ТАСАРАЛҒА ТІЛ БІТСЕ…

Балқашты біз көл ретінде ғана білсек… Көлдің өзі бірнеше аралдан тұрады. Үлкен аралдар: Басарал, Тасарал, Ортаарал, Алғазы. Сонымен қатар Шағалалы, Кіші Тасарал, Шайтанарал, Маяк тұрған секілді басқа да шағын аралдар бар.
Осы көп аралдар ормандай орыспен арпалысып өткен Кенесары хан мен оның сарбаздарына, қиын кезеңдерде талай ел азаматтарына пана болған.
Сәкен Сейфуллин Жамбылға бет алып, жасырын жүргенде, Алғазы аралының тұсында аялдап, ат шалдырған.
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Бұрындары кәнігі балықшылар балық жұлдызы жарқырап көрінбейінше қара қайықты суға салмаған. Көл еркесі ақ шағаланың қиқуын, қанат қағысын назарларынан қалыс қалдырмаған. Табиғатпен тілдескен.
Өте ерте кезде балық жұлдызы малдың құтын, амандығын сақтайтын байлық көзіне баланып, тазалықтың, имандылықтың негізін адамдарға бағыштайтын тәңірлік сипаттағы рух қуаты болып табылған.
Осы өңірдің атақты балықшысы Жиман Бейсекеев теңіз құпияларын жазбай тани білетіндігімен ерекшеленген.
Баяғыда пролетариат көсемі Ленин Арал ревкомының төрағасы Төлеген Медетбаевқа хат жазып, Еділ бойында аштықтан бұралып жатқан балалар мен қарттарға азық-түлік жіберуді сұрағанда бейнетқор балықшылар тыным көрмей теңізді сауып, бір тәулікте он төрт вагон балық жөнелтіпті.
Егер де Ленин көкем сол өтінішін бізге де жолдай салғанда, етегін жапқанынан балық аулап келген тасаралдықтар он төрт вагоннан да асырып жіберер ме еді?!
Қазақстанға атағы шыққан әуелде «Қызыл қазақ» атанған Тасарал колхозы қазір қайда кетті? Түйе фермасы, жылқы фермалары қайда? Соның бәрі сабынның көбігіндей ыдырап, ізім-қайым жоқ болды.
Мал құрыса, соның соңында жүрген көп қазақтың күні не болады дегенді ойлаған дені дұрыс пенде болмады ғой. Билік басындағылар мұны кейіндеу болса да түсінді ме деймін, «ұзақ жыл колхоз, совхозға басшылық еткен басқармалар ортадағы мал-мүліктің жиырма пайызын иемденуге қақылы»,- деген қаулы шығарды.
Шіркін, осы қаулы ұзақ жыл колхоз басқарған Бөдеш ағатайымның кезінде шыққанында, Белорус пен Израильде осы күнге дейін сақталған колхоз, совхоздардай өркендеп, ел игілігіне айналар ма еді?!
Бөдеш ағатайымның кесек тұлғасына сай кіршіксіз адалдығын, әділдікті биік санаған кісілігін жете білген адамдар Тасарал, Балқаш аймағында аз болмаған. Бөдеш ағатайымның қосағы да өте бір инабатты, иманды жан болған екен. Шешем Майра айтып отыратын: «Мектепте ән сабағынан берді, басынан үнемі орамал тастамайтын». Әйел адамның бағы – басындағы орамалда. Әйел орамал тақпаса, арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады. Орамалдың қадір-қасиеті – ұлттық болмысымыздың ерекше көрінісі болатын. Бөдеш ағамыздың асыл жары соны қалайша пайымдаған десейші?!
Ол кісі ізгі, ақылды әйелге Құдайдың өзі пана болатынын білсе керек.
Колхозға ұйытқы болу, оны іскерлікпен басқара білу қаншалықты маңызды болса, сол игіліктің баршасын іске асырып келген колхозшыларды да еске алу ләзім.
