Ертегі кейіпкері сахнаға шықты

Ертегінің сан алуан кейіпкерінің арасында Тазша бала атты кейіпкер жүретінін білеміз. Ол ертегінің өн бойында ақылды, айлалы, тапқыр кейіпкер ретінде суреттеледі. Небір қиын сындардан өтіп, ақыл-айласының арқасында үнемі жеңіске жетіп отырады.

 Ауыз әдебиетінің көнеден жеткен бай мұрасын насихаттау мақсатында білім ошақтарында түрлі сайыстар ұйымдастырылып, тіпті өнерпаз балалар айтыс өнерінде де бақ сынасып жатады. Күрделілігінен бе екен – ара-тұра жылт еткені болмаса, соның ішінде өтірік өлең назардан тыс қалып жататын. Жақында қиялы жүйрік тапқыр балалардың басын қосып, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тамаша сайыс өткізді. Көрінбей кеткен кейіпкер қайыра сахнаға шықты. Қаланың білім ошақтарынан жиналған бүгінгінің Тазша балалары көне ертегілердегі Тазша бейнесін жаңғыртып сайысқа түсті. Мектеп оқушылары арасында ұлттық рухани мұраны ұлықтау және өтірік өлеңнің қазақ халық поэзиясынан алатын орны туралы түсінік беру, балалардың ұшқыр қиялын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Тазша бала» өтірік өлең сайысында 5-7 сынып оқушылары қатысты.

Сайыстың шарты да оңай болған жоқ. Әуелі кішкене өнерпаздар түрлі тақырыпта 5-6 шумақ өтірік өлең оқудан жарысқа түсті. Одан әрі тапқырлығы мен өлең шығаруға бейімін танытатын екінші кезеңде өтірік өлеңді жалғастырып айтып жарысты. Экраннан көрсетілген суреттер бойынша өз қиялынан өтірік өлең құрастыру сынды кезеңнің тапсырмасы қатысушылардың шын мәніндегі мықтылығын танытатын сайыс болды десек қателеспеспіз.

Екінші-үшінші кезеңінің шарты ойландыратын сайысты бағалау қазылар алқасына оңайға соқпады. Шешім шығару барысында баланың жатқа оқу шеберлігіне, дауыс мәнері және тіл тазалығына, тапқырлығы мен сахналық мәдениетіне мән берді. Өзара бақ сынасқан 9 оқушының ішінен үшеуі топ жарып шығып, І, ІІ, және ІІІ орындарды иеленді. Кішкентай Тазша бала ретінде Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия оқушысы Наурызбай Ерасыл І орын, №17 жалпы білім беру мектебінен Сержан Аңсар ІІ орын, ал Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназия оқушысы Жангелді Нұралы ІІІ орынды иеленді. Байқаудың жеңімпаздары қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша айқындалып, барлық қатысушылар диплом, алғысхаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ салмақты сайысқа оқушыларын баптап әкелген ұстаздары да бір-бір алғысхатқа ие болды.

          ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткізілген іс-шараның берері мол демекпіз. Өтірік өлеңді ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде ғана бағалап кету аздық етеді. Ол дегеніңіз – нағыз идеология құралы. Қоғамда болып жататын келеңсіздіктерді де қозға, әшкере ете алатын әлеуеті бар өнер түрі. Айтпағымыз, оқушының өресі мен өнерін, дүниетанымын салмақтайтын «Тазша бала» өтірік өлең сайысы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырса, абзал болар еді.

Жұпар Жақан,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркиялық туризм агенттігінің өкілдері түркістандық журналистермен кездесті

Дүй Сәу 22 , 2024
Оқылды: 570 Түркістан қаласында Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Түркияның Қазақстандағы туризм және мәдениет өкілдері Солмаз Хаберал, Алпарслан Акынджы, Нәзия Жоямергенқызы және Түркияның Түркістандағы бас консулы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында, тың тәжірибелер мен ортақ құндылықтарды біріктіру арқылы Түркістандағы туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды.             […]