«Жасыл ел» еңбек жасақтары туған жерді абаттандыруға атсалысты

6 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Кеңесінің басшысы Әлия Назарбаеваның төрағалығымен Кеңестің ІІ отырысы өтті. Шара ұйымның XVII жұмыс маусымының жабылуы мен ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығы аясында өткізілді.
Жиында «Жасыл ел» ұйымының ағымдағы жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жылдың мақсаттары талқыланып, шешімін күткен түйткілді мәселелер қаралды.

Кеңес төрағасы Әлия Назарбаева биылғы жылдың жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылдың 5 сәуірінде өткен Кеңестің І отырысынан кейін ұйымның алдында Шымкенттегі «Жасыл ел» қызметін қаржыландыру және «Жасыл елдің» медиа бойынша жұмысын күшейту міндеті тұрды.

Әлия Назарбаева екі тапсырманың да ойдағыдай орындалғанын баяндап, аймақтық штаб өкілдеріне атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ төраға ұйымның «Балапан» телеарнасымен бірлесіп «Жасыл ел» мультфильмін түсіру қызметін жоғары бағалады.
«Біріншіден, атқарылған жұмыстар үшін аймақтық штабтарға алғыс айтқым келеді. Кеңестің бірінші отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы «Жасыл ел» штабының жұмысына бюджеттік қаражат бөлу және ұйымның қызметін медиасалада насихаттау міндеттері алға қойылған болатын.
Осылайша, қазір «Балапан» телеарнасында табиғатты қорғауға арналған Jasyl el анимациялық фильмдері көрсетілуде. Бұл арқылы біз балалармен қатар ата-аналарын да қамтимыз. Екіншіден, жоба балалардың санасында экологиялық әдеттердің қалыптасуына әсер етеді. Бала кейіпкерлердің оқиғаларын бірге бастан кешіреді, шешім табуды үйреніп, эмоционалдық интеллектері дамиды», – деді Әлия Назарбаева.
Төрайым сондай-ақ Jasyl el атты жаңа ағаштарды онлайн отырғызу жобасының басталғанын атап өтті және аталмыш жобаға әкімдіктер тарапынан ақпараттық- ұйымдастырушылық қолдау қажет екенін айтты. Сонымен қатар Әлия Назарбаева Кеңес мүшелерін, кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін және Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының серіктестерін жобаға қатысуға шақырды.
«Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдары қауымдастығымен бірігіп ұйымдастырған Stopmusor әлеуметтік жобасы туралы айтты. Жазда жоба аясында республика бойынша жастар еңбек жасақтарының сарбаздары аумақтарды тазарту және қалдықтарды кәдеге жарату бойынша түрлі жұмыстар атқарды.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысындағы «Жасыл ел» штабының басшысы Аслан Тәпішев Қазақстан бойынша барлық штабтардың биылғы жұмыс қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылы «Жасыл ел» қатарында еліміздің 15 облысында (3 республикалық маңызы бар қала және Қостанай мен Түркістан облыстарынан басқа барлық аймақтар) 25 мыңнан астам сарбаз еңбек еткен.
Жалпы алғанда, сарбаздар климаттық аймақтарға байланысты 28 021 түп ағаш көшеттерін отырғызды, ал жалпы жұмыс атқарылған жер аумағы 5508,8 гектарды құрады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының штабы 7 орман тәлімбағында қосымша 2 миллионнан астам көшет отырғызды.

Республикалық штаб жетекшісі Азамат Данияр 2021 жылы Қостанай және Түркістан облыстарының жастары «Жасыл елде» неліктен жұмыспен қамтылмағаны туралы түсіндіріп өтті:
«Биыл бүкіл Қазақстан бойынша 25 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз ете алдық. Бұл жақсы жаңалық. Дегенмен бұл санды арттырып, Қостанай, Түркістан облыстарында жұмысты қалпына келтіру қажет.
Мәселен, Қостанай қаласында жоба «Жастар мәслихаты» жобасы арқылы жүзеге асырылып, іс-шаралар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бақылауында тұрған мердігерлермен тікелей жүргізілуде. Аудандарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қызмет атқарылып, қаражат біркелкі бөлінбейді, кейбір аудандарда бағдарлама мүлде жүзеге асырылмайды.
Осылайша, Қостанай облысында «Жасыл ел» өңірлік штабы жұмыс істемейді және аудандардағы сарбаздар, құрал-жабдықтар мен бюджеттің толық есебі жоқ.
Ал Түркістан облысына келер болсақ, аймақтың жаңа инфрақұрылым құруына байланысты биыл «Жасыл ел» өкілдігіне бюджет бөлінбеді. Алдағы 2022 жылға қаражат бөлу және оның жұмысын жандандыру жоспарланған», – деді ол.
Сондай ақ Азамат Данияр Жамбыл және Маңғыстау облыстарындағы «Жасыл ел» ұйымының қызметін қайта қарау қажеттілігі туралы пікірін білдірді. Соңғы жылдары бұл ұйымдардағы еңбек жасақтарының жұмысы қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтары арқылы қамтамасыз етілген.
Сарбаздардың функционалдық міндеттері мен киім үлгісі туралы сұрақтар да назардан тыс қалмады. Республикалық штаб басшысы жекелеген жұмыс түрлерінің тізбесін бекітіп, «Жасыл Ел» сарбаздарының әрқайсысын жеке киім формасымен қамтамасыз етуді ұсынды.
«Олардың жұмысының негізгі бағыттары абаттандыру және көгалдандыру. Дегенмен, олар тұрақты түрде басқа да жұмыс түрлеріне тартылады. Мысалы, бордюрлерді сырлау, жолдарды тазалау және т.б. Мұндай жұмыстарға негізінен әкімдіктер жауапты.
Бұл сұрақты қайта қарастыру қажет, себебі аталмыш мәселе олардың жұмысының сапасының нашарлауына және тікелей «Жасыл ел» қызметі аясында атқарып жатқан жұмыс көлемін әділ бағалауға кері әсерін тигізеді», – деді Азамат Данияр.
Ол биылғы жылы киім формалар санының 13 505 болғанын және бұл санның сарбаздар санынан 2 есе аз екенін атап өтті. Данияр Азаматтың пікірінше, бір киімнің сарбаздарға бірнеше маусымға берілетінін, сондай-ақ бұл орайда қаржының үнемделуін көрсетеді.
«Көптеген өңірлерде киімдер бірнеше мәрте беріледі, яғни бір маусымда бірнеше рет. Тағы бір өңірлерде сарбаздарға толық киім комплектері берілмейді және киімдер келесі жылға қалады. Сондықтан әр сарбазды жеке киім формасымен қамтамасыз ету үшін бюджеттің бастапқыда есептелгені маңызды. Сонымен қатар, киімдердің құрамдас бөліктерін қайта қарау қажет. Форма бас киім, жейде және стандартты өлшемдегі күртешеден тұруы қажет деп ойлаймыз», – деп түйіндеді сөзін «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.
Кеңес төрайымы Әлия Назарбаева «Жасыл ел» штабтарының жүзеге асырған жобаларымен қатар түйткілді мәселелерді шешу талпынысына да оң баға берді. Төрайымның пікірінше, барлық өңірлердегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Жасыл Ел» жүйесін заңнамалық деңгейде орталықтандыру қажет.
«Жасыл ел» жасақтарының қазіргі жұмыс жүйесі жастар саясатын жүзеге асыруда және қоршаған ортаны қорғауда қоғам, мемлекет және үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықтың тамаша үлгісі болып табылады.

Бірақ шешімді қажет ететін мәселелер де бар. Бұл үшін бірыңғай басқару жүйесін жаңартып, жұмыс жүйесін цифрландыру қажет. Кеңес мүшелерін «Жасыл елдің» орталықтандырылған жүйесін заңнамалық деңгейде қалыптастыруға көмектесуді сұраймын», – деді Әлия Назарбаева.
Бұл орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Жасыл ел» кеңесінің мүшесі Елдос Абаканов өз ұсыныстарын айтты. Ол «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.
Жиын соңында Кеңес төрағасы Әлия Назарбаева «Жасыл ел» облыстық штабының үздік өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамту, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеумен айналысатын қозғалыс. Қозғалыс 2005 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.
2021 жылы 16 жыл ішінде алғаш рет табиғатты қорғау ұйымдары қауымдастығы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева басқаратын «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының кеңесі құрылды. Кеңес құрамына сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, экологиялық және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері кірді.

Дереккөз: Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығы баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Хакатон бағдарламасы Қарағандыда

Сей Жел 7 , 2021
Оқылды: 966  «3.2.1. Старт!» жобасы аясында өз үлесіңді қос! Күні: 7.12.21ж. Мекен жайы: Қарағанды қаласы, Университетская 28, 4 қабат, 404 аудитория Басталуы: 09:00 до 18:00      2021 жылдың 7-ы желтоқсаны күні Қарағанды қаласында  жастарға арналған «3.2.1. Старт! әлеуметтік жоба аясында тренинг өткізу жоспарлануда. Білім беру жобасының негізгі мақсаты – […]