Қара нардай қайыспай Тасарал колхозын өрге сүйреген Аманжол, Қарашолақ, Қоржыкен, қарағайдай биік Қамажан, Ілеш, есеп-қисаптың білгірі Перуай, әркез байыпты, жеті өлшеп бір-ақ кесетін Мұсадық, Әлиақпар, Кәрім қажы, ашуға мінгенде екі көзі бірдей шоқ шашатын Қарабаланың Аманы, орнынан қозғалту қиын Шәйкен, қалжыңы әкесінен асқан Тілеукеш – бұлардың бәрі Тасаралдың іргетасының мызғымас қазығы болатын. Осы жақсылардың ел үшін жасаған ерен еңбектері ел есінде мәңгі сақталған.
Ара-тұра Тасаралға ат басын тірегенімде балыққа қойылған ескерткішке көзім түсетін. Балықшы қайда, атынан ат үркетін, кеудесіндегі орден-медальдары аудың қалтқысынан да көп Жиман Бейсекеев қайда?- деп ойлайтынмын…
Әлқисса. Қожыкеннің Сепені (Сеппол) осы атақты Жиманның Алматыдағы бұрынғы Қазақ балық шаруашылығы министрлігінде суреті бар екендігі жайында мәлімет беріпті. Жиман Бейсекеевті кезінде Еңбек Еріне де ұсынған екен.
Тасарал өлкесін бірауыздан балуандар мекені десе де болады.
Балуандық өнердің бастауында Жиманның әкесі түйе балуан Бейсекей ата тұр. Ол кісіні қыл арқанды екі қолтығынан өткізіп, екі жігіт ортаға алып шығады екен.
Одан кейінгі Сәлімбайдың Әлімшайхысы. Ол Қазақстан мен Орта Азияның он бір дүркін чемпионы болған.
Бұдан кейінгі кезекте Көккөздің баласы Сармантай, Жұмаштың Қойшыбайы, Күлмағамбеттің Оспаны – аймаққа аттары шыққан балуандар болған. Кейінгі балуандар толқынында Сағыжан, Сүйіндік, Ұлан, Марат Қосымханов және ағамыз Серікбол Шахжановтар болды.
Нұр-Сұлтанда Мәтжан ағатайымның бәйбішесі Клара апатайым қайтыс болғанда қол жаюға барғанмын. Құран оқушы имам Клара Қосымханқызы дегенде елең ете қалдым. Марат ағамның тегі де Қосымханов еді-ау деген ой есіме түсе кеткені. Арыстанбек атамыздың баласы Дәрібектен: «Осында Марат бар ма?», – деп сұрадым. Иегімен нұсқап көрсетті.
Бәріне де уақыт төреші екен. Бір кезде Сарышығандағы көне ақ мектептің дәлізіне сыймай жүретін қайран ағамды мынандай жүдеу кейіпте көрем деп ойлаған емеспін. Іштей қатты қамықтым, әзер таныдым.
Ол кезде, Тасаралда өтетін балықшылар тойынан қалмайтын кезіміз. Әркім өз балуанының жанкүйері болып барады. Мен көбінесе Марат ағатайымды іштартамын. Сарышыған мектебінде оқыдық қой. Сол тойда Марат ағамның қарсыласы, ұмытпасам, мойынтылық жігіт боды-ау деймін. Мойынты, Босаға өңірі ежелден балуандарымен көпшілікке танымал болған. Төрешінің белгі беруі мұң екен, екеуі бірден ұстаса кетті. Бір кезде Марат ағатайым шалқайып, құлап бара жатқандай болды. Аз уақыт садақша иілген қалыпта тұрды да, көз ілеспес қимылмен екі аяғын қарсыласының қолтығынан өткізе қайырып әкеп, жерге сылқ еткізді. Іштен тынып, не боларын білмей тұрған біздер шу ете қалдық. Таза жеңіс! Жеңіс болғанда, біз бұрын-соңды көрмеген тәсіл. Міне, Мәкеңнің өзі салған «қой жамбасы» өмірге осылай келген.
Кезінде Совет Одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Одақ чемпионы Әбілсейіт Айханов ағамыздың газетке берген сұхбатында: «Мен талай жарыстарға қатыстым. Польшаның, Грузияның, Абхазияның, Моңғолия, Түркия, Жапония, Үндінің атақты, құрыш білекті балуандарын ойсырата жеңдім. Бірақ балқаштық балуан Сағыжанды жеңе алмадым», – депті. Ойпырмай, мынау біз үшін ат көтере алмайтын марапат қой!
Ау, ағайын, айтындаршы, Балқаштағы Сағыжан ағатайымды күндіз шам жағып іздеп жүретін араларыңда адам бар ма?!
Тойдың төрінде қасқайып Сағыжан, Марат ағаларымыз отырса, тойдың шырайы сонда ғана кіреді.
Ақадырлық жазушы Өмір Кәріпұлының айтқаны бар:
– адамды өлтіру үшін оған мылтық кезенудің қажеті жоқ, тек қана елемей қойсаң болғаны. Жаның түршігетін кесім. Осындайдан аулақ болған жақсы.
Тасаралдық балуандар арасынан ойып тұрып орын алатын, 11 жасынан 30 жасына дейін күреспен айналысқан, тұла бойында өнердің бәрі тоғысқан Серікбол Шахжанов Балқаш қаласында өз салмағында 12 дүркін чемпион атанған. Лениногорскіде өткен еркін күрес жарысында жүлдегер атанып, спорт шеберінің нормативін орындаған екен. Облыста 5 рет чемпион болып, 1967 жылғы студенттер арасындағы жарыста бас жүлдеге ие болды.
Дариға әжем осы Тасаралды өле-өлгенше Қайыршақ арал деп кетті. Біздің бабаларымыздың ішінде Тасболат деген атамыз болыпты. Атамыздың атын атамау үшін жасаған амалы екен. Не деген имандылық десейші?!
Аядай Тасаралда бармағынан бал тамған небір ісмер адамдар болған. Соның бірі – Сайлау ағамыздың әкесі Шәріпбек. Ол кісі керемет өрімші болыпты.
Қазақ үшін киелі қасиетке ие болған заттық ұғым бейненің бірі – қамшы. Кезінде Шәріпбек қария өрген төрт өрімді тобылғы сапты қамшысы талай ат үстіндегілерді қорғайтын киелі иесі болған. Аңыздық сипаттағы «Қарадөң» ертегісінде сарыала сапты қамшы киелі қасиетке ие болған. Ол иесін намыстандыра, шабыттандыра алатын, иықтан басып тұратын албастының жынын қағып алатын рух күші боп қастерленген.
Шәріпбек атамыз қамшы өрер алдында дәрет алып, рухани тазарып барып кіріседі екен. Шамасы, қамшының киесінен қорқып, оның сескендіретін ерекше қасиетін сезінгеннен болса керек.
Бұрындары Тасарал мектебінде еңбек сабағынан сабақ берген Жәңгір атам домбыра жасайтын. Анасы баласын қалай тоғыз ай көтеріп, толғатып босанса, Жәңгір атам да домбыраны солай аялап, баптап, бар ықыласын салып, оған жан бітіретін.
«Әр домбыраның өз тағдыры болады, о баста олардың қай-қайсысы болса да киелі, таза. Оны иеленген адам төрге іліп қойып, оған саусағын да тигізбесе, оның ғажап үнін естімесе, домбыраның қасиеті кемиді. Ол өз иесіне қуаныш, бақыт сыйлай алмайды. Жансыз, рухсыз бір кесек ағашқа айналады.
Домбыраның үнінен адамның жан дүниесі тазарады. Рухы асқақтайды. Рухы асқақ адамның пендешілігі аз болады, қатігездік пен арамдыққа бара бермейді. Міне, домбыраның қасиеті», – деп аяқтайды екен сабағын.
Бағзыда Тасаралдықтар құстың ұясындай ұйысып, тыныштыққа бөккен қоңыр тірлікті қалайтын. Тектілік – төзімділікте. Қазақта «Қоңыр» деген кеңістік бар. Қоңыр жел теңіз тербейді. Тербелген көңіл сергектеу болады. Тектіліктің, төзімділіктің, ұлағаттылықтың реңі – қоңыр. Сондықтан да, Тасарал ауылы ежелден қоңыр тірлікті жақсы көрген.
Бөдеш ағамның үйі теңіздің дәл іргесінде болатын. Сыртқы есіктен аттасаң, аяғыңды су қармайтын. Алайда, ешкім су астында қалармыз-ау деп уайымға салынбайтын. Білетін, асыраушы анасы – Көкше теңіз ешуақытта өгейлік жасамайтынын, өзекке теппейтінін. Ал тасыған кездері де болған: оған Қашқантеңіз куә. Әрине, жасарған, жаңғырған дұрыс. Жаңа Тасарал қыраттау жерге іргесін аулақ сала бастапты. Ал маған сол көнелеу үйлер қарапайым қоңыр күйдің бейнесіндей өте ыстық көрінеді.
Тасаралдықтардан Петерборда білім алған, балық өңдеу технологиясын жетік меңгерген, екі тілге бірдей жүйрік Қожабайұлы Дүйсембайды білетіндер кемде-кем. Бір білсе, Мұсадық ағамның баласы, көкірек көзі даңғыл, білімді Көбен аға ғана біледі. Осы Дүйсекеңнің Тасарал балық зауытының директоры болғандығы тарихи шындық. Оған алған білімі де, білігі де сай келіп тұр.
Дүйсекең ағылшындармен де серіктес, істес болған. Жаппай тәркілеу басталғанда Ағыбайдың Аманбайына көп қолдау көрсетіпті. Макаронды ұнтақтап, бір уыстай өлшемде ашыққан жандарға таратқан екен. Осы Тасаралдан «Қырғызстанда аштық жоқ екен»,- деп дүрліге көшпекші болғандарды тоқтатқан да – Қожабайұлы Дүйсембай.
Бұл пайымдаулар – ел жадында сақталған дәйектілігі берік деректер.
Абыз Руми: «Шөлі бар халық – зор халық»,-деген. Шөлі бар халықтың зор болатындығы – өзегі өртеніп, таңдайы кеуіп жүріп, арманына жету үшін жанкештілікпен көзсіз ерлік жасай жүріп, небір адам жаны төзбес қиындықтарды жеңуге ұмтылады, жол іздейді, талпынады.
Тасаралмен шектес жатқан Бетпақдала да – шаңыт жолы көп шөл. Тасарал тарландарының теңіз төрінде қиындыққа қайыспай ерен еңбектің үлгісін көрсетуі – өздерінің жан дүниесін үнемі баптап, өмірлік нысана етуінде.
Қадірлі бауырларым, тоқсан жылдық торқалы тойларың құтты болсын!
Теңізге қарап күн кешкен, уақыт-теңізде еркін жүзуді қалаған Тасаралдықтар әрдайым аман болыңдар!
Түсіпхан КҮЛМАҒАМБЕТ
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Мемлекеттік рәміздерді құрметтей аламыз ба

Бей Мау 4 , 2020
Оқылды: 1  400 Төртінші маусымда аталып өтетін мемлекеттік рәміздер күніне арналады. Тәуелсіз еліміздің белгілері – Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран. Біздің елде рәміздер тек мемлекеттің ресми органдарының атрибутикасы ма? Жоқ, Отан түсінігін, ел бүтіндігін білдірер жалпыұлттық символдар ма? Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге […]