Бұл заманның «Мәдилері» қайда жүр?

Қарағандыда Бақытжан Жансейітов ағамызды 272/4-баппен айыптап жатқанын, егер осы бап тағайындалса, 10 жылға сотталатынын Айтқожа ағамыз жазды. Бақытжан ағамен талай кездескенмін. Бәкең «ұлтқа қызмет етсем»,- деп жүргенін талай естідім. Болатбек Тоқмырза аға екеуі белсенділігі үшін 15 күндік абақтыға, бір ұйымның жиынын өткіземіз,-деп Бөкеңнің жындыханаға да жатып шыққанын білемін. Ол кісілердің ұйымының немен айналысатынын білмедім. Бірақ екеуі де «елім» десе жанын қиюға дайын азаматтар. Яғни бүгінгі күннің Мәдиі, Зоросы, Робин Гуды.

Болатбек Тоқмырза

Бұл жігіттер Қабанбай мен Бөгенбайдың заманы болса, ту ұстап жүретін жігіттер ғой, шіркін! Сондықтан қарағайға қарсы біткен бұтақтай көрмегені жоқ. Болатбек аға жайында ертеректе естіп едім: Жастау күнінде «Қарағандыға келгенінде, орыс тілін білсе де, дүкеннен тек қазақ тілінде ғана саудаласып, нан алып келетін», – деп. Ол кезде Қарағандыда қоғамдық орындарда орысша сөйлей алмай қалса, «колбит», «идиот», – деп өзге ұлт өкілдері адам қатарынан шығарып тастайтын.

Бөкең және қаншама журналисті, ел азаматтарын тәрбиелеп шығарған, ұлттың рухын оятатын хабарлар дайындаған, өзі де сол жолда аянбай еткен Мартбек Тоқмырза ағаның інісі, сол тәрбиені көрген адам.

Ал Бақытжан аға кешегі күні Қарағандыда армян жастары мен қазақ жастарының арасындағы қақтығыста қаза болған Рақымжанның әкесі. Бүкіл қазақ жұрты Бәкеңді солай таниды. Бәлкім, Бәкеңді де ұлт үшін жүгіртіп, мазалап жүрген сол Рақымжанның рухы болар.

Сол ереуіл – сол кездегі Қарағанды жұртының ел екендігін сездірген, Совет үкіметінен қалған биліктің басқару тәсілін тас қамалын бұзған, басшылардың рухын оятқан, елдің сөзін сөйлеткен еді.

Ел деп шырылдап жүрген Рақымжанның әкесін соттап, ескі жараны қозғап, сол жағдайды қайта туындатпайды деп билік басындағыларға сенім артайық. Енді сондай өршіп тұрған шуды ың-шыңсыз басқанда, бейбіт күнде ел азаматын соттау идеологтарға сын болар? Бақытжан, Болатбек ағалар неге заңсыз ұйымға кіреді? Себебі ол кісілер әділдік іздеп, қоғамның қателігін түзеткісі келеді. Әрине, бүгінде құр айғай-аттанмен реформа жасалмайды. Алайда ол кісілерге дұрыс жол көрсете алмаған, мүмкіндігін дұрыс, пайдалы істерге пайдалана алмаған басты кінә екеуінде емес, идеологтарда болар. Басшылық тарап, екеуін жауапқа тартып жатқан жауаптылар қазақтың дәстүрін, шынайы жағайды түсінбеген соң, күштік құрылымдарға жүгінеді. Яғни өздері әлсіздік танытып отыр. Елім деген азаматтарды абақтыға жабу, Ресейдің ықпалынан, бодандық қамытынан, чекистер іргесін қалап кеткен коммунистік ескі жүйеден шыға алмағанымыздың көрінісі сияқты көрінеді. 

Құнанбайдың айтқаны бар еді: «Ел ішіндегі алуан істерде шешім шығарарда, қазақтың дәстүріне, шариғатқа және орыстың заңына сүйенемін. Ол істің барысы осы үшеуіне де сәйкес келмесе, тиісті жаза тағайындаймын» деген. Сондықтан бүгінгі идеологтар еліміздің заңын ғана білмей, жағдайды дұрыс сараптай алатын және қазақтың дәстүріне де жетік болуы керек.

Қазір сотта жеңіліп, әділдік іздеген жандар көбейіп кетті. Себебі құқық қорғаушылар ақшаға сатылады, тамыр-таныстық басым және істі психологиялық, әлеуметтік тұрғыда қарап, неге ондай істерге барғанын індетпейді. Бір бапты тағайындап, үкім шығара салады, болды. Ол жігіттер неге аласұрып жүр, неге абақтыға апаратын жағдайға ұмтылады – негізгі себептері бар ғой. Оны ешкім зерттеді ме?

Қазір онсыз да түрмеде адам көп, оларды асырау мемлекетке экономикалық шығын келтіріп отыр. Оған қоса, түрме адамды түзетпейді, керісінше қылмыскер қылып шығармай ма? Қазақ елінің билері түрмесіз-ақ телі-тентекті екі ауыз сөзбен орнына қоятын данагөй еді. Сол бабаларымыздың игі дәстүрін бүгінгі билік басындағы білімді де, білікті идеологтар неге қолданбайды?

Белгілі журналист Әйгерім Тілеужанды соттаған сотта Әйгерім айтып еді: «Мен тұтқын емеспін, еркін адаммын. Ойымдағыны ашық айта аламын. Нағыз тұтқын, ойы, тілі құрсауда қалған сіздерсіздер. Шындыққа тіке қарай алмай, жоғарыдан келген бұйрықты ғана орындайсыздар», – деген мағынада. Осы сөз шындық сияқты. Ол жігіттер шындықты айтып жүр ғой. Осы жағдайға жеткізіп отырған басты қылмыскерлер кім? Керісінше, елім деген азаматтардың мүмкіндігін игі істерге неге пайдаланбасқа? Осындай азаматтарды түрмеге тоғыта берсек, елдің жоғын кім жоқтайды, ақиқатты кім айтады? 37 келмеске кеткен еді ғой әлде ізбасарлары сол істерді жалғастырғысы келе ме? 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жарқын жол – елге адал қызмет

Сей Шіл 8 , 2025
Оқылды: 213 Қазіргі таңда елімізде отансүйгіш, білімді әрі жан-жақты дамыған жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Қарағанды облысының тумасы, жас маман, фельдшер, кіші сержант Толғанай Баделханқызы. Әскери медицина саласында адал еңбек етіп жүрген жас арудың өмір жолы – еліміздің болашағына сенім ұялататын жарқын мысал. Толғанай Баделханқызы 2004 жылдың 12 […]