыт өте келе жағдай қиындауы мүмкін. Сол себепті бізден көмек – тек үйрету. Мысалы мүлде көрмейтін соқыр адамдарда есту қабілеті, сезімталдық жоғары болады. Жақындарын аяқ басқан дыбысынан, даусынан, тіпті демінен тануға машықтанғандар бар. Сол сияқты сізді де адамдардың жүріс-тұрысын, шаш үлгісін, киімдері, даусы тіпті үйреншікті жаргон сөздері сияқты қандай да бір ерекшеліктерін жаттап алуға үйрету керек. Сондай-ақ мүмкіндігінше танымайтын көпшілік ортаға бармауға, ондай ортада жұмыс жасамауға кеңес беріледі. Жаныңызда сенімді танысыңыз болмаса жалғыз жүру қауіптірек. Мәселен біреу сөмекеңізді ұрласа, не зәбір көрсетсе қылмыскерді тани алмай қаласыз. Сол себепті өте сақ жүргеніңіз абзал.

– Қызық екен…

– Иә, бұл қарапайым адамдарды былай қойғанда, дәрігерлердің өзіне де таңсықтау дүние. Сондықтан мен сіз үшін арнайы ағылшын тіліндегі ақпараттарды зерттеп, жеңілдетудің жолын қарастыратын боламын. Ал сізге жаңа айтқанымдай маңайыңыздағы, жаңа танысқан адамдарды зерттеп, ерекше қабілетін жаттауға тырысуыңыз керек. Алайда ауру қатты асқынып-асқынбайтыны әзірге белгісіз. Қатты асқынған жағдайда адам айнадағы өз бейнесін де танымай қалады.

«Адам айнадағы өз бейнесін де танымай қалады, танымай қалады, та-ны-май…» Жан-жағына қарамастан аурухананың ұзын дәлізінен дәрігердің айтқан соңғы сөйлемін күбірлей қайталап келеді. Содан кейін ойына бірден ол оралы. Сонда мен оны осы уақыт аралығында бір емес тіпті бірнеше рет көріп, жанынан өзім қарамай өтіп кетуім мүмкін екен ғой деген суық ой кеп кетті басына. Бәлкім, бәлкім өткен жолы саябақта алдыма келіп амандасқан жігіт сол болса ше? Құдай-ау, расымен де сол болуы мүмкін ғой! Егер ол болса маған қатты ренжіген де болар. Мені өзінше, көкірек біреу екен деп ойлап қалған да шығар. Осындай ойлармен арпалысып ауруханадан шыққан күйі саябаққа қарай жалғыз беттеп келеді. Ендігіде қоңыр күртешені санасынан мүлде өшіруге, жалтақтап оны іздемеуге уәде етті. Құдайдан да әр таң сайын онымен жолықтыршы деп дұға тілемейтін болды. Оны кездестірген күнде де бейнесін қайта жоғалтып алатынын, ал ол үнемі қоңыр күртешесін ғана киіп жүрмейтінін ойлады.

Түскі үзілістен кейін шөліркеп су ала қояын деп дүкенге кірген. Шағын дүкеннің ішінде адам көп. Кезек алуға касса маңына таяды. Қарсы алдында осыдан үш ай бұрын жолыққан қоңыр күртешені көрді. Сол! – деді ішінен таңырқай. Тұп-тура, сол! Білінер-білінбес жіп ізімен өрнектеле түскен сызықтарына дейін таныды. Ол ары қарап тұрған еді. Ондай күртеше жалғыз сонда ғана емес шығар деген оймен тағы жақындай түсті. Таныс иіс. Әтірінің иісі! Құдай-ау, бұл расымен де сол ғой! Сол! Нақ соның өзі! Енді ойында мүлде күмән қалмады. Қобалжығанынан аяқ-қолдары дірілдеп, не істерін білмеді. Сәл қозғалса болды буындары ұстамай құлап қалатын сияқты. Жүрегінің дүрсілін жақын тұрған ол естіп қоярдай-ақ қысыла түсті. Кенет ол артына қарады. Бейтаныс жүз. Бірақ шашы сондай қою қара шаш. Тек түрін алғаш көріп тұрғандай. Көзі де сондай өткір, бірақ басқаша. Өзіне бажырая қарағанын байқаса керек, ол да бұған қадала қарап жымиып тұр. Жымиғаны қызық, жүзі суықтау. Көздері күлмейтіндей.

