Министрлерге сенатордан сұрақ

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

Е.З.ТҰРҒЫМБАЕВҚА

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі

А.Қ. АЙМАҒАМБЕТОВКЕ

 

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Бізді, сенаторларды, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қатты алаңдатады.

Жуырда Қазан мен Пермьдегі оқушылардың қайтыс болуына байланысты орын алған қайғылы оқиға білім беру мекемелерін қорғауға аса жоғары көңіл бөлу керектігін көрсетті.

Өкінішке орай, бұл тұрғыда бізде де кемшіліктер жетерлік.

ҚР «Күзет қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес күзет қызметін тек тиісті лицензиялары бар заңды тұлғалар ғана көрсете алады.

Білім беру мекемелерін күзету үшін, мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдалады. Әрине, бұл конкурстарда ең төменгі баға ұсыныстарын берген жеңіске жетеді.

Нәтижесінде, ең төменгі бағаны қойып жеңген күзет компаниясы барынша пайда алу мақсатында қарамағындағы күзет қызметкерлерінің жалақысы мен олардың шығындарынан үнемдейді.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін осындай күзетшілердің ай сайынғы жалақысы негізінен 70-100 мың теңгеден аспайды.

Тәртіп сақшыларының мұндай жалақысымен білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?

Университеттердің ректорлары, мектептер мен колледждердің директорлары «жалақының төмен болуына байланысты қауіпсіздік қызметінде  негізінен зейнеткерлер және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар жұмыс істейді» деп шағымдануда. Олар тіпті біліктілік талаптарына сәйкес рациялармен, құқық бұзушыларды ұстау үшін арнайы құралдармен де қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, бірқатар жоғары оқу орындарында күзет қызметі университеттердің штаттық қызметкерлеріне (вахтерларға, бақылаушыларға) жүктелген. Бірақ олардың лицензиялары жоқ, сол себепті қолданыстағы заңнамаға сәйкес күзет қызметін атқара алмайды.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты осал екенін көрсету үшін, мынадай мысал келтіргім келеді.

Студенттердің бастамашыл тобы Нұр-Сұлтан қаласындағы университеттерді аралап, олардың күзет қызметінің сапасын тексеру бойынша эксперимент жүргізді. Бөтен, яғни бұл жоғары оқу орындарында оқымайтын, адамдар осы тексерілген 12 университеттердің 10-на кедергісіз кіріп шыққан. Олардан тіпті ешкім рұқсат құжаттарын да сұрамаған.

Бұл – елордалық жоғары оқу орындарындағы жағдай, ал өңірлерде не болып жатыр?

Мекемелерді қорғау жөніндегі заңнаманың талаптарын күшейттік, оқу орындарындағы қауіпсіздік қызметін ретке келтірдік деп есеп береміз, бірақ іс жүзінде мәселе түбегейлі шешілмей тұр.

Еліміздің оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйесіндегі проблемаларға бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Өйткені таразының басында – біздің балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр.

Уәкілетті мемлекеттік органдарға осы саладағы істердің нақты жағдайына сыни талдау жүргізуді және күзет қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді, жұмысқа кәсіби кадрларды тарту және қазіргі заманғы цифрлық технологияларды, оның ішінде бейнемониторинг пен бейнеталдауды пайдалану арқылы еліміздің білім беру объектілерінде қауіпсіздік  жүйесін түбегейлі қайта қарауды ұсынамын.

Өз кезегінде, біздер, Сенат депутаттары, бұл жұмысқа заңнамалық деңгейде белсене қатысуға дайынбыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден депутаттық сауалға заңда көзделген мерзімде жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен, А. КҮРІШБАЕВ
  Л. СҮЛЕЙМЕН
  Е. МАМЫТБЕКОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

QazForum-2021

Жұм Қаз 22 , 2021
Оқылды: 764 Нұр-Сұлтанда “QazForum-2021” қазақ тілінде онлайн–контент жасаушылардың V форумы өтеді.2021 жылы 5 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Медиа кеңестіктің жаңа келбеті» қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы өтеді.   Форумға жыл сайын қазақтілді БАҚ саласындағы ең үздік сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайттардың бас редакторлары жиналып, жергілікті және шетелдік спикерлермен кәсіби тәжірибе алмасады, сондай-ақ бейресми кездесулер өткізеді. Биыл Форум аясында «Соңғы 30 жылдықтағы қазақстандық БАҚ пен қоғам», […]