Ұлттың болашағы-білікті мамандар

Әр адамның өмір сатысымен өсер жолында кішкене және үлкен жеңістер болуы қажет. Солардың арқасында маңызды бір нәтижеге қолы жетуі мүмкін. Яғни, үлкен арман жолында көптеген кіші армандар орындалып, кішкене жеңістерден өту керек. Халық, қоғам, мемлекеттің де өсер жолы осындай күнделікті жеңістерден тұрады.

 

Қазақ елінің соңғы тарихына қарасақ, өзінің тағдырын өзі шешуге мұршасы болмаған, ұлы жеңіс сезімін басынан кешіре алмаған кезеңдерден өтті. Патша үкіметінің отарлау саясатын жалғастырған Совет Одағы кезеңіндегі Мәскеудің тапсырмасымен жеткен «жеңістерді» өзіміздікі санаудың жөні келмейді. Қайда бар десе, сонда баратын, бармасаң басыңды алатын коммунистік жүйенің «жеңістерін» өз қоржынымызға сала алмаймыз. Бізге алға басуға дем беретін үлкенді-кішілі ұлттық жеңістер ауадай қажет-ақ!

Тәуелсіз мемлекетте туып, есейген жас буынымыз әртүрлі салада сондай жеңістерге жетіп жатыр. Шамасы, егемендік сезімі тұла бойларына нәр беріп, өздеріне, қазақ еліне деген сенімдерін күшейтіп, «біз ешкімнен кем емеспіз»,- деген ұғымды дамытып келеді. Бірақ, бұл жеңіске жету жолы жастардың өздерін тек шет елдерде көрсетіп, сол елдердің байқау, жарыстарына қатысып, сонда жеткен жеңістері. Қазақстанда тек талантына сенетін жастардың карьера жасауына әлеуметтік көтермелеу тетіктері дұрыс қарастырылмаған. Бұл бір ащы шындық.

Қабілетіне қарай іріктелген азаматтарды сайлау жолымен қызметке бекітпей… жүйедегі келеңсіздіктерден, ескі сүрлеуден әлі шыға қойған жоқпыз. Бұған біздің тамыр-таныстық, пара беру арқылы өсу жолдарын қоссақ, советтік – азиялық басқару жүйесі орныққан. Осыдан кейін әрине, ғаламтордан барлық жайды біліп-танып отырған, көзі ашық жастарымыз қабілетіне қарай бағаланатын әділетті жүйесі бар елдерге көшуді армандайды, көшіп те жатыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттің, ұлттың дамуына серпін беретін жеңістер әр салада жиі болуы қажет. Жеңетін ҰЛТ- жеңіске қол жеткізуші, жолы болғыш ҰЛТ! Бұл біз сияқты көптен бері жеңіс сезімін сезінбеген қазақ ұлтының зор арман-мақсаты!

Біз бастан өткен келеңсіз кезеңдерді ғана еске алатын, уайым – қайғы басқан, өзімізді «отарлық» сенімсіздікпен уландырған – ашуланғыш, өкпешіл, мін тағуға құмар мінезден арылып, «жеңімпаз ұлтқа» айналу жолын қарастыруымыз керек. Ол үшін қазақтың ұл – қыздары әр салада жетік маман болып, биік белестерді бағындыруы тиіс. Яғни, біз нағыз қазақ саналуымыз үшін ана тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай, өз мамандығымыз бен атқарған істерімізде профессионал болу міндетіміз. Тек тіл, әдет – ғұрып, дінімізге берік қазақ қана емес, әр салада әлемдегі басқа елдермен жарыса алар озат «ҚАЗАҚ МАМАНЫ» болуымыз шарт. Яғни, шынайы, тең бәсекеге дайын ұлт болып қалыптасу! Өкінішке қарай қоғамда қазақтілді мамандар «білімдері таяз, қабілетсіз, жаңалыққа үйір емес, тіл білмейді, өзін- өзі дамыта алмайды»,- дейтін, түсінікті өзгертіп, бізді аса жақтырмайтын топтардың мінездемесін жоққа шығару қазақ жастарының, ел азаматтарының парызы саналуы тиіс. 

Қызыл империяның дәуірлеп тұрған кезінде ауылдан келген біздің, қазіргі орта буынның адам болуымыз үшін орысша біліп, жарыса сөйлеу міндет еді. Басқа тіл үйрену сөкет емес, бірақ сол тілмен бірге жұққан «менменшілдік», «туған еліңе деген немқұрайдылық» өте қауіпті. Сол жолмен жүрген біз, бізді оқытқан мектеп, ауылымыздың өсиет қылып тапсырған «өсіп, елге қызмет ет»,- деген аманатын ұмытып, басқа тілде сөйлеп, елден бөлек кеттік. Көбіміз мансап қуып, құлқынымызды ойлап, қызметке жақын туыстарды ғана алып, жалпы елдің жағдайын ескермедік. Қазіргі қалыптасқан коррупциялық жүйенің біреуі архитекторы болса, басқаларымыз шұрыбы, шегесі болып, іргесін нығайттық.

Әзербайжан елшісі елшілігіне шақырып, Қарабақ соғысында әділетті жақтаушы көп қазақтың бірі ретінде, әлеуметтік желідегі постарымда оларды қолдағаным үшін алғыс хат берген еді. Сол жиында жеңістің қандай құдыретті сезім екендігін бүкіл жан – тәніммен сезіндім. Маған берілген сөз кезегінде туысқан түркітілдес әзербайжандықтарға, өз жеңістерімен біз ұмытқан «Ұлттық Жеңістің» қандай екенін сездіргендеріне алғысымды білдірген едім. Бүгінде «Ұлттық Жеңістерді» қазақ болып сезінетін, осындай ғажап күйді бастан өткізетін күніміз туды. Бұл біздің жастарымыздың әлем деңгейіндегі жетістіктеріне жаппай қуанғанымыздан көрінеді. Бізге ұлттық жеңіске жеткен күндерімізді жиі сездірер жас физик, математик, айти бағдарламашы және ұлтқа қажет басқа салаларда да қазақ тілді, білікті мамандар көбейсін. Жеңістерде кездесейік, ағайын!

Қазақ елі, болашақ ұрпақ, бостандықтар мен Демократия үшін!

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарУ заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры. Қарағанды қаласының мәслихат депутаты.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Кітап сіздермен қоштаспайды

Сей Нау 30 , 2021
Оқылды: 480 Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында 2021 жылы 30 наурыз күні «Оқырман бенефисі» мерекелік құттықтау бағдарламасы өткізілді. Осы жылғыіс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және 2021 жыл Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы аясында өтті. Балалар кітабы апталығы аясында кітапхананың үздік оқырмандары номинациялары жарияланған. Жылдың ең үздік […]