– Сәлем!

– Сә-әлем.

– Мені есіңізге түстім бе ақыры?

– Бі-із таныспыз ба?

– Олай дей алмаймын, бірақ жолыққанымыз анық. Ұмытуыңыз мүмкін емес. Банкоматқа қатысты кішігірім жағдай орын алған. Содан кейін де бірнеше рет көрдім, тіпті көзіңіздің қырын да салмай өтесіз. Алдыңызға барып амандасуға саябақ маңындағыдай ұятқа қалармын деп батпай жүрдім. Міне, бүгін өзіңіз алдымнан шыға келдіңіз.

– Кешіріңіз, мені біреумен шатастырдыңыз-ау деймін. Мен сізді мүлде танымаймын, – деді де кері бұрылып қолындағы суды қайта тоңазытқышқа салып сыртқа атып шықты. Артынан ол қайта қуып келердей жүгіріп келеді. Тек қатты ентігіп шаршағанын сезгенде артына бір рет бұрылып қарады. Біршама алыстап кетіпті. Жол жиегіндегі бір орындыққа келіп қос қолымен бетін баса отыра кетті. Аузына келген кермек дәм мен бетіне қолынан жұққан дымқылдан жол бойы жылап келгенін сезді. Өзегін бір өкініш өртейтіндей. Қанша уақыт Тәңірден тілеп қиялында күткен адамын дәл алдына келгенде оны басқаша қарсы алды. Аңсап күткен адамнына танымаймын деп өтірік айтты. Сол үшін өкінеді. Басқа амалы да жоқ еді. Ойлап қараса Құдайдан тек екінші рет кездестіруін ғана тілеп жүріпті ғой, басқасын емес. Сол үшін оны жазғыра алмайды. Оның бейнесін санасында бәрібір жоғалтып алатынын ойлады. Міне, қарғыс атқыр! Қазірдің өзінде оның бейнесі есінде жоқ. Ол оның бейнесін тағы да жоғалтып алды… Есінде қалғаны тағы да сол баяғы қоңыр күртеше ғана.
Осылайша өрмекшінің торындай көрінер-көрінбес нәзік қылдай үміт те ақыры үзіліп тынды.

* * *

Жағалау маңында ұзындығы беліне сәл жетіңкіреген шаштары мен кең етекті ақ көйлегін жел ұшыра ойнақтаған қыз жалғыз тұр. Ойына әлдене оралатын сияқты. Көзінен иегіне қарай сырғанай тамшылаған жас қолындағы кішкене домалақ айнаның бетіне тамды. Айнаны жоғары көтере беріп еді дірілдеген жалғыз тамшы лезде сырғанап кетті. Жүзіне тақап қарады. Өз түрін алғаш рет көріп тұрғандай таңырқай бетіндегі әр ұсақ дақтар мен сызықтарына дейін анықтай қарап, «Жоқ! Мен емес, бөтен, бөтен!» деп қайталап айнаны суға лақтырып жіберді. Айнаны абайсызда тастап жіберіп, қайта алғысы келгендей өзі де артынша қолын соза суға сіңіп кете барды.

* * *

Бір аптадан кейін қалалық газеттен сол газетте тілшілік қызмет атқарған жиырма бір жастағы марқұм болған бойжеткен туралы естелік мақала жарияланды. Мақала соңында бойжеткеннің «Мен оның бейнесін тағы да жоғалтып алдым» деп басталатын соңғы айларда жазған күнделігінен үзінділер беріліпті. Суреттегі сүйкімді келген қараторы қызды бірден танып газетті қолына алған қоңыр күртешелі жігіт оқи бастады.

http://aimaq09.kz/ – өзге де ақпаратты осы сайттан көре аласыздар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Заң бәріне бірдей

Дүй Нау 23 , 2020
Оқылды: 1  463 Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Қарағанды облысында коронавирустың алдын алу шаралары күшейтілді.  ТЖ шеңберінде ұйымдарда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Кинотеатрлардың, түнгі клубтардың, жаттығу және фитнес-орталықтардың, көңіл көтеру орындарының, барлардың, мейрамханалардың […]

Ұқсас мақалалар