Қарағандыда қарапайым фермерлер сойылған малдың етін өткізе алмай жүр. Себебі полиция мен ветеринарлар рейд жүргізіп жатыр. Олар сауда орындарында еттің қайда әкелінгенін және қауіпсіздігін тексереді. Табан ақы, маңдай терімен тапқан мал етіне шаруалар барлық қажетті анықтамаларды жинай алмайтындығына шағымданады.
Таңертең ертемен, ет базары лық толы. Полицейлер әдеттегідей ветеринарлармен бірге әкелінген мал өнімдерін тексеру үшін рейдке шықты. Бірақ аудандардан келген малшылар не істерін білмейді. Мал дәрігерлері олардан жануардың сау болғаны, сою пунктінде сойылғаны және ұрланған мал емес екендігі туралы анықтамаларды тексереді.
«Мемлекеттік органдардың мал ұрлығы бойынша өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес тұрақты негізде полиция қызметімен, криминалдық полициямен ветеринариялық ілеспе құжаттарынсыз өнімді тасымалдауды анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 35-ке жуық факт анықталды.» деді Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Серік Қожахметов.
Таңертең көтерме базарда төрт фермерге ет туралы анықтамалары жетіспегені үшін айыппұл салынды. Жыл басынан бері шаруалар айыппұлға 3 миллион теңге төлеген. Осындай заңсыздықтарға мал өнімін са ушылар 78 мың теңге төлеп құтылады.
«Саудаға шығарылған жануарлардың әрқайсының ұшасында ветеринар дәрігердің анықтамасы болуы тиіс, ал етте «Алдын ата тексеру» мөрі болуы керек. Жыл басынан бері жүргізілген рейд барысында 900 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бірақ аз уақытта олар жарты мөлшер де төлей алмайды»,-дейді Қарағанды қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Жасқанат Сейдахметов.
Полиция мал ұрлығымен күресіп жатқанда, фермерлер не істерлерін білмейді. Шаруалар санитарлық талаптар мен ережелердің дұрыстығын мойындайды. Бірақ «барлық анықтамаларды жинау мүмкін емес«,- дейді. Шалғай ауылдарда мөрі бар ветеринарды табу да оңайға соқпайды. Демалыс және мереке күндері, ең көп сауда болған кезде мүлдем таппайсыз. Мал сою пункттары дегенді не екендігін көбі білмейді де.
«Масқара ғой. Малымыздың қызығын да көре алмаймыз. Ана қағаз, мына қағаз жоқ деп айыппұл сала береді. Қарапайым халық қалай өмір сүру керек?»- дейді фермер Амангелді Қазтаев.
Ауыл тұрғыны үшін 78 мың теңге айыппұл үлкен сома. Ауылда кіріс аз, тіпті фермер сататын қошқардың біреуі 60 мың теңге ғана тұрады. Бірақ, ветеринарлар фермерлердің наразылығына мән бермейді. Олар үшін жағдай жасау жергілікті әкімдіктердің міндеті. Заң бір жақта. Оны қадағалайтын жергілікті шенділер мен сала мамандары өз бетімен жүр. Ветеринарлар мен полицейлер де өз міндетін орындауын талап етеді. Екі ортада шырылдайтын шаруалар мен халық қана.
Айман Абдыкаримова
Е.Бөкетов атындағы зерттеу университеті,
Журналистика бөлімінің
ІІ курс студенті