Журналистика кафедрасы қарағандылық медиа мамандары арасында волейболдан турнир өткізді

Биыл академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетіне 85 жыл, журналистика кафедрасына 30 жыл толып отыр.  Осы орайда филология факультеті мен журналистика кафедрасының ұжымы өңірдегі журналистерді жинап, волейболдан турнир өткізді.

Филология факультеті Қарағанды мұғалімдер институтының қабырғасында 1938 жылы ашылған еліміздегі ең алғашқы факультеттердің бірі. Бүгінде институт академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне айналған. Қазіргі факультет құрамына 5 кафедра кіреді: қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті, қазақ тілінің практикалық курсы, профессор Г.А.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті және журналистика кафедралары. Факультетте 700-ге жуық студент оқиды және 80-ге тарта мұғалім қызмет атқарады. Осынау білім ордасында оқу телевизиясы, қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығы, Қазақ халқының рухани мұрасын зерделеу институты, «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы, сонымен қатар «Qasym.kz» сайты жұмыс істейді. Оған қоса лингафондық зертханалар мен мультимедиялық кабинеттер, көркем және ғылыми бай әдебиеттер қоры бар.

Ал журналистика кафедрасы Е.А.Бөкетов атындағы университеттің ішінен 1994 жылы ашылған. Журналистердің алғашқы түлектері 1997 жылы бітірді. Журналистика кафедрасы кәсіби деңгейде журналист, баспасөз және пиар мамандарын даярлайды. Студенттер онда бакалавриат және магистратура дәрежесін алып шығады. Кафедраның оқу теледидары зертханасында монтаждық, аппараттық, радио торабы, эксперименттік оқу аудиториясы бар.

Бүгінде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетін Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков, филология факультетін Елдос Ерғазыұлы Түйте, журналистика кафедрасын Жанар Сембекқызы Рамазанова басқарады.

Осы орайда филология факультеті мен журналистика кафедрасының мерейтойына сәйкес оқу орнының ұжымы өңірдегі журналистерді жинап, волейболдан турнир өткізді.

Аталмыш жарысқа өңірдегі БАҚ өкілдері және журналистика кафедрасының профессор – оқытушы құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Жарысты ұйымдастырушы филология факультеті деканының орынбасары, журналистика кафедрасының аға оқытушысы Нұртілеу Сиязбаев және кафедра ұжымы. Аталған білім ошағынан қаншама шәкіртті тәрбиелеп шығарған ұстаз Қойлыбай Асановтың айтуынша, «Бүгін академик Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде үлкен бір рухани іс-шара болып жатыр. Бұл волейболдан өткен спорттық жарыс кафедраның 30 жылдығына, факультетіміздің 85 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылып жатқан іс-шара. Жарысқа қатысушы журналистердің 90 пайызы біздің білім ордамыздың түлектері. Біздің шәкірттерімізге, журналистика саласында жұмыс істеп жатқан жастарымызға сәттілік тілейміз».

Журналистика майталмандары бір сәт қаламы мен микрофонын ала допқа алмастырып, бәсекеге толы ойын көрсете білді. Аймағымыздағы БАҚ өкілдері арасынан өткен доп додасына барлығы 4 команда қатысты. Атап айтсақ, «Бірінші Қарағанды» телеарнасы, «Сарыарқа» телеарнасы, «Сарыарқа ақпарат» медиахолдингі және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымы. Турнир нәтижесі бойынша «Бірінші Қарағанды» телеарнасының ұжымы бірінші орынды қанжығаларына байлады. Сондай – ақ осы команданың ойыншысы Досжан Төлеутай «Үздік ойыншы» атанды.  Жаңалық жаршысы, жақсылықтың хабаршысы бола білген медиа саласының өкілдері саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен әркез сырлас екендіктерін көрсетті.

Ақбота Қазкенова 

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Филология факультетінің 3 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағанды гарнизонында «Өміріңді сақта» атты ведомствоаралық кеңес өткізілді

Дүй Қар 6 , 2023
Оқылды: 351 Қарағанды гарнизонына қарасты, «Астана» өңірлік қолбасшылығында «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасы аясында әскери прокурор, әскери басқару органдары және қылмыстық қудалау органдары өкілдерінің қатысуымен гарнизондық кеңес өткізілді.   Өткізілген іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары Қарағанды ​​гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің командирлерінің назарына жеткізілді. Алқалы жиында Қарағанды ​​облысы бойынша […]