КарЛАГ: «Тар түрменің ішінде, күн сәулесі жарқырайды…»

ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы КСРО – да И.В.Сталиннің геноцид саясаты кезінде болған адам айтқысыз аса ауыр жағдайлар, халықты, ұлтты, этникалық немесе діни белгілеріне байланысты қуғынға ұшырату, саяси процестермен қуғын-сүргіндер халықтың тағдырына және қоғамдық санасына ауыр із қалдырды.

Карлаг – алып ел, оның шекаралары бақылау мұнаралары бар тікенек сымдармен қоршалған. Оның халқы негізінен жазаланушылар және бақылаушылар бөлігінен тұратын. Тұтқындар шахталарда ең ауыр жұмыс істеді, бірінші дәрежелі ирригациялық құрылыстар салды, ауыр еңбек жағдайларында өмір сүрді және тамақтанды. Мұнда ақысыз құл сияқты жұмыс істету тәртібі қалыптасты.

Тарихшы-ғалым Темірғали Аршабеков сұхбат барысында: «Карлаг мұражайы 2001 жылы ашылмай тұрып, 1930 жылы «Қарағанды мәжбүрлі еңбек лагері» болып ашылған. Теміртордың артында бірден миллиондаған адам болған жоқ. Бас кезінде 30-40 мыңдай адам болды. Карлагтың орнында тұрғындардың қаншама үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Жергілікті халықты көшіргеннен кейін бос қалған жерлерді тұтқындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол, өздеріне барак, мал қора, күзеттегі жауынгерлерге казарма, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Лагерде Совет үкіметінің бұрынғы басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстанның да бұрынғы басшы қызметкерлерінің әйелдері мен балалары және «халық жауы» атанғандардың жақын туыстары болды. Онда маршал М.Н.Тухачевская, А.С.Енукидзенің әйелі мен қызы, С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б.Майлиннің әйелі Гүлжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Күләнда, С.Мендешовтың әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сармолдаева және т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын өтеді». Карлаг тарихы жайлы әңгіме айта берсем, әңгіме бітпейтіні рас. «Халық жауы» атанған Карлаг тұтқындарын ақтау басталып кеткен, әлі де ақтау үшін толассыз жұмыс жасаймыз», – дейді.

Нәубет жылдың жазылмаған жарасы,

Өлеңменен шәйттерді жоқтаған,

Мен қазақтың қамын ойлар баласы!

Азап кешіп, тозақ көрген ұлдары,

Қаза тапқан қайсар,рухты қыздары.

Мұздың бетін тіліп кеткен тікендей,

Ұмытылмас, лагерь-лаңкес жылдары.

Сүт бетіне шыққан халық қаймағы,

«Халық жауын» мазақ етіп байлады.

Орыстардың орашолақ бітпейтін,

Ойынына айналғандай қайдағы. (А.Найзабаев)

Қазақстандағы жазушыларға қарсы қуғын-сүргін 1937-1938 жылдардағы «Үлкен террор» деп аталғанға дейін де басталды. 1930 жылы билік Жүсіпбек Аймауытовты атып тастады. 1931 жылы Шәкәрім сотсыз және тергеусіз атылды. 1935 жылы Міржақып Дулатов Гулаг лагерлерінің бірінде қайтыс болды. 1930 жылдардың басында Мұхтар Әуезов саяси себептермен екі жарым жылға қамауға алынды, ол босатылғаннан кейін үш жылдық шартты жазамен өмір сүрді. Алайда, жалпы қазақ зиялыларына және әсіресе жазушыларға қарсы репрессияның ең үлкен ауқымы «ұлы террор» жылдарында өрбіді.

Айтылған дүниелердің бәрін толық түсіну, сезіну үшін Қарағанды қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Долинка жеріндегі КарЛАГ мұражайына барып қайту әр қазақтың парызы. Мұнда келушілер көп. Бір жылда 3 мыңдай адам келеді. Әсіресе, шетелдіктер мен дін өкілдерінің қызығушылығы үлкен. Мұражайда Қарлаг тарихына байланысты, қуғын-сүргін көрген адамдардың тағдырына қатысты жәдігерлер мен мұрағат құжаттары жеткілікті. Мұнда 1930 жылдан 1953 жылға дейін 3 млн. 778 мың 254 адам түрлі айыптар бойынша жазасын өтеген. Олардың арасында саясаткерлер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері болды. Бұлардың барлығы қара жұмысқа жегіліп, азаптан көз жұмды. Кейбір деректерде 788 мың адам ату жазасына кесілді делінген.

Мұражай қашан, қалай, неге ашылды? Мұражайдың ішінде нелер бар?- деген сұрағымызға КарЛАГ музейі директоры Светлана Клементьевна жауап берді: – Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің 24.02.2001 ж. Өкімімен құрылды. 2011 жылға дейін мұражай бұрынғы Карлаг мекемесінің ғимаратында «Азаматтық қызметкерлерге арналған емханада» болды. Қазіргі уақытта мұражай бұрынғы әкімшілік ғимаратында – Карлаг НКВД кеңсесінде орналасқан. «Қарағанды ​​мәжбүрлі еңбек лагері» 1931-1935 жылдар аралығында құрылды. Бұл НКВД-ның ГУЛАГ жүйесінің құрамына кірген КСРО-дағы ең ірі лагерьлердің бірі болды. Оның аумағы бірнеше жүз шақырымға созылып, миллионнан астам адамға тұрақ болды. Карлаг көптеген бөлімдерден және арнайы түрмелерден тұрды.

Мұражайға жақын жерде «Мамочкино» моласы орналасқан. Репрессия жылдарында перзентхана сол маңға жуық жерде салынды. Зират өзі Карлаг құрылымдық бөлімшесінің аумағында – Орталық далалық зерттеу бөлімінде болды. Онда 1930-1940 жылдары қайтыс болған балалар, сондай-ақ босанған әйелдер жерленген. Зират 1960 жылдардың басында жабылды, содан кейін ешкім қарауға келмеген. 2003 жылы Карлаг мұражайының қызметкерлері аумақты көркейтуге кірісті. Бұл жерге мемориалдық кешен мәртебесі берілді. Мұнда тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге репрессияның зардабын көрген шетелдіктер де келеді.

Мұражай Қазақстанның 100 киелі жерлерінің тізіміне енгізілген және Карлаг тарихындағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау және Қазақстанда болған мәжбүрлі еңбек лагерьлері құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында құрылған».

Карлаг тұтқындарының теміртор қабырғасынан кейінгі тағдыры бәрімізді алаңдататыны анық. Теміртау қаласында әлі де мәжбүрлі лагерь қойнында болған адамдар жайлы әңгіме біткен емес. Олардың бірі – Теодор Спаде. Латвия флотының командирі ретінде адмирал Теодор Спаде Мәскеуге шақырылып, республиканың әскери-теңіз күштерінің жағдайы туралы КСРО Әскери-теңіз күштерінің халық комиссары Н.Г.Кузнецовке баяндауы керек болатын. Шын мәнінде, Кремльде бәрі Спадені жоғары лауазымнан босатуға, тіпті қамауға алуға дайын болды. Ол ұзақ уақыт бойы Мәскеу түрмелерінде болды. Содан кейін ғана Қазақстанға мәңгілікке жер аударылды. Тек 1954 жылы ол Сталиннің арнайы лагерлерінен босатылып, қайтадан Теміртаудағы мәңгілік қонысқа жіберіліп, «жан мен жүрек тыныштығын» тапты. 16 жыл бойы ол металлургтер қаласында жұқпалы аурулар ауруханасының бас есепшісі болып жұмыс істеді және оның ерлікпен өткен ғұмырын ешкім білмеген…

Теміртау тұрғындарының айтуынша, Теодор Спаденің Латвияға оралуына ешқашан рұқсат берілмеген. Ол жалғыз өзі 1970 жылы Теміртауда қайтыс болды. Оның үнемі бірге алып жүретін өз елінен қалған естелігі – қанжарын Спаде тұрған үйдегі көршілері Ригадағы тарихи музейге жіберген. Кейінірек Латвиядан жаңа үкіметтің өкілдері келді. Олар Теодор Спаденің күлін Теміртаудан Ригаға жеткізді, сонда оны орман зиратында барлық құрметпен қайта жерледі. Осылайша батыл адмирал ұзақ жылдардан кейін туған еліне оралды. Ол Латвияның ұлттық батыры болды.

Адамдардың жағдайлары өте қиын болғанымен, олар өмір сүруге және өміріне жарқын нәрсе әкелуге күш тапты. Тұтқындар шығармашылықпен айналысты, оқыды, көріністер мен концерттер өткізді, мұны мұражай экспонаттары көрсетеді.

Сондай-ақ, экспозиция халықтарды күштеп қоныстандыру саясаты, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тұтқындардың еңбегі, 1950-1980 жылдардағы қуғын-сүргін, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайды.

Әлия Қайып

Академик Е.А.Бөкетов атындағы

ҚарУ-нің филология факультетінің

3-курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

«Түркітілдес журналистер қоры» Шымкентте

Жұм Мау 4 , 2021
Оқылды: 1  815 Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Түркітілдес журналистер қоры» мен «Шеврон» компаниясы және Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Fake news & factcheking» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Бұл семинарда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін жалған ақпараттармен күрес, деректерді тексеру, ақпараттық манипуляция мен шынайы ақпаратты ажырата […]