Құты қашқан коалалар құрлығы

Былтыр шілдеден қыркүйекке дейін Сібірдегі өрт жер-жаһанның құтын қашырып еді. Енді, ежелден жасыл құрлық деген аты шыққан Аустралия отқа оранды. Тамыздан бері тілсіз жау ырық бермей тұр. Азуын айға білеп, Марсқа жол салған адамзат табиғи катаклизмдер алдында қауқарсыз. Ну орманнан жол бойына шығып, жолаушыдан су сұраған коаладан қай дәрменіміз артық?!

Немістің «Deutsche Welle» сайтының хабарлауынша, бүгінде 8 миллион гектар жер жанып кетті. Бұл – Чехия немесе Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінің жер көлемімен шамалас аумақ. Өрт, негізінен, 800-ге жуық қорық пен қорықша орналасқан Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Виктория штаттарында жайылып отыр.

Қазіргі таңда 25 адам қаза тапқаны мәлім. Ал, өрт құрбанына айналған жануарлар санын дөп басып айту қиын. Дүниежүзілік табиғатты қорғау қорының аустралиялық бөлімшесінің хабарлауынша, өлген жануарлар саны 1,25 миллиардтан асқан. Әрине, бұл қорытынды мәлімет емес. Өртеніп кеткен хайуанаттар саны бұдан да асып түсері сөзсіз.

Аустралияға ғана тән мақұлықтар құрып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Мәселен, коала. Құрлық белгілерінің бірі болып табылатын бұл жануардың 10 мыңы жанып кетті деген дерек бар. Былтыр көктемде Аустралиялық жануарларды қорғау қоры құрлықта 80 мыңға жуық коала қалғанын мәлімдеген-ді.

Бір қызығы, аустралиялықтар өткен ғасыр бойы коаламен алысып келген-ді. ХХ ғасырдың басында коаланы құрлықтан Кенгуру аралына көшірген. Сөйтіп, ғасыр соңына таман мұндағы қарасы 30 мыңға жетіпті. «Аралдағы эвкалипт ағашынан түк қалдырмайды» деген экологтар сол кезде үштен екісін ату туралы ұсыныс жасапты. Алайда, Оңтүстік Аустралия билігі экологтардың бұл ұсынысынан ат-тонын ала қашқан. Себебі, әлемнің әр түпкірінен келетін туристер алдындағы абыройынан айырылып қалудан қорыққан.

Десек те, қоңсы Виктория штатының басшылығы туристер сынынан тайсалмайтынын танытты. 2015 жылы 700-ге жуық коаланы атып тастады. Ресми органдардың мәлімдеуінше, коалалар өздері де аштықтан қырылып жатқан екен.

Адам қатыгездігінің зауалы осы болар… Биліктің «бас ауруына» айналған коаланың өрттен кейінгі тағдыры әзірге беймәлім.

Коаланың кебін құрлықтағы түйелер де киюі мүмкін. 8 қаңтардан бастап ел билігі 10 мың түйені атуға жарлық шығарды. Бес күнге жалғаспақ. Қазір шөлде қанды қасап жүріп жатыр. Өлтірілген түйелер өртеледі немесе көміледі.

Кейбір дерек көздері материкте 500 мыңға жуық жабайы түйе бар екенін айтады. Биліктің сылтауы – бұл түйелер өрт сөндіруге жетпей жатқан суды ішіп қояды-мыс. Онымен қоймай, аулаларға кіріп кетіп, үйлерді бұзып, жергілікті жұртқа зиянын тигізуде. Су тапшылығынан құмда құлап қалып жатқандары да бар. Салдарынан түрлі кеселдер шығып кету қаупі басым.

Ату шаралары елдің солтүстік өңірінде жүргізіледі. Яғни, «Солтүстік аймақ» деп аталын әкімшілік аумақта. Қарап отырсақ, бұл аумақтың жер көлемі 1,3 млн. шаршы шақырымды құрайды. Жекелеген мемлекеттердің көлемімен салыстырсақ, Моңғолиядан кейін 19-шы орынға тұрақтар еді. Ал, халық саны 200 мыңнан (2011) сәл асады. Міне, осы иен жерге түйе мен адам қатар сыя алмай отыр. Бұдан бөлек, Аустралияның 44 пайызын шөл алып жатыр (неге жасыл құрлық  атанғанына таңым бар). 3,8 млн. шаршы шақырым. Үндістаннан да үлкен. Байғұс нар ұланғайыр шөлден нәр таппай, адамды паналап келген. Коала сияқты…

Аустралиялықтардың әрекетіне сомалилықтар да таң болып отырған жайы бар. «Босқа қырғанша, бізге жіберсеңіздерші» дейді олар. Түйенің қадірін білетін африкалықтардың өтінішін жасыл құрлық қанағаттандыра қояр ма екен?!

Айтары сол, құрғақшылық пен өрт қос бүйірден қысқан Аустралиядағы ахуал мәз емес. Биіктігі 20 метрге дейін жететін жалынды ауыздықтау қиын шаруа екені белгілі. Және қыс кезінде құрлықта күн ысып, жел қарқыны күшейе түседі. Көзіңізге елестетіп көріңіз, жердің жартысын қар басып жатқанда бұл жақтың құмы табан күйдіреді. Кез келген жанды магниттей тартары сөзсіз. Сонымен де ертеден туристердің сүйікті мекеніне айналған-ды. Алайда, күзден бері саяхатшылар саны күрт кеміді. Себеп – осы өрт, өрттен шыққан түтін.

Түтін он мыңдаған шақырымға жайылып үлгерді. Тынық мұхит аймағы, Жаңа Зеландияны былай қойғанда, Оңтүстік Америка жағалауына да жетті. Сөйтіп, Чили мен Аргентина тұрғындары да алыстағы өрттің иісін сезді. Жолындағыны жалмап келе жатқан ажалдың иісі…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Келесі мақала

Кенді өңірдегі мәселелер — назарда

Жек Қаң 12 , 2020
Оқылды: 1  340 Бейсенбі күні облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Жезқазған-Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы Жезқазған қаласын сумен қамту, Жезді кентіндегі байыту фабрикасын қалпына келтіру және басқа мәселелерді назарға алып, жезқазғандық бір топ дәрігерге пәтер кілттерін табыстады. Жезқазған қаласын сумен қамту мәселесі қала әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Бұл […]