«Дубовка» ауылына тарихи атауы беріле ме
Бұл не атау? Білмедім?!
Жылап алдым, күлмедім!
Өскелең мынау ұрпаққа
Бұл жайлы не айтам!?
Білмедім!
Тарих бетінен санамалап, ақтардым
Оқыдым ескі, шаң басқан хаттардан…
Дубовицкий Абрам деген келімсек
Жер аударып, келген екен сырт жақтан.
«Қаракөл» оның бұрынғы атауы,
Кімге? Неге? Ұнамады атауы?
Табиғаттың бір бөлшегі емес пе!?
«Қаракөл» деген кімге мүмкін жақпауы?
Ата-баба ұран еткен,
Ұлан -байтақ жеріміз
Азап өмір, көрсе-дағы
Аман қазақ еліміз.
Намыс оты бар ұландар,
Тапса екен шешімін.
Дубовка емес, берсе екен
Қаракөл деген есімін.
Қан аямай, жан аямай,
Күрескен жерін бабамның
Қастерлейік ауыл-өлке
Атауы мен қадамын!..
Өлең авторы: Кәмшат Танашева
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген игі іс атқарылса да, атқарылатын іс одан да көп. Бүгінде елімізде шешімін таппай келе жатқан мәселелер жетерлік. Сондай өкінішті жағдай– елді-мекен, көше, қала атауларының сонау кеңес кезіндегі саяси тұрғыда ескірген орысша атпен қалып, әлі де ауыспай келе жатқаны. Мысал ретінде, бір ғана Абай ауданына қарасты Дубовка ауылын алайық. «Дубовка» атауы 1909 жылы 10-ақпанда бұрынғы Ақмола уезі, Михайловка болысының құрамындағы Қаракөл учаскесіне берілген. Украинадан, Ресейден жаппай көшкен славян халықтары осы жерді мекендей бастағаннан осынау атау түбегейлі бекіген екен. Славян тектес халықтың бұл өлкеге көптеп шоғырлануы «орысша атаудың» осы уақытқа дейінгі сақталуына толықтай ықпал жасап келді. Ал неге осындай атау берілді?- деген сұраққа көпшілік әр түрлі пікірлер айтады. Бірі «осы ауылда Абраам Дубовицкий деген халыққа, ауылына еңбегі сіңген, елеулі адам болған»,- дейді. Ал тарихшы Темірғали Аршабеков ағамыз мынадай себебін айтты:
– сол кезеңдерде Украина, Белоруссия, Ресейден келген ұлттар өздері қай губерниядан көшіп келсе, (туған жерін ұмытпас үшін болар) сол губернияның атауын беріп отырған. Өздері сондай дәстүр қалыптастырған. Дубовка селосының әкімшілік құрамы аудан алғаш құрыла бастаған кез, яғни 1931 жылы аудан құрамына енген. Сол кездегі атауларды қарастырып көрсек, Михайловка, Вольный, Дубовка, Зеленая Балка, Колхозный, Узинка секілді атауларды алып қарасақ та бірде-бір қазақша атаудың болмағанын көреміз. Мұның барлығы кеңестік идеологияның кері әсері, – деп сөзін қорытындылады.
Бұл мекеннің тарихи атауы – «Қаракөл». «Қаракөл» топонимінің тілдік мағынасына келер болсақ, түрік тілінде «көзді көл» деп кездесетін мағынасы да бар. Осындай ерекше мағынасы бар тарихи атауды қайтару үшін жауапты мекемелерден алынған мәліметтерді де саралап көрейік.
ХХ ғасырда славян халқы көптеп көшіп келгенін жаздық. Ал қазіргі кездегі Дубовка ауылында қанша адам тұрады? Оның қаншасы қазақ, қаншасы өзге ұлт деген сұрақтарға жауапты жергілікті елдімекеннің әкімшілігінен алдым. 2019 жылы жүргізілген есеп бойынша Дубовка ауылында 4 111 адам өмір тұрып жатыр екен. Оның 1 605-і қазақ, 1 521-і орыс, 271- украин, 242-неміс және де 472 өзге ұлт өкілдерінің өмір сүретіндігі жайлы мәлімет берді. Көріп тұрғанымыздай, мұндағы халықтың басым бөлігі қазақтар. Дегенмен славян тектес ұлттарды қосып есептесе көбірек. Оған қоса қазақ тіліне мән бере қоймайтын, ауыл атауын өзгертуге құлықсыз қазақтар да бар. Осы мәселелер бойынша, Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Эльмира Ахметжановаға хабарласып, жауап алдық.
-Аудан бойынша соңғы 3 жылдың ішінде жүзден астам көше атауын өзгерттік. Бүгінгі басты міндет – тарихи атауларды қалпына келтіру. Сондықтан «Қаракөл» тарихи атауын қайта атау жұмыстарын 100 пайыз қолдаймыз. Жоспарда бар. Дубовканың байырғы атауы «Қаракөл» екендігі туралы да архив құжаттары мен дәлелдер жеткілікті. 2020-жылдың ақпан айынан бастап жалпы республикалық санаққа байланысты қайта атау жұмыстарына уақытша мораторий жарияланды. Президент әкімшілігі тарапынан қайта атау жұмыстарын бастау туралы арнайы тапсырма келген бетте жұмыстар басталады. Негізі елдімекен атауын қайта атау жұмыстары үшін арнайы алгоритм бар. Тиісті заңнамалар аясында жұмыстар қарастырылған, ең алдымен көпшілік қоғамдық тыңдау, одан кейін аудандық мәслихат, сосын облыстық комиссия, ең соңы мемлекеттік тіркеу жұмыстары жүргізіледі,-деп жауап берді. Ал тұрғындардың көпшілігі ауыл атауын ауыстыруға қарсы шығуы мүмкін бе? деп сұрап едік. Оған былай жауап берді:
– әрине, дау туғызары анық. 2018 жылы Дубовкада көше атауын өзгертуге ұсыныс түскенде, көпшілік қарсы болып, (Советская-Тәуелсіздік) 1 ғана көше атауы әрең өзгертілді. Әлі де көше атауларын қайта ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, «50 лет Казахстана», «Ленина», «60 лет СССР», «Октябрьская» және т.б. Дегенмен тарихи құжаттар сайрап тұрғанда, оларда еш қарсылық болмауы керек».
Ономастикалық заңға»Елдімекендердің ежелгі атауы ешқандай тыңдалымсыз, қайтарылу керек» деген бапты енгізетін уақыт жеткен секілді. Әйтпесе елімізде осындай қаншама атау бар екені, әмбеге аян. Дубовка ауылының бұл мәселесі жабулы қазан күйінде қалмай, алдағы уақытта ежелгі тарихи «Қаракөл» атауын қайтару мақсатында ел болып жұмыла кіріссек, бір шешімі табылар. Ол үшін тарихшылар, әкімшілік өкілдері, ономастика мамандары, жаппай халық болып табанды түрде бірлесе жұмыс атқарайық. Бәлкім, сонда бұл мәселенің де шешімі табылар деген үміттеміз.
Еркежан Қабыкен
Абай ауданы, Дубовка ауылы