Цифрлы қызмет – халық игілігіне

Бүгінде «жаңа» және «ақылды» технологиялар қарыштап дамып, адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрландыру – бұл бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық елдер ұстанатын жаһандық тренд.

Қарағанды облысында цифрландыруды дамыту 10 стратегиялық бағыт бойынша нақты алгоритммен жұмыс істеп келеді және ауыл шаруашылығы, қоғамдық көлік, білім беру, денсаулық сақтау сынды барлық саланы қамтиды.

Егер, алғашқы жетістіктерімізді айтатын болсақ, денсаулық сақтау және білім саласы толықтай қағазбастылықтан арылды. Тұрғын үй шаруашылығында жылу және электр энергиясын есептеу құралдарының көрсеткіштері автоматты режимде беріледі. Қоғамдық көліктерде жолақысын электронды түрде төлеу іске асырылуда.

Былтыр облысымызда үлкен жоба қанат қақты. Бұл туралы кеңінен тоқталып өткенді жөн көрдім… Белгілі бір мәселе туындағанда қайда барып, кімнен көмек сұрау керектігін барлық тұрғындар біле бермейді. Жауапты мекеменің байланыс нөмірлерін тапқанымен, көп жағдайда хабарласу мүмкін болмай жатады.

Қарағанды қаласында жаңадан пайда болған «Senim109» қызметі – бұл барлық коммуналдық және абаттандыру, тағы басқа мәселелермен хабарласуға болатын бірыңғай байланыс нөмірі. Жаңа қызмет коммуналдық, мемлекеттік мекемелерге қатысты өтініштер, шағымдар мен ұсыныстар қабылдайды.

Senim109 қызметі 2019 жылдың 25 қарашасында пилоттық жүйеде іске қосылды. Аталмыш орталық Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Бір жарым айдың ішінде call-орталық операторлары 2,5 мыңнан аса өтініш қабылдады. Оның 80%-ы бірінші қоңыраудан-ақ, операторлар арқылы шешілді. Қалған өтініштер мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің орындауына жіберілді. Тиісті орындарға жіберілген өтініштердің жартысынан көбіне жауап та берілді.

Байланыс арқылы халықпен және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, біраз шаруа шешілді. Қаламыздың екі көшесінде аула жарықшамдары орнатылып, кейбір жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары қардан тазартылды. Ветеринария қызметкерлері қаңғыбас иттерді аулады. Бітеліп қалған кәріз құдығы тазартылып, екі үйде ыстық және суық су қалыпқа келтірілді.

Жаңа жыл қарсаңында Senim109 қызметінің сall-орталығына Қарағанды-Қарқаралы тас жолында жолаушылар автобусы жолда қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті. Біздің операторлар тиісті мекемелермен хабарласып, адамдарды эвакуациялауға шұғыл көмек көрсетті. Кейінірек өтініш беруші біздің операторларға қоңырау шалып, алғысын білдірді. Осылай елге пайдамыз тиіп жатқаны қуантады. Senim109 қызметінің құрылғандағы басты мақсаты да осы.

Барлық өтініштер негізінде біз қаладағы өзекті мәселелер рейтингін жасадық. Мәселелерден «үздік топқа» кіргендері – коммуналдық сипаттағы мәселелер, ашық құдықтар мен қоғамдық көлік қозғалысындағы олқылықтар.

Қазіргі уақытта Senim109 жүйесіне Қарағанды қаласының 60-тан астам мемлекеттік және коммуналдық мекемелері қосылды. Біздің операторлар оларға өтініштерді автоматтандырылған негізде жұмыс орындарына жібереді. Бағдарлама мекемелерге келіп түскен өтініштерді өңдеуге және оларға жауап беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әр өтініштің мәртебесін бақылап, қай салаға және қандай мекемеге қатысты екенін көрсетуге және өтініштің орындалу мерзімін қадағалауға болады.

Senim109 сall-орталығының операторлары сағат 8:00-ден 20:00ге дейін демалыс және мереке күндерінде де азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайды.

Өтінішті, тек, 109 телефоны бойынша ғана емес, senim109. kz порталында, Telegram-бот, Facebook әлеуметтік желілері және belsendiazamat мобильді қосымшасы арқылы қалдыруға болады.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтарынан ғана өтінімдер қабылдануда. Биыл тұтастай Қарағанды облысын қамту және өтініштерді тәулік бойы қабылдауға көшу жоспарланып отыр.

Іске асырылған жоба цифрлық технологияларды пайдалана отырып, өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған және біз халыққа шынымен көмектесуге тырысамыз. Кез келген өтініш назардан тыс қалмайды.

Рустам БАЙЖАНОВ.

Келесі мақала

Қарағанды облысында дауылды ескерту жарияланды

Сәр Қаң 22 , 2020
Оқылды: 1  612 Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі дауылды ескерту жариялады.  Карағанды облысында 23-24 қаңтарда жауын-шашын (көбінесе қар) күтіледі. Кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ (көбінесе облыстың солтүстігінде және батысында), тұман (көбінесе облыстың шығысында ) болуы мүмкін. 23 қаңтарда оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан соғатын желдің күші түнде  15-20 м/с, кей жерлерде 23-28 м/с-дейін жетеді. […]