ӘСКЕРИ МАМАНҒА ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТКЕН ИТ

Әскери кинолог, орыс жігіті Қарағанды гарнизонында иттерді үйретіпті. Сөйтсе өзіне келген бір ит орысша түсінбейді екен. Бұған дейін қаншама иісшіл төрт аяқтының тұқымын жатқызып-тұрғызған маман, орыс тілін түсінбейтін итке бір де-бір сөзін өткізе алмапты. Уақыт өтіп барады. Сондықтан жанын салып, өзі білетін тәсілдің бар амалын жасап бағады, бірақ орысша бұйрық берсе, бағынбай қояды. Себебі мұның алдындағы қазақ жігіті ол-итті қазақ тіліндегі бұйрыққа үйретіп тастаған ғой.

“Әскери қызметте жүргендіктен иттерді икемге көндіру бұлжымайтын міндет. Орыс тіліндегі бұйрыққа көндіре алмай әбден зәрезап болып, содан амалсыз өзім қазақша үйрендім»,-дейді. Кейін ол жігіт қазақ тілінің керек екенін түсініп, өзі ізденіп, мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеріп, сол әскери бөлімнің іс-қағаздарына жауапты бөлім командирінің орынбасарына дейін жоғарылаған. Алайда қазақ тілін үйреткен алғашқы мұғалімі орысша түсінбейтін ит болыпты.

Миллиардтаған қаржы бөліп, қаншама маман жабылып, бүкіл Қазақ елі болып, шенеуніктерді қазақша сөйлете алмай қиналамыз. Ол – ит Қарағанды гарнизонында орыс тілді сарбаздарды ешқандай пиарсыз мемлекеттік тілге үйретіп жүр ғой.

Өзі мемлекеттік тілдегі бұйрықты ғана орындайтын патриот итті, біздегі әкімдікке әкеліп, бір қызмет беретін екен,-деп бәріміз күлдік. Расында солай. Әскери гарнизондағы ит орысша білмейді. Қарағанды шенділері қазақша білмейді. Бәлкім қызметтерін ауыстырса қайтеді? Еңқұрмаса, таңертең облыс әкімдігінің, түстен кейін қала әкімдігінің алдына күзетке қойса. Сонда әкімдікке кіру үшін бүкіл шенеунік атаулы аз уақытта қазақ тілін жаттап алатын шығар. Тек бір кемшілігі сөйлей алмайды. Әйтпесе, ел басқарып отырған тіл білмес, жемқор шенділерге кімнің ит екенін түсіндіріп жіберер еді.

Сонда қазаққа қайсы пайдалы? Орыс тілді сарбаздарды елеусіз ғана қазақ тіліне үйретіп жүрген ит пе әлде мемлекеттік тілді тегін оқытса да білгісі келмейтін, қазақ тілінде ақпарат бермейтін шенеуніктер ме?

Ит те жеті қазынаның бірі ғой, сезімтал хайуан. Негізі ел Президенті Қ. Тоқаевқа сыйлайтын екен. Мемлекетті басқарушылар да түйсігі күшті, сезімтал болады ғой. Қазақы дәстүрге сай тәрбиеленген итпен әңгімелесіп, шер тпрқатып, бір-бірін түсінісіп, ақырында ел азаматтарының бәріне мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заңға өзгеріс енгізіп жіберер ме еді? Одан кейін Қазақстанның бүкіл шенеунігі қазақ тілін білетін ит асырайтын шығар.  Онда ақпарат құралдары қай шендінің иті, қанша сөзді түсіне алатыны жөнінде материал жазудан жарысып кетер. Бір ит бір адамның өмірін 180 градусқа аударса, Президент бір заңмен-ақ 20 млн. халықтың бетін 180 градусқа бұрып жібермей ме.? Енді сол иттен деңгейі жоғары адам екенімізді көрсете алу үшін де, өз мемлекетіміздің тілін қолданып, қазақ тілінде ақпарат таратайық.

Жаңабек Нар

Қарағанды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ҚАРАҒАНДЫДА ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ 22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Сәр Сәу 24 , 2024
Оқылды: 412 Қарағанды облысында ұлттық күнтізбе аясында республикада алғаш рет Алтын адам күні аталып өтілді. Осы айшықты күнге орай қаламыздың облыстық тарихи өлкетану мұражайында Алтын адам күнінің таныстырылымы өтті. Іс-шараға арнайы келген жоғары тау-кен колледжінінің студенттеріне ұйымдастырушылар Алтын адам мен ол өмір сүрген кезең туралы жан – жақты айтып берді. […]