ӘУЛЕТ ТАРИХЫНДАҒЫ СҰРАПЫЛ СОҒЫС

Әкеміз Темірғали Жұмашев

Құтты әулеттің тарихы

Әрбір адамға оның кім екенін, оның ата-бабаларының кім болғанын білу аса маңызды. Өйткені қазақ мемлекетінің тағдыры әрбір отбасына байланысты. Адам кетеді. Тұтас толқын ауысып жатады. Алайда оның барлығына тарих куәлік қалдырады…

75 жыл бұрын адамзат өміріндегі ең зобалаң шақ орын алғаны бәрінің есінде. Бұл сынақ тұтас мемлекеттердің ғана емес оның ішіндегі әрбір әулет пен ұлысқа, тіпті шырылдаған сәбиіне деген төзгісіз меже болғаны сөзсіз.

Жұмаш әулетінен сол уақытта бірсыпыра боздақ майданға бет алды. Мәселен, ол кезде үлкен атамыз Түсіпұлы Жұмаш анамыз Жылжақсы және қаршадай  Жақсия апамызбен елде қалып еді. Ол кісі турасында қалған ақпар осымен шектелмек.

Әкеміз Темірғали (Темеш) турасында мерзімді баспасөз беттерінде көп жарияланды. 1945 жылы кескілескен ұрыста № 141 Киев қызылту орденді Богдан Хмельницкий атқыштар дивизиясы барын салды. Әсіресе Батыс Левиданың Грон өзеніндегі неміс қорғанын бұзу оңайға соқпағаны белгілі. Ол кезде жас Темірғали командир еді. Тапсырма — шепті қалайда бұзу. Бір жұмада жаудың қамалын алып, алға адымдай түсу бірінші маңызды мәселеге айналды.  Операция «Бес күн» деген атауды еншіледі. Командир стратегиясы бойынша қолдағы азын-аулақ сарбаз үш топқа бөлінді. Командир жасағы ортада, қалған екі топ маневрге мән бермек. Жартылай жарамды техниканы үнемдеу арқылы пулемет оқтарымен немістің зықысын шығару тапсырмасы қойылды.  Алайда ол мергендерді де қаңғыған оқтан аман ету оңайға соқпасы кәдік.

Ұрыс басталысымен оң қабақ танытқандай. Көздеген траншеяларды басып алу мүмкіндігі туды. Шепте тұрған 5 неміс пулеметшісі қалпақтай ұшты. Қалған 15 шақтысы жараланған. Мұндай жағдайға тап болған қалғандары қаруларын тастай сала жан сауғалай қаша жөнелді. Енді бір шамада есін жиған фрицтер өзенге ауысып шабуылды қиғаштай бастап еді, командир Темірғали сол қапталдағы бөлікке команда берді. Бұғып жатып, тынығып алған совет солдаттары  оқты қарша боратты…

Қорытынды. Дұшпан ротасы тұтас күйреді. 22 гитлершіл жантәсілім етті.  7-і қолда. 3 станок және 1 қол пулеметі қанжығаға байланды. Сонымен Жұмашев отряды Ваг өзенінің батыс жағалауындағы неміс қорғанына еге болды. Ендігі нысана — Малацки қаласы!

Темірғали ендігі жоспарды блиндаждағы картасына тесіліп ұзақ ойланды. Тактиканы ауыстыру керек. Осы жолы гранатаның қызығын көру керек. Жарылғыш темірлерді құрт лақтырғандай етіп сондағы елдің есін шығарып қиян-кескі ойын салуымыз керек-ақ.

1945-жылдың 5-сәуірі. Взвод граната жаудырып діттеген мақсатына оңай жетті. Қорғаныстағы немістер қайтерін білмей дағдарды. Алағай шақты пайдаланған әскер 9 фрицтің көзін құртып, 15-ін қолға түсірді. Темірғали әкеміздің өзі 3 неміс солдатын тірідей олжалады.

Батыс майданының қолбасы генералы Кузнецов маршал Жуковқа дереу қоңырау соғып:

  • Жолдас маршал батыс легионы олжалы. Малацки шаһары бізде.
  • Құттықтаймын! Енді не ұсынасыз?
  • Командир Жұмашев бұл жолы сенімді ақтады. Әлбетте адам шығыны да жоқ емес. Қазір қалжыраған сарбаздар ептеп есін жиғаны абзал шығар. Жұмашевтың тактикасы Рокоссовский тәсілінен өзгерек. Бұл азиат адам жанын үнемдеп қойып дала кеңістігін шебер пайдаланады. Бұл өнеріне тамсанып қоюға болатындай.
  • Құттықтаймын! Командиріңіз кәнігі шықса арман не. Иә, естуімше тірідей тұтқын олжалаудың да қас шебері көрінеді. Бізге қазір «тілдер» ауадай қажет. Қош. Сонымен. Жолдас майор Командир Жұмашевті қалай елеп-ескереміз?
  • Жуков жолдас, оны өзге фронтқа жіберуге қарсымын. Үйренген тұсында жалғастыра берсін. Оны жақында Мәскеуге алдырып «ІІ дәрежелі Отан соғысы» наградасына ұсыныс хат жазамын.
  • Әлбетте. Ұсыныс қабылданған уақытта Калинин мен Сталин жолдасқа хабарлаймын, — деп маршал телефон тұтқасын қоя салды.

Уақыт өтті. Берлин алынды. Біз айтқан әкеміз Темірғали Жұмашев елге офицер шенімен оралды. «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. ІІ дәрежелі «Отан» орденін қоса еншіледі. Оралған офицер Н.Н.Крупская атындағы «Әдебиет» факультетін тәмәмдап ұстаздық жолын жалғастырды. Әу басында орыс тілінен сабақ берген ол кейінірек оқу ісінің меңгерушісі, одан соң Егіндібұлақ ауданы, Арқалық совхозы, Шөптікөл бөлімшесінде мектеп директоры болып қызмет атқарды.

Өмірлік жары Қазиза Мұздыбаева да сонау бір зобалаң жылдарда тыл майдангері болды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Соғыстың 55 жылдығына» орай ардагер марапат қағазын еншіледі. «Соғыс ардагері» естелік төсбелгісіің иегері. Жарымен бірлесе жүріп ұрпақ сүйді. Шәкірт тәрбиеледі. Мағыналы ғұмыр кешті.

Елдің қамын ойлаған асыл ер 1967 жылы 47 жасында дүниеден озды. Бұл Алты Алашқа әйгі ақын Тұрсын Жұмаштың әкесі еді…

Шөкен Жұмашев және апамыз Жақсия

Ендігі сөз етер тұлғамыз ағамыз Шөкен Жұмашев (ел кезінде қайырымдылығына бола Шөлә деп атап кеткен) еді. Жігіт кезінен ақ майдан даласына жазылды. № 49 атқыштар полкінің құрамындағы сайыпқыран сарбазға айналды да кетті. Негізінде айта кету керек, Шөлә ағкеміз ол кезде әскер жасына сай келмеген, тым жас еді. Тағдырдың жазуымен кескілескен бір ұрыста оң қолынан жарақат алған. Госпитальде жатқан бозбала жігітті көрген әскер басшылығы «тым жас, әрі қолы жарамайды» деген шешіммен елге қайтарады. Туған жерге келген соң 1950 жылы Семейдің қаржы техникумын тәмәмдаған. Кейінірек Абыралы ауданы Қайнар селосында аудандық қаржы бөлімінің маманы, Егіндібұлақ, Ақтоғай аудандарында банкінің басшысы, сол кездегі Егіндібұлақ ауданының Тұтынушылар Одағының, кейінірек Тұрмыстық коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы секілді түрлі қызметтерді атқарып, жемісті еңбек етті. Қарағанды облысы, бұрнағы Егіндібұлақ ауданында Ғалия жеңгемізбен тоғыз бала өсіріп тәрбиеледі. Еліне қадірлі азамат болды. Өкінішке қарай өмірден ерте озды. Биыл Ғалия жеңгеміз бақилық болды.

Келесі бір ағамыз Көкенді үлкен апамыз Жылжақсы айтып отыратын еді. Алғыр еді деседі. Соғысқа аттанып 1943 жылы хабарсыз кеткендердің қатарында… Негізгі мәлімет «Боздақтар» кітабының І томында жинақталған. Тек «Калининград қаласындамыз. Соғыс басталмақ. Пулеметім сақадай сай…» деген жалғыз ауыз үшбу хат қана қалғаны…

Бастабында біз тілге тиек еткен қаршадай қыз Жақсия ардақты ұстазға айналды. Ел анасына айналған ол қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы Доғалаң ауылында бақуатты ғұмыр кешіп жатқан жайы бар…

Мінекей санамызды сартап еткен сәл сағыныш қолымызға қауырсын алғызды. Негізгі меже жеңістің 75 жылдығы келген уақытта ел үшін жанын берген ұрпаққа тәлім берген осы бір есімдерді қағаз бетіне қалдырып өнеге қылу ғой. Біздің әулеттің шерлі күндердегі шежіресі осылай өрбіді…

Жаратқан кең-байтақ жұртымызға соғыс уытын сеппесін!- деген ақеділ тілекпен қаламымды қаңтармақпын. Болашағымыз баянды болғай!

Ұлы Қанағат Жұмашев

Қарағанды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Террикон алқабы

Сәр Ақп 26 , 2020
Оқылды: 1  420 Қарағанды өңірі республикада ақпараттық технологияларды дамыту бойынша көшбасшыларының бірі болып отыр.  IT және маркетинг жайында өткен бесінші конференцияда өзекті мәселелер қарастырылды.