Отанға қызмет еткен – Қарағанды әскери техникалық мектебі

Биыл Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды филиалына 25 жыл толып отыр. Бұл – ширек ғасырлық тарих, бұл – мыңдаған жастардың азаматтық борышқа адалдықпен дайындалған жолы, бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын әскери-патриоттық тәрбиенің мектебі.

Қарағандыдағы әскери-техникалық білім беру ісінің бастау көзі 1948 жылға барып тіреледі. Сол жылы аймақтық мотоклуб негізінде құрылған Қарағанды автомотомектебі кейін 1958 жылы Техникалық мектеп дәрежесін иеленді. Ұлы Отан соғысының ардагері, көптеген орден-медальдардың иегері Борис Кривогуз алғашқы басшы ретінде мектептің іргетасын қалап, білім мен тәрбие берудің үздік үлгісін көрсетті. Ол 1986 жылғы Техникалық мектеп директорының №15 бұйрығымен Құрмет кітабына енген тұлғалардың қатарынан орын алды. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіз ел болған соң, ел қорғанысын нығайту үшін жаңа құрылымдар қажет болды. Осы қажеттілікке сай 2000 жылғы 13 маусымда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің №160 бұйрығына сәйкес, «Әскери-техникалық мектеп» құрылып, Қарағанды филиалы өз жұмысын бастады. Ол бұрынғы Қарағанды техникалық мектебінің толық құқықтық мұрагері болып танылып, әскери-техникалық мамандықтар бойынша жастарды даярлау ісін жалғастырды. Мектептің басты міндеті – азаматтарды әскери-техникалық мамандықтарға дайындау және қайта даярлау, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында даярлықтан өткен әскери резервті қалыптастыру. Кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да Қарағанды филиалы ұлттың қорғаныс қабілетін нығайту жолында аянбай еңбек етті. 1982 жылғы 5 қарашада КСРО Қорғаныс министрінің №481 бұйрығымен мектепке әскери-патриоттық тәрбиедегі жоғары үлесі үшін Кеңес Одағының Батыры, Қарағанды өңірінің тумасы Мартбек Мамраевтың есімі берілді. Бұл атақ – ұжымның табанды еңбегінің тарихи бағасы еді. Филиалға әр жылдары басшылық еткен тұлғалар да бұл мекеменің дамуына сүбелі үлес қосты. 2000 жылдан бастап бүгінге дейін мекемені басқарған азаматтар: Бекмуратов Евгений Жуматаевич (2000–2010 жж.), Сурин Евгений Юрьевич (2011–2013 жж.), Давидовский Дмитрий Данилович (2013–2019 жж.), Жантасов Амангельды Темиржанович (2019–2021 жж.), Сулейменов Темирбек (2021–2022 жж.), Каймульдинов Амангельды Мереевич (2022–2023 жж.), және қазіргі басшы — Абдрахманов Елдос Гайнитдинович. Қарағанды филиалы – тек білім ордасы емес, сонымен қатар Отан алдындағы борышты терең сезінетін азаматтарды тәрбиелеудің орталығы. Бұл мекемеде тәрбиеленген көптеген азаматтар ел мақтанышына айналды. Солардың қатарында – Қазақстанның Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, екі мәрте ДОСААФ Құрмет белгісімен марапатталған, парашют спортының шебері Виктор Иванович Журавлев бар. Олардың өмір жолы – бүгінгі жас сарбаздар үшін үлгі, бағыт, болашаққа сенім.

Бүгінде филиалдың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында мектеп директоры Абдрахманов Елдос Гайнитдиновичпен арнайы сұхбаттастық:

Елдос Гайнитдинович, мектептің 25 жылдығы құтты болсын. Бүгінгі күндегі филиал жұмысы туралы айтып өтсеңіз?

Рақмет. Бұл – ұжым үшін ғана емес, бүкіл облыс үшін маңызды дата. Өйткені біздің мектеп – жай ғана оқу орны емес, ол – әскери рухты, патриоттық тәрбиені қалыптастыратын маңызды құрылым. Бүгінде біз Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бекіткен бағдарламаға сәйкес, әскери-техникалық мамандықтар бойынша жастарды оқытып, қайта даярлап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кадрлар қорын қалыптастырып келеміз. Жыл сайын жүздеген бозбала бізден білім алып, әскер қатарына сапалы дайындықпен аттанады.

– Әскери дайындықпен қатар, тәрбиелік бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі?

Біз үшін әскери дайындықпен қатар, тәрбиелік жұмыстардың мәні зор. Жастарға Отанға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті, тәртіп пен тәртіптілікті үйретеміз. Көптеген патриоттық іс-шаралар өткізіледі, соғыс ардагерлерімен, әскери қызметін өтеп келген азаматтармен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл – жастардың бойында рухани жігер мен ерлік қасиетті тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Мектепті заман талабына сай одан әрі жаңғыртып, оқу-тәрбие процесін жетілдіру жоспарда бар. Материалдық-техникалық базамызды күшейтіп, заманауи технологияларды енгізіп жатырмыз. Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жаңа оқу бағдарламалары енгізілуде. Сондай-ақ, халықаралық әскери-патриоттық жобаларға қатысуды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз – Отанын сүйетін, жоғары білімді, тәртіпті, заманауи сарбаздарды даярлау.

Қарағандыдағы Әскери-техникалық мектеп – ел қорғаудың қасиетті ісі жолындағы ұлағатты мектеп. Ширек ғасырда бұл мекеме мыңдаған жас ұрпақты тәрбиелеп, ел қорғанының мызғымас бөлігіне айналды. Алда талай белес күтіп тұр. Бірақ Отан алдындағы адалдық пен жауапкершілік – бұл мектептің мәңгілік бағдары болып қала бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Психолог сарбаздармен ерекше жағдайда тренинг өткізді

Бей Там 21 , 2025
Оқылды: 461 Қарағандыдағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінде сарбаздар ерекше форматтағы күнді өткізді. С-300 зениттік-зымырандық дивизионында танымал психолог, тұлғалық даму кеңесшісі Мария Григориади мотивациялық тренинг ұйымдастырып, сарбаздардың рухын көтеруге бағытталған ойындар мен жаттығулар өткізді. Осы іс-шараның барысы туралы толығырақ білмекке Мария ханыммен шағын сұхбат құрған едік. […]