ЖАЛҒАН

Төрехан МАЙБАС, жазушы-этнограф, «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының вице-президенті, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті.

1954 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының Ақшатау кентінде дүниеге келген. ҚР Журналистер Одағының мүшесі (1994). ҚР Жазушылар Одағының мүшесі (2014). ҚР Мәдениет қайраткері (2004). Марат Қабанбай атындағы сыйлықтың лауреаты (2004). Шет ауданының Құрметті азаматы (2014). ҚР Құрметті журналисі (2018).

Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі, оқытушы-филолог (1980). Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттарының бірінші шақырылымының депутаты болып сайланған (1994). Спорттың тоғызқұмалақ ойынынан Қазақстан халықтары ІІ жазғы спартакиадасының күміс жүлдегері (2000), И. Нольд атындағы халықаралық турнирдің бас жеңімпазы (1998). Қарағанды облысы тоғызқұмалақшылар командасының бас бапкері болған (1999-2005).

1971–72 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының автоматты есептегіш техникалар факультетінде оқиды. 1973 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. 1980 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп келеді.                                                         

1971–72 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының автоматты есептегіш техникалар факультетінде оқиды. 1973 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі.

1980 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп келеді.

1991–97 жылдары Ақадыр аудандық газеттерінің бас редакторы,1997–98 жылдары Шет аудандық газетінің редакторы, ал 1998 жылдан бастап облыстық «Орталық  Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі.

2009-2011 жылдары «ҚазАқпарат» баспасының директоры.

2012 жылы республикалық «Жас қазақ» қоғамдық-саяси газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі.

2012-2017 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары болып істеген.

Көптеген прозалық, танымдық кітаптың авторы. Бірқатар марапаттың иегері.

Сайтымыздың Этнография айдарының тұрақты авторы.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

ЖАЛҒАН

 ТУМАҚ – СҮНДЕТ…

 «Өлмек парыз, – деп айтар, – тумақ сүндет»,
«Мойынға ораза, намаз, – дейді, – міндет».
Алымдар орындауды мәжбүр етер,
Адамға Мұхамбетке болған үмбет.
Егер де намаз палуан пасық шықса,
Олардан ыбырат алып жұрт не білмек ?
Мың ірәкәт намаздан артық деген,
Кісіге істеген бір ізет – үрмет».   

                                       Майлықожа.

Сөзіміздің бісімәлласын тақырыбынан бастасақ па деймін. Тумақ – сүндет дейді Майлықожа бабамыз. Туылмақ демейді, тумақ деп отыр. Ол кісінің он тоғызыншы ғасырда өмір сүргені белгілі. Араға екі ғасыр түскенде туылмақ деп сөйлеуіміздің жөні қайсы? Бұл тілбұзарлық, басқа ештеңе емес, одан қалды надандығымыздың көрінісі. Бұлай бара берсек бір күні туған жер деп жазудың орнына туылған жер деп жазуымыз бек мүмкін.

Сонымен адамның бұл дүниеге келмегі сүндет екен. Адам бұл дүниеге туу үшін, көбею үшін келеді екен. Адамның адами болмысының миссиясы осы. Бұл миссия барша мақұлықатқа қатысты. Ұрық шашқан көптеген мақұлықаттың миссиясын орындағаннан кейін өлетіні сөзіміздің дәлелі болса керек.

Тумақ сүндет болғанда өлмек парыз. Өзің туып, өзгені тудыру сүндетке жатады. Сүндет амалы орындалған соң ғана өлмек парыз…

Барша мақұлықаттың көбеюі жұптық жартылысынан болмақ. Адам баласы да сол жұп тіршіліктің бірі ғана. Туу, көбею осы жұпқа байланысты. Ол жұп аналық, аталық деп аталады. Тұңы аталығы.

Тіршілік жалғастығының табиғи қатаң сұрыптаудан өтетіні белгілі. Мұны ата-бабаларымыз да жақсы білген. Ата-тегіне  қарау содан барып шыққан. Жай ғана құда түсіп қоймай соқыр құдалыққа дейін барған. Балалар тумай жатып белқұдаласқан. Өйткені маһаббат-саһабаттан гөрі ұрпақ жалғастығы маңызды болған, әрине.

Босаға аттағаннан кейінгі әйел баласының орыны ерінің сол жағы болған. Жатса да, отырса да, тұрса да.

Ендігі жерде ауылдың назары жас келінде болады. Оның жүріс-тұрысындағы, бет пішініндегі өзгерістерді аңдиды. Керегеорамалын шаршылап ене де дайын отырады. Содан бір күні сүйінші хабар жетеді. Келіннің бетіне білінер білінбес ноқат жүгірді деп. Міне, осы кезде енесі аяғына шалынып жүріп керегеорамалын керегеге іледі. Бұл келіннің аяғы ауыр дегенді білдіреді. Осыдан бастап келін барша ұсақ-түйек жұмыстан азат.

Жүктілік әйел баласының ағзасына үлкен өзгерістер алып келеді. Тамақ жақпайды, тәбеті тартпайды, жүрегі айниды. Аңсары белгісіз бір дәмге ауады да тұрады. Оның бір жапырақ ет болуы мүмкін, бір шөкім тұз болуы мүмкін, бір қасық қаймақ болуы мүмкін. Мұны бір сөзбен жерік (жерікас) дейді.

Осы кезде құрсақ шашу жасалады. Оған көрші-қолаң әйелдер жиналады. Келіннің жерігін басамыз деп өздері дайындаған жылы-жұмсақтарын, таңсық дәмдерін ала келеді.

Келіннің жерігі басылды ма деп қалған дәмді итке тастайды. Ит оны жейтін болса итжерік дейді. Иттің жерікасқа қосарлануы құпталмайды. Құрсақ шашу әрі жалғасады. Бір күні табылады. Әдетте, жүкті әйелдер қышқыл, тұзды дәмдерге жерік болады. Соған орай топырақ жеп, малта жеп, қытыр (кесек тұз) жеп жерігін басып жатады. Ал мұндай асты иттің жеуі екіталай болса керек.

Мұндай хабарды сүйіншілеп жатады.

Құсжерік дегені тағы бар. Мұнысының табиғаты бөлектеу. Кейбір келіндердің жерігі басылмай қояды.  Олар кептер, болмаса көгершін етіне жерік болады. Соржерік дегені бар. Олар ащыға өш келеді.

Өтжерік дегендері де болады. Ондайларды ел жақсы ырымға жорыған. Өйткені ондай әйелдер әдетте қасқырдың не аюдың өтіне жерік болады. Оларға әлгі өтті көлеңкеде қақтап кептіріп жалатқан.

Әдетте қасқырдың болмаса аюдың етін ешқандай мақұлықат жемейді. Алайда құс төресі бүркіт жейтін көрінеді.

Мұндай жағдайда кішігірім той да жасалған. Өйткені дүниеге ер бала келеді деп білген. Ондай балалардан батыр шығады деп дәметкен.

Әйел итжерікте қалса үйден ұзамайтын бала туады деп, болмаса қыз бала туады деп жорамалдайды. Ал итжерікте қалмаса түзбала туады деп қуаныштап жатады. Түз бала деп бабаларымыз осындай себеппен ер балаларды айтқан.

Сонымен тіршілік көзі түйін түйді делік. Жалпақ тілмен айтқанда оны туыт деген бабаларымыз. Аудармашылар құлағына сала кетелік – эмбрион сөзінің баламасына осы туыт сөзін алсақ қателесе қоймаспыз деп ойлаймын.

Туыт табиғатына орай өсіп жетіле бастайды. Қашанға дейін. Толғаққа дейін, әрине. Баланы әйел тумайды, толғақ туады.

Ана толғағының өзі қиындықпен жүреді.

Біреуі асып туады, мұны қашатолғақ дейді.  Енді біреуі жетпей шала туады, мұны – асатолғақ дейді. Толғақтың бұл екі түрі де жас сәби үшін қатерлі. Дұрыс күтім болғанда олар шетінемей қалады.

Ұзынтолғақ, айтолғақ, толғақ, толғақ,

Жар бола гөр, Ұмай ана, өзің қолдап…

Ал керек болса. Осынау халық өлеңіне сенсек толғақтың үш түрі барлығы көрінеді.

Қазақтар толғаққа «ай есебін» алған. Әдетте бір айда отыз күн бар. Осының үш күнін ай есебіне сидырып, өлі күн деп отыз күннен шегеріп тастайды. Өйткені, аталған үш күнде ай көрінбейді.

Айырым – жиырма жеті. Бұл кәдімгі үш тоғыз. Осыдан-ақ толғаққа бабаларымыздың тоғыз санын арластырғанын көруімізге болады. Жиырма жеті – үш тоғыздың қосындысы. Бірінші тоғыз – етеккір тоғызы деп аталады. Екінші тоғыз – арылу тоғызы. Үшінші тоғыз – кездесу тоғызы. Осы үш тоғыз (есебі) етеккір аяқталғаннан бастап жүргізіледі.

Ерлі – зайыптылар соңғы тоғыздың тақ күнінде кездессе дүниеге ұл келеді деп есептеген, соған орай аға-жеңгелері жас жұпты осы күнге кездестіруге әрекет жасаған. Ал жастар жұп күнінде кездессе дүниеге қыз бала келеді деп есептеген.

Тоғыз есебі бойынша тоғыз айда жиырма жеті күннен есептегенде 243 күн болады. Оған үш тоғызды қосыңыз. Қосындысы – 270. Айдағы отыз күнді тоғызға көбейтсек те осы сан шығады.

Тоғыз айымыз осы.

Тоғыз күніміз – есе тоғыз.

Есе тоғыз дегеніміз –кездесу тоғызы. Тоғыз ай, тоғыз күн толғағымыз осы.

Толғақтың жете, өте, кете түрлері барлығын да айта кетелік. Олардың табиғаты осы ұзынтолғақ, белтолғақ, айтолғақ табиғатынан онша ұзай қоймайды. Белтолғақты ел ішінде ортатолғақ деп айтушылық бар.

Толғақ қыз толғақ және әйел толғақ деп екіге бөлінеді.

Қыз толғақ деп әйел баласының бірінші рет босанардағы толғағын айтады. Бұл толғақ алдайды. Тар құрсағы кеңейгеннен кейінгі толғақтардың барлығы қатын толғақ делінеді.

Толғақ алты айдан кейін басталады. Мұны ұзынтолғақ дейді. Ұзынтолғақта әйелдің құйымшақ сүйегіне баса назар аударылады. Өйткені, құйымшақ сүйегінің ашылмай қалуы мүмкін. Сондықтан, кұйымшақты құйрық (қой) майымен төменнен жоғары қарай білемдеп сылайды. Осы ұзынтолғақта дүниеге келетін баланың жынысы анықталады. Ер бала жоғары, қыз бала төмен орналасады. Ер бала болса әйелдің іші шошақ, үшкір болып бітеді, қыз бала болса дөңес келеді. Ер бала қимылдағанда оң жақтан, қыз бала сол жақтан қимылдайды.

Осы ұзынтолғақта әйелдердің босанып қалатындары да бар. Мұндай жеті айлық балалар әлгіндей дайындық болған жағдайда аман қалады. Оларды тұрар дейді. Ұзынтолғаққа баса назар аударудың басты себебі осында жатыр.

Жеті айдан кейінгі толғақты белтолғақ (ортатолғақ) дейді. Жеті айында дүниеге келмеген бала осы белтолғақта келсе оның адам болып кетуі некен-саяқ. Сондықтан елдің тілеуі әйелдің үстінде болады. Қалайда белтолғақты келтірмеудің жолын қарастырады. Бұл кезеңде әйелді жүресінен отырғызбайды, көйлегінің етегін бүреді, көйлектің ішінен қамбал кигізеді, серуендетуді жиілетеді. Олай болмағанда іштегі баланың қозғалысы көбейеді.

Соңғы айдағы толғақ айтолғақ деп аталады. Бұл енді мерзімімен келетін толғақ. Елдің көңілі жайланады.

Баланың қимылдауы көбейеді. Әйелдің бүйір таянатын тұсы осы. Бала дүниеге келерде салмақ бүйірге түседі. Әйелдің ұзын немесе белтолғақта бүйір таянуы өте қауіпті. Түсік тастауы мүмкін. Сондықтан да бүйір таянуды қазақ жаман ырым санайды. Бүйіріңді таянба деген тыйым сөз содан қалған.

Айтолғақ қысқаннан бастап баланың түсер жолы ашыла бастайды. Ол қатаң есепке алынады. Үш елі ашылса іште дейді, төрт елі ашылса келді дейді. Бес елі ашылғанда бала белге түседі. Жеті елі ашылса жерге түседі.

Толғағы келген әйелдің өздігінен, өз күшімен босана алмауы мүмкін. Мұндай жайт алғаш босанған әйелдерде жиі кездеседі. Мұндай жағдайда қатын күреске түсіп жүрген палуан әйелдер шақырылады. Бұл жерде бел тарту әдісі қолданылады. Бұл әдіс бойынша қарулы қол керек болады. Өйткен, әйелдің белін қапсыра құшақтап, ішін төмен қарай басып, әйелдің босануына көмектеседі. Кейде бел тартысына ер-азаматтар да араласа береді.

Баланың көлденең келуі де мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа сойылған малдың тазаланған ішегін қолға киіп, баланы түзеп жібереді. Бала теріс келген жағдайда әйелді арқанға тартады. Әйелдің екі аяғын жоғары, басын төмен қарата асып, әйелдің ішін сылау арқылы баланы жайлап түсіреді.

Дүниеге келген бала өздігінен дыбыс бермейді. Дыбыс шығару үшін майқұйрықтан салып жібереді. Бала шар етеді. Адамның дүниеге жылап келетін себебі осыдан.

Қыз бала болсын, ер бала болсын оны анасының оң жағына жатқызады. Өйткені сәби қашанда періште. Мұндай бала анасының иісін тез алады. Соған орай анасын жазбай таниды. Кей балалардың анасының көйлек-көншегінің иісінен тыныштанатыны содан. Кіндіктері оратылып туып, анасының жанына кеш барған баланың иіс алмауы мүмкін. Ондай баланы қазекем «иісалмас» деп жазғырған. Шешесі баладан кеткенде оны ауылдың жас әйеліне телиді. Ондай бала тез жетіліп кетеді. Оларды исал (иісал) деп жатады. Кейде керісінше шығып жатады. Ондай баланың артынан қолжетім деген сөз ереді. Қолдан жетім қылып алғандарын айтқаны болар.

Сәбидің кіндігін кескен адамды кіндік шеше дейді. Әйелді босандыратын адамды (әйелді) аққол деген.

Одан кейін баланың қырықкүн шілдеханасы басталады. Бұл қырық күн