15 қараша Батырлар күні!
2019 жылы тұсауы кесілген Қазақ ұлттық күнтізбесі жобасында 15 қараша күні Батырлар күні болып бекітілді.Бұл күн қазақ батырларының елдің бүтіндігін сақтаудағы еңбектерін жас ұрпаққа паш етуге бағытталған. Осы күні 1915 жылы Ұлы Отан соғысында басқыншылармен күресте үлкен қажыр-қайрат көрсеткен, Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин дүниеге келді.Мәлік Ғабдуллин батыр ғана емес, сонымен қатар жазушы, ғалым – педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Ел намыс – ер намысы», «Қазақ эпосы», «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» және тағы басқа көптеген кітаптардың авторы. Қазақ батырлары туралы сөз болғанда ел мен жерді жаудан азат еткен халық батырлары есімізге оралады. Жалпы алғанда батырлар тарихи жадысы ұмытылмаған, рухы биік халықтан шығады. Олар ұлттық рухтың, ел мен жердің қорғаны. Қазақ қоғамындағы Батырлар институты қазақ халқының жоңғар, хиуа, қоқан шапқыншылығы және патшалықтың отарлық саясаты кезеңінде, Ұлы Отан соғысы мен 1986 жылғы қазақ жастарының ұлт мүддесін қорғауларынан айқын көрінді. Бұл ретте қазақ батырларының мұрасын дәріптеу аса маңызды екені даусыз.
«Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясының Қазақтың ұлттық күнтізбесі жобасы 2019 жылы қолға алынған. Қазақ күнтізбесін шығарудағы мақсат ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды жастарға насихаттау болып табылады. Осыған дейін Қазақ күнтізбесі шеңберінде Қазақ әдебиеті, Ұлт денсаулығы, Қазақ тарихы, Ұлттық ұран, Мемлекеттік тіл және тағы басқа мәні терең күндер аталып өтті.
Н.Сұршаұлы