http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Түркияда білімімді жоғарылату үшін оқып жүрген шағымда, таңның атысынан күннің батысына дейін, ана тілінде сөйлейтін түріктерге «қандай бақытты екендеріңді білмейсіңдер»,- деуші едім. Сол кездер советтік-коммунистік жүйенің қазақты кеңірдегінен алып тұншықтырып, тілімізді жұлуға аз қалған шағы еді. Ағайын түріктер менің айтқан сөзіме таң қала, озбыр,»рус» империясының түркі халықтарының көзін құртуға бағытталған аяусыз саясатын жек көре, түсінгендей болушы еді. Сонда да толық түсінулері мүмкін емес еді. Себебі, тілімізден айрыла жаздаған жайымызды толық мәнде түсініп, сезінетіндей олар да біз сияқты совет үкіметінің ашаршылық қырғыны, ел арыстарының атылуы, қазақ мектептерінің жабылуы сияқты репрессиясын көрмеген еді. Мұндайды көрмеген, білмеген түрік ағайын осы жағынан да бақытты. Басқа бір елдің отары болған біздің жанымыз бен тәнімізде жазылмаған жаралар әлі де сыздайды.
Сол әңгімеден отыз жылға жақын уақыт өтсе де, жүзге жақын ұлт өмір сүретін түрік елінде бәрінің бір тілде сөйлесіп, бөлінбей өмір сүріп жатқандарына әлі де қайранмын. Сіздер өте бақытты елсіздер – қадірлі түрік ағайын! Таңның атысынан күннің батысына дейін теледидарда, радиода, сауда үйінде, банкіде, мектепте, университетте, базарларда күмбірлеген ана тіліңіз естіледі.
Түркиеден еліме қайтып, орысша сөйлескенімде, кейбір ағайын бір түрлі қарап, «оралмансыз ба»,-деп сұраушы еді. Орысшаны өте жетік білетін едім, бірақ орысша акцентпен сөйлесетін болыппын.
Бір ғажабы, қазақ тілімен тамыры бір түрік тілі, менің ана тілін қолдануымды қазақшаландырған екен. Бұрын орыс тілін жетік білуге тырысып-ақ едік. Қазір болса өз тілімізге қазақтың өзін үйрете алмай шамданамыз. Билік басындағы шенділерге, тілін үйренгісі келмейтін өз қандастарымызға, басқа ұлт өкілдеріне.
Қыркүйектің бесі-Қазақстан тілдерінің мейрамы. Құттықтайын десем тамағымды бірдеңе қысып, аузым ашылмай, тілім күрмеліп отыр. Мемлекеттік символдардың негізгісінің бірі – әнұран. Сол әнұранымыз жазылған мемлекеттік тілдің бізден басқа жүз отыз тілдің қатарында тойлануы әділетсіздік емес пе, осы? Егерде қазақ тілі арнайы шат-шадыман мейрам ретінде тойланар болса, қадірленсе, қазіргідей өзінің шаңырағында табалдырыққа жақын отырған күйді кешіруі мүмкін бе еді?
Сондай «Ана тілі» күнін белгілеп, Түркиеде өтетін кітап жәрмеңкесіндей шаралар өткізіп, қазақ тілінде жазылған кітаптарды сатып, жарнамалауға болмас па еді? Біздің ана тілімізді өсіретін арнайы күн белгіленбесе, қазақша кітап жәрмеңкелері өткізілмесе, қазіргі Меломан кітап дүкендеріндегі Махмут Қашқаридің қазақша жазылып, екі жүз елу теңгеге бағаланған кітабы сияқты алушысын таппай, әдебиет оқушысын өсірмей»ергежейлі» бойымен тағы отыз жыл қалуы мүмкін ғой.
Арнайы қазақ тілі күні аталып өтетін болса, халықтың өзіне деген қадірі артып, ел басшыларына деген реніші кетіп, мемлекетіне деген сый-құрметі, сүйіспеншіліктері жүректерінің түбінде орын алар еді. Біз де түріктер сияқты ана тілімізде таңертеңнен кешке дейін әр жерден әндетіп, күркіреп, домбыраның даусындай күмбірлегенін қалаймыз.
Егерде билік қазір сыртқы және ішкі ахуалға байланысты Ата заңдағы тіл мәртебесін көтеруге жағдайы болмай, тек қазақ тілін қолданысқа енгізе алмай отырса, оны да түсінеміз. Еліміздің «ұлттық пәтерлерге» бөлінуіне қарсымыз, мүдделі емеспіз. Бірақ, тілдің деңгейі мен мәртебесін көтеру үшін» Қазақ тілі» күнін жариялап, арнайы демалыс беріліп, жоғарыдағы ұсыныстарды енгізіп, кинотеатрлар мен телеарналардан қазақша фильмдер көрсетіліп, сурет көрмелері ұйымдастырылып, қазақ елін дүр сілкіндіріп қуантуға болар еді. Бұл шараларға қатысатын басқа ұлттардың да, мемлекеттік тілді үйрену қызығушылықтарын, еш күмәнсіз арттырар еді. Мемлекеттік қазақ тіліміз мәңгі жасасын, ағайын.
Қазақ елі, болашақ ұрпақ, бостандық пен демократия үшін!
Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.
Сайтымыздың тұрақты авторы.