«Тәуелсіздік лентасы» №10 мектепте

Қарағанды қаласының №10 жалпы білім беретін мектебінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік лентасы» акциясы болып өтті. Мектеп оқушыларына Тәуелсіздік лентасы мен онда бейнеленген тарихи тұлғалалар және тарихи даталар жайлы кеңінен айтылды. Тәуелсіздік лентасында қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған 7 тарихи тұлға мен 4 тарихи дата, Қазақстан Республикасының жер аумағын бейнелейтін карта мен Түркі қағанатының Бөрілі байрағы көрініс тапқан.


Лентаның астынғы жағында бірінші болып Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта, одан кейін осы аумақта мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адамы орналастырылған. Бұл қазақ тарихының сонау сақтар заманымен байланысты екендігін білдіреді. Бұдан кейін лентада Ғұндар мемлекетінің негізін қалаған Ұлы Мөде қаған бейнеленген. Лентадағы келесі тарихи дата 552 жыл, яғни Түркі қағанаты құрылған жыл және оның символы Бөрілі байрақ белгіленген. Бұдан кейін Қазақ хандығы құрылған 1465 жыл мен оның бастауында тұрған Керей мен Жәнібек хандар бейнеленген.

Тәуелсіздік лентасындағы келесі тарихи тұлға үш жүздің басын қосқан хандардың ханы ұлы Абылай хан, одан кейін ұлтымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Кенесары хан мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда үкіметі құрылған 1917 жыл тарихи датасы бейнеленген. Лентада бейнеленген келесі тарихи дата Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жыл. Ал оның үстінде ашылған кітап пен көтеріліп келе жатқан күннің бейнесі суреттелген. Бұл алдағы уақытта Қазақстанның болашағы ғылым мен білімді игеру қажеттігін меңзейді. Ал лентаны көмкеріп тұрған ұлттық ою-өрнек біздің ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызды әруақытта көздің қарашығындай сақтауға үндейді. Тәуелсіздік таспасын тағу әдісі Youtube арнасындағы «Тәуелсіздік лентасын қалай тағу керек?» атты роликте көрсетілген.
Сонымен қатар биылғы жылы елімізде Тәуелсіздік таспасында бейнеленген Абылай ханның туғанына 310 жыл және хан атанғанына 250 жыл, Қазақ хандығын қалыпқа келтірген Кенесары Қасымұлының хан көтерілгеніне 180 жыл және Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толып отыр.


«Тәуелсіздік лентасы» акциясы Тәуелсіздік мерекесіне дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.
«Тәуелсіздік лентасы» «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының ұлт құндылықтарын насихаттауға бағытталған 21 жобасы болып табылады. Аталған акция «Қазақ жігіттері» клубы мен «Орталық Қазақстан», «Қазақ үні», «Білім айнасы», «Замана» газеттері мен «Sayipqiran.kz», «Aimaq09.kz», «Білім айнасы», «Kazgazeta.kz» ақпараттық сайттарының қолдауымен іске асырылып жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

"Жасыл ел" еңбек жасақтары туған жерді абаттандыруға атсалысты

Дүй Жел 6 , 2021
Оқылды: 1  020 6 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Кеңесінің басшысы Әлия Назарбаеваның төрағалығымен Кеңестің ІІ отырысы өтті. Шара ұйымның XVII жұмыс маусымының жабылуы мен ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығы аясында өткізілді. Жиында «Жасыл ел» ұйымының ағымдағы жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жылдың мақсаттары талқыланып, шешімін күткен түйткілді мәселелер қаралды. […]