Екінші қазан – Қазақ ғарышкерлері күні

 

Қазақ баласының ғарышты бағындырғанына 30 жыл!

1955 жылы қазақ даласында Байқоңыр ғарыш айлағының іргесі қаланды. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан ғарыш алаңы осы күні де адамзаттың қажетіне жарап келеді. Ал бүгінгі 2 қазан күні тура 30 жыл бұрын қазақтың қайсар ұлы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров осы Байқоңырдан ғарышқа сапар шеккен болатын. Бұл қазақтың ұлттық тарихындағы орны ерекше күн болып табылады.
Тоқтар Оңғарбайұлы 1969 жылы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін бітірді. 1969 – 1975 жылы Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болып қызмет етті. Ал 1975 – 1976 жылы Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, 1979 жылы Мәскеу авиация институтын тәмамдады. 1976 – 1992 жылы Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңына «МиГ-29к» реактивті ұшағын қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышкерлер құрамына алынды.
Ғарышқа сапар
1991 жылы Тоқтар Әубәкіров Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында әзірлігін бастап, «Союз ТМ» ғарыш кемесінде және «Мир» орбиталды кешенінде сынаушы ғарышкер-ұшқыш жылдамдатылған машықтану бағдарламасынан өтті. 1991 жылы қазанның 2-де Тоқтар Оңғарбайұлы зерттеуші ғарышкер есебінде, Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибек, «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты. Апта бойы ғарышкерлер «Мир» орбиталды кешенінде жұмыс істеп, 1991 жылы қазанның 10-ында «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Жерге қайтып оралды. Ғарышкерлер ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Ғарышқа сапар барысында ғарышкерлер биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі мен зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін, жұлдызды аспанды зерттеу жұмыстары да ойдағыдай өтті.
Қазақтың ұлттық тарихындағы елеулі оқиға болып табылатын 2 қазан күні Қазақ күнтізбесінде Қазақ ғарышкерлері күні болып белгіленді. Біз қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлын ғарышқа көтерілгеніне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз.
Н.Сұршаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жас кәсіпкерлер арасында әлеуметтік жоба

Сей Қаз 5 , 2021
Оқылды: 168 1 қазанда жас кәсіпкерлер арасында әлеуметтік жоба авторларының әлеуетін ашуға және қолдауға бағытталған «3.2.1. Старт!» жобасының жетінші маусымына өтінімдерді қабылдау басталады. Қатысушылар оқытудың мазмұнды инкубациялық бағдарламасынан өтеді, содан кейін үздік идея авторлары өз бастамаларын іске асыруға грант алу мүмкіндігіне ие болады. Жоба авторлары БҰҰ-ның тұрақты дамуының 5 жаһандық […]