ИТҚҰС

Қазақ болғым келеді

Менің ең көп жағалағаным қазақтың Ахаңы-Ақселеу ағам еді.
Мазасын алам да. Анау не, мынау кім деп.
Бір күні өзі қоңырау шалсын. Анау не деп. Дардай атағына қарамай…
Тағы бір күні тағы да қоңырау шалған. Мынау кім деп. Онысын ұят санаса, кəне?..
Мен Ахаңның осы қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым. Əлі күнге дейін сұрап жүрем. Иттің күшігін не дейді деп. Қасқырдың етін қарға неге жемейді деп. Ақшұнақ аяз дегеніміз не деп.
Бүгінде танымдық бір мақала жазсаң, соңынан жүз сауал түседі. Жауап беріп отырғанымда есімде үнемі Ахаң тұрады. Ахаң не деп жауап берер еді деп!
Керекулік дос, елжанды ақын азамат, бүгінгі бейбіт күннің батырларының бірі Қайролла ҚАЖЕННІҢ əлеуметтік желі арқылы қойған сауалы «Итқұс деген не?» деген сауал еді.
Менің жауабым дайын.
Төменде…
Ал Ахаң тірі болғанда қалай жауап берер еді?!

Қазақтың сөздік қорында мұндай лексемнің болғанымен оның толық мағынасы күңгірттенген. Осынау қоссөздің алғашқы жəне кейінгі сыңарларының мағынасы өз алдына айқын болғанымен бірігіп келіп не мағына беретіні ұмытылған. Оның да жөні бар сынды. Өйткені оның айтылу жиілігі өмір сүру салтымызға қарай сиреген.
Сөз жоқ, қазақ баласы итқұс деп қасқырға қаратып айтады. Осы жерде шүйбөріге де қаратылып айтылмай ма деген сауал алдымыздан атойлап шыға келеді.
Шүйбөрі де ит…
Қасқырды ит деп ұғынсақ ол түсінікті. Өйткені қасқыр ит тұқымдас.
Қасқырды құс деп ұғынсақ қалай болады?

***

Тілімізде «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мақал бар.
Осы мақалды күні бүгінге дейін жете түптемеппіз.
Талпыныстар жоқ емес, бар. Өкініштісі аяғына дейін жетпеген, тəпсірлемеппіз.
Ит те серт ұстаған мақұлықат деп жатамыз.
Ол не серт?
Иттің ата жауы қасқыр. Əйтеуір ол бір рет бетпе-бет келеді. Ата жауымен.
Сонда тайсалмай қарсы түседі. Ата жауына… Əсіресе, шау тартқанда. Иен далаға маңып, қасқырға шығады. Ата жауын ала өледі. Солайы солай-ау, алайда қасқырдың өлексесінің орнына иттің төрт башайының үстінен түсетінімізге не айтамыз?
Демек бір кілтипанының болғаны…
Болғанда қандай?
Бұралқы қасқырдың үнемі аш жүретіні белгілі. Даланың құзғын-қарғасы жүргенде далада өлексе де жата бермейді.Содан амалы құрыған бұралқы ауылды ториды. Қарауылына тоқты-торымды алады. Алайда ауылдың үргеніштері алдыра қоя ма? Алғаусыз үріп аспан астын жаңғыртады ғой.
Қасқырдың ақылды мақұлықат екеніне бүгінде ешкім де дау айтпайды. Ақыл тұрған жерден айланың да шығатыны белгілі.
Бұралқы соңғы айлаға барады. Ит дауысына салып үргенішті ауыл сыртына шығарып алады.
Шығарып алады да…
Төрт башайын қалдырады.
Қасқырдың ит болатын жері осы!

***
Ит тұқымдастардың негізгі ауруы-құтырма.
Ішек құрылысы ауруы да оларға оңай тиіп жатпайды.
Қолдағы иттің аш жүре қоймайтын белгілі. Кейде ит те иттігіне барады.
Əлдеқалай шөжемен ойнаған болып өңештен асырап жібереді.
Ит екенсің деп қазақ осындайдан айтады.
Бұл жерде арамсың, болмаса адалсың деп айтып тұрған жоқ, ит екенсің, қасқыр екенсің деп айтып тұр.
Сондай ауыл иттерінің күресіннен шықпай қалатыны бар. Тауық, болмаса қаз сойған үйдің күресінінен.
Кəнігі итбегілер соның сырын білсе керек. Білгенде қандай?
Олар итке арнап құс өсіреді. Болса кептер, болмаса көгершін ұшасы да жарайды.
Əсіресе, тазылар кептер етіне өш келеді.
Иесі құс етін бермегенде өздері ауыл шетіне шығып кептер аулайды. Құс болып қиқулап, аспандағы кептерді жерге түсіреді. Қалғаны белгілі.
Түтесі шыққан қауырсындары қалады…
Қасқыр да ит…
Ол да қиқулап құс түсіреді…
Кептерін де…
Көгершінін де…
Дуадағын да…
Уілдеп…
Дулап…

***
Сонымен қасқырымыз…
Ит те екен…
Құс та екен…
ИТҚҰС екен…

Торехан Майбас журналист, этногроф-жазушы, Этнография айдарының тұрақты авторы

Келесі мақала

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНЕ 100 ЖЫЛ!

Дүй Ақп 3 , 2020
Оқылды: 4  018 Биыл Алашорда үкіметіне 100 жыл толады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ-қырғыз сиезіне қазақ даласының әр аймағынан жиналған 82 делегат ішінен 15 адамнан тұратын Алашорда ұлт кеңесі, яғни үкіметі құрылды. Егер осы күні Алаш қозғалысына қатысы бар 940 адамның есімі мәлім болса (Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы), […]

Ұқсас мақалалар