Қарағандыда Ленин атауымен қашан қоштасамыз

Қарағанды жұрты биылғы қаңтарда «орыс тіліндегі атауы ескіріп, мағынасын жоғалтқан көше атауларын өзгертеміз» деп бір дүрліккен еді. Шынымен де кеншілер қаласында кеңестік дәуірді еске салатын Октябрь, Коммунистер, Ленин деген атаулармен қоса, Бабушкина, Кувская, Защитная, Кочагарька деген мағынасы ескірген көше атаулары өте көп. Шынын айту керек, кеншілер қаласында қазақша көше атаулары өте аз. Қаланың орталық көшесіне қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан  Ленин көшесінің атауын өзгертуге осы уақытқа дейін Қарағанды билігінің жүрегі дауаламаған. Өйткені «қаланың  дамуына үлес қостық» дейтін бұрынғы коммунистер барынша қарсылық танытып келді.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Осы жылы Қарағанды билігі мағынасы ескірген көше атауларын ауыстыруды жөн деп шешіпті. Шенділердің мұндай байламға келуіне көше атын өзгертуге ниет білдірген тұрғындардың өтініші де әсер етіпті.  Атаулары өзгертілуге жататын 10 көше таңдап алынып, қаңтар айында қоғамдық тыңдау өткізілген еді. Осы көшелердің тізімінде Ленин көшесі де бар. Коммунистер көсемі атындағы  көшеге  ұлы Абайдың атын беру жоспарланған. Көше атауларын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдауға 1000-нан астам тұрғын қатысып, олардың басым бөлігі ескірген көше атаулары ауыссын деп дауыс берген.  Енді соңғы шешімді республикалық ономастика комиссиясы шығаруы тиіс болатын. Алайда бұл комиссия «биыл көше атауы өзгермейді» деген шешім қабылдапты.

   Қоғам белсендісі, қарағандылық Жексен Әбдірахманов «ана тілін білмесе де, билікте отырған ықпалды адамдар бұған жол бермей отыр» деп есептейді.
«Бізде өз ана тілін білмейтін, сөйте тұра министр болып жүргендер көп. Оларда ұлттық рух, намыс деген мүлдем жоқ. Ономастика комиссиясы батыл шешім қабылдай алмайды. Оларға қазақ тілін білмесе де, билікте отырғандар ықпал етіп, көше атауын өзгертуге жол бермей отыр. Енді не істеуге болады? Қыста 10 көшенің атын өзгертеміз деп қанша жанталастық, соның барлығы бекер болғаны ма?! Мемлекеттік тіл деңгейін көтере алмай шаршадық», – деп мәлімдеді қоғам белсендісі Жексен Әбдірахманов.

Жұрт күткен жаңалықтың биыл жүзеге аспауына ономастикалық комиссия алда өтетін халық санағын себеп қылып отыр.
«2020 жылы Қазақстан Республикасында өткізілетін ұлттық санаққа байланысты ономастика жұмыстары уақытша тоқтатылды. Осыған орай, республикалық ономастикалық комиссиясына ұсынылған 10 көшенің атауын ауыстыруды қарастыру кейінге шегерілді», – дейді Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы  Баян Нұртаева.
Дегенмен қоғам белсенділері 10 көшенің атауын өзгерту «жабулы қазан жабулы» күйінде қалмас деп үміттенеді. Осылайша кеншілер қаласында  Абайға арналған бір көше әзірге ескі атауымен аталады.

Арайлым ЕРКЕБАЕВА, Қарағанды 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркияда тойды қалай өткізеді

Жек Мау 21 , 2020
Оқылды: 2  924 Мен Түркияда жұбайыммен бірге түріктердің бір-біріне ұқсамайтын екі тойында болдым. Бір тойға барғанда еркек-әйел бөлек отырды. Келіншегім әйелдер жағына кеткен соң, той біткенше хатунымды көрген жоқпын. Ерлер жағындағы салонға кірсем, қонақтар төрт-бес кісі сиятын  дөңгелек үстелдерде отыр екен. Мен де тойға шақырған түрік жолдасыммен бірге отырдым. Музыка жоқ, […]