Елімізге жаңа басқару жүйесі қажет

Өткен конститутциялық реформа қоғам ішіндегі бірнеше маңызды мәселеге жауап бере алмады. Алғашқы болып шешілуі тиісті аса маңызды жағдай – билік пен басқарудың парламентаризм тармағының күшейтілуіне байланысты еді. Бұл – қоғамда көптен күткен, саяси партиялардың жылдар бойы парламентке ұсынған түбегейлі өзгерістері мен жобаларының ең маңыздысы болатын.

Биліктің үш тармағының (өкілетті орган, атқарушы орган және сот жүйесі) ішінде өздерінің маңызды, өкілетті функцияларын орындау мүмкінідіктері шектелген, құқықтық мүмкіндіктері аз мемлекеттік құзырлы мекеме – Парламент және оның жергілікті бөлімдері – маслихаттар еді. Соңғы отыз жылдық бір ғана партияның «гегемонист» саясатының нәтижесінде, мәжіліс үкіметтің дайындаған бағдарлама шығындарын – бюджетті ғана қолдайтын «статист» органға айналды. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның Парламенттік Республикаға бет бұруын көпшілік үздігіп күткен еді. Яғни, мемлекет басқару жүйесінде, жартылай Парламенттік, жартылай Президенттік деп аталатын, дамыған Еуропа елдерінде сынақтан өткен, тиімді басқару жүйесі бар. Парламенттегі көпшілік орынды қалыптастырған партия немесе бірнеше партияның кооалициялық бірлігі үкімет құрып, Премьер министірді белгілеп – Парламентке ұсынады. Парламент дауысқа салып, үкімет пен кабинетті сайлайды. Мұндай жүйеде Президент мемлекет басында болса да, тек ресми, көбінесе мемлекеттік хаттама функцияларын орындайды. Ал барлық мемлекеттік басқару жүйесі Премьер-министрдің құзырында және ол – елдің ішкі-сыртқы саясатына жауап бере алатын, тиісті міндеттерді орындау үшін толық және жеткілікті құқығы бар үкімет басшысы. Қазіргі біздегідей, Президент артына тығылып, жауапкершілікті мойнына ала алмай, еркін әрекет ете алмай, не бітіргенін қоғам білмейтін, қауқарсыз-әлсіз үкіметіміздей емес.
Конститутциялық реформаның келесі маңызды мәселесі мемлекеттік символдар: ту, герб, әнұранның қасында басты құндылығымыздың бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі тұруы тиіс. Ал мемлекеттік бір тіл статусын әлсірететін кейбір баптар Ата Заңнан алынып тасталуы керек.

Әлемді символдар билейді,- деген ұғым бар. Сондай түсінікке ден қойсақ, Қазақстанның мемлекеттік символдары біздің мемлекеттік құндылықтарға ерекше мән беріліп, отандастардың санасында өшпестей сақталуы қажет. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік тіліміздің Ата Заңымыздағы қастерлі орнын төмендетіп, тағы біреуін қосақтап, шетел тілінің қолданысын кеңейту саяси екіжүзділік емес пе? Тіл дуализмі – түбінде саяси дуализм қаупіне жеткізбей ме? Қазақ тілді ортада өзге ұғым, орыс тілді ортада мүлдем басқа түсінік қалыптасып, екі ортада келеңсіздік туындамай ма? Ондай саяси дуализм позициясын әрі қарай сақтау мемлекет болашағына қауіпті емес пе? Екі тіл қоғамды екіге бөліп, жалған үміт – армандарды тудыруы да мүмкін ғой.
Біздің еліміз барлығымыз білетіндей, Ата Заңның баптарына негізделген – бөлінбейтін, унитарлық мемлекет. Ал тіл дуализмі қоғамды екі топқа бөлуге итермелейтін факторға ие, тек унитарлық мемлекет дейтұғын Конститутциялық заңға қарсы көзқарас. Мемлекетімізді бөлшектеу қаупінің негізін қалайтын тіпті, кейінгі кездері үдеген, сондай көзқарастарды қолдайтын, сыртқы және ішкі күштердің күшейуіне мүмкіндік берілуі қатты сезіліп, көрінетіндей.
Осыны түсінген отаншыл орыс, өзбек, түрік басқа да ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары бұл қауіпті түсініп, тіл саясатындағы нақтылықты, бірегейлік стандарт негіздерін енгізуді сұрап келеді. Мемлекеттік қазақ тілінің саяси-экономиқалық, әлеуметтік маңызын күшейту – уақыт күттірмейтін, қазақ халқынан басқа да, бізбен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің ортақ мүддесі. Мемлекеттік тілдің құдіреті – Конститутциямызда да, басқа да төменгі заң актілерінде де нақтыланып, бірегей стандарт жүйеге келтірілуі шарт. Қоғамның барлық бөлігі осындай тура, әділ шешімді биліктен күтіп келеді.
Конститутциялық реформалардың экономикаға қандай ықпалы бар деген сұраққа жауап берерде, тікелей экономикаға жасалатын ықпалды айта алмаймыз.
Мысалы, еңбек ету еркіндігі, азаматтардың экономиқалық жағдайларын тікелей түзететін күшке ие емес. Ата заңымызда мемлекетіміздің негізгі қағидаттарын қалыптастырушы принциптері көрсетіледі. Алайда Конституцияда мемлекет құраушы қазақ ұлтының экономикадағы рөлі мен дәулетін арттыратын принциптерге орын қалмаған. Мысалы «ұлттық экономика» принципі. Еліміздің, жеріміздің иесі қазақ ұлты екендігі, ал мемлекеттік байлық, ешқандай алғы шартсыз, қазақ халқының мүддесіне, тұрмыс-салтының жоғарылауына жұмсалатынын білдіретін Конститутциялық ереже жоқ. Бізге мемлекеттің негізі азаматтық принципімен бірге, экономиқалық-ұлтшылдық принципіне негізделетін Ата Заң қажет. «Экономикалық ұлтшылдық» түсінігі, унитарлық мемлекет принципімен жалғасады. Яғни, бұл мемлекет біртұтас ұлттық мемлекет болса, онда жердің асты-үстіндегі барлық байлығы алдымен егеменді ел иесі – қазақтардың қажетіне жұмсалуы тиіс. «Экономиқалық ұлтшылдық» принципі дегеніміз де осы. Конституцияға мемлекеттік тілді, экономиқалық ұлттық мүдделерді қорғайтын, орындата алатын, мәжбүрлеуші құқық күшіне ие арнайы толықтырулар қажет деген ойдамын.

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Әскердегі арулар

Сәр Нау 8 , 2023
Оқылды: 1  159 Қолына қару алып Отан қорғау ерлердің ғана ісі емес. Ежелден-ақ ерлермен бірге иін тіресе жауынгер әрі батыл әйелдер Ұлы дала кеңістігін қорғаған. Қазіргі тарихи кезеңде де тәуелсіз Қазақстанның армиясында көптеген нәзік жандар қауымының өкілд ері әскери қызмет атқарып жүр. Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде […]