Ашаршылық зұлматы

Ауу-у-у. Түсімде ұлыған қасқырдың дауысынан қара терге түсіп, түн ортасында ұйқымнан шошып ояндым. Көз алдыма қою қараңғыда, қырдың төбесінде екі көзі оттай жанған түз хайуанының сұлбасы келді, шөккен бойы айға қарап ұлып отырған. Бойымды бір  қорқыныш сезімі басты, суық терге түскен мен мұны неге жорырымды білмей, «біссімілә – біссімілә»,- деумен болдым, қайта қайта…

Отызыншы жылдардың аяғы. Жапан дала миллиондаған боздақтардың ақ сүйегіне толған, қазақтың басына ақырзаман кезеңі келген, қасірет толы заман кезі …

Сарыарқаны жайлаған аштықтан, жылы өңірлерге қарай көшкен қазақтарды  қалаларға кіргізбеуге қызыл әскер бекеттері құрылды. Енді ғана салына бастаған Балқаш қаласына да, өтіп кетпесін деген мақсатпен бірнеше қызыл әскер шатырлары орнатылған. Жол бойында пулеметтердің орындары көрінеді.

– Босқан қазақ қалаға ентелеп өтуге тырысса, Александр Иванович, сенің взводың екі жақтан пулеметпен олардың үстінен асырып оқ жаудырсын, тоқтамай ентелесе атыңдар,- деген тапсырмалар беріліп жатты. Әскер командирі, кордон шепті арнайы тексеруге келген комиссар Панфилов дайындықты мұқият тексерді. «Таптық жауларға» қарсы соғыс мектебінен өткен Иван Федорович, өте қатал адам еді. Әскери тапсырманы орындамаған кісіні атып тастауға да дайын. Шілденің  төбені тесердей шілінгір ыстығында, теріден тігілген киімін соңғы түймесіне дейін салып алған, беліндегі «портупеясында наганы» асулы.  Әрекетінде бір тағатсыздық көрінеді. Көзін Қарағанды жақтан келетін қыр жолына тігіп, қасқая қараған тұрысынан, сол жақтан келер деп күткен қауіпті жоюға дайын екендігі білінеді.

– Бір адам өтпесін, бір адам, түсіндіңдер ма,- деп қарсында тізілген взводқа дауысын шығара тапсырма берді.

Аспанға көтерілген шаң көрінді. «Қаратаудың басынан көш келеді, келген сайын бір тайлақ бос келеді»,- деген, Ақтабан шұбырынды зар заманының қайталануы еді бұл… Мың есе аса жойқын қатігездігімен қазақ елін аштықтан қырып салып, жер бетінен жоғалуына дейін алып келген комунистер зұлматы…

Шұбырған көштің басында кемпір – шал, жан-жағында ер азамат, ортада арбаларға мінгескен бала-шаға. Шөл мен аштық қысқан балалар шыдамай, шатырларға жүгіре жөнелген еді, «Стой, стрелять буду»,- деген жат тілді сөздерден тоқтай қоймаған балалар, төбеден ұшқан оқ дауысынан ғана шошып, жата қалды.

Әскери шатырларды айнала өткен көш көл жағалап, әрі қарай кете барды.

Наташа деген аспаз қатын – «мен, осыларға таңмын, қанша аш болса да тіленбей, үндемей өтіп кетеді. Намысты өздері. Бірақ, кейде түнде , тамақ шатырының қасынан өтерде, иіске келіп, аштықтан бұралған иттей өліп жатады. Жинап, бір шұңқырға көме саламыз,- деп  қасындағы қызыл сарбазбен әңгіме бастады, кетіп бара жатқандардың артынан көзін алмай…

90-шы жылдардың соңы. Бірнеше көлікке мінген жолаушылар (Кәрсөн – Керней руларының азаматтары) Балқаш көлінің жағасымен, «Соқырқой» маңындағы, кәмпескеден кейін орны ғана қалған Ағыбай батырдың ауылына жол тартты. Мақсаттары: ашаршылық кездерінде қыршын кеткен туыстарына арнап, тасқа аттарын қашап, ескерткіш қоюға ниеттенген. Тасарал, Күлшат ауылынан келген кісілер Ағыбай батыр ауылының қасындағы ескі мазарлар басына ескерткіш орнатып, түйелер құлатып кетпесін деген оймен әкелінген темір қоршауға жер қаза бастаған еді. Сонда ғана, жер қойнауына көмілген, аштық зұлматының қорқынышты іздері  алғаш шыға бастаған…  Кішкентай балалардың бас сүйектері…  Доғарыңдар! Ар жақтан үлкендердің дауыстары шықты. «Бұл ескі бейіттердің жан-жағының бәрі сүйекке толы, тоқтатыңдар»!- деген. «Ашаршылықта, осы жерден өткендер, өлгендерін осында қолдан келгенше жерлеп кете берген, көліктеріңді де алыңдар, мына алаңның бәрі үлкен бір қорым»,- деп қазуды тоқтаттырды. Қорымға деген қазақтың ежелден келе жатқан ерекше құрмет-қасиетін білдірген қариялар, жастарға ескерту жасады.

Жоңғар соғысында ерекше ерлікпен ел есінде қалған ұлы аталарымның бірі Таңыбай батыр қайтқанда, мәйіті қасиетті Түркістанға жерленген еді. Қожа Ахмет кесенесіне. Талай қазақтың ұлы хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары, тарихымызда жасаған жақсы істерімен белгілі, айтулы бабаларымыз сонда жатыр.

Кесененің жан-жағыда толған асыл ата-бабаларымыздың сүйектері, үлкен қорым еді. Алыстан көліктен түсіп, жаяу барып, қадір- құрмет көрсетер орындар. Сол жерді қазып, төңкеріп, «Шығыс Венеция»,- деп, тарихымызға жат, қолдан жасалған өзен мен қайық қойып, туристер аяғы таптайтын жерге айналдырдық. Ұлы Аталарымыздың, аруақты бабаларымыздың қасиетті соңғы мекендерін… Қасиетсіз қазіргі жаратылысымызды дәлелдей, паш ете… құн пішуге келмейтін, рухани жақұтымыз, бабалардың соңғы кесенелерін, қасиетті Түркістан жерін қорғай алмадық, бес тиынның құнына сатып…

Көкбөрі түске кіріп, айға қарап ұлып, түн ұйқымды бұзып енуі де, қасиетсіздік жайлаған барлығымызға  аталарымыздың аруақтарынан келген ескерту ме екен? «Тегіңді, жеріңді, дәстүріңді қорғап , қорған бола біл»!- деген…

Қазақ Елі, болашақ ұрпақ, бостандықтар мен Демократия үшін. 

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында

1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің

заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында

оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл

университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің

Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Сарбаздар отбасымен видеобайланысқа шығады

Сей Мам 23 , 2023
Оқылды: 614 ҚР Қарулы Күштері әскери полиция бас басқармасымен, әскери полиция органдарында «Өмірді сақта» құқық бұзушылықтарды алдын алу, ведомстваралық бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде бірыңғай іс-шаралар жоспарлар талабын орындау мақсатында, Қарағанды өңірлік Әскери полиция басқармасының жедел-ден қою бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлері апта сайын, басшылық құрамның белгілеген уақыты бойынша ата-аналарымен байланысқа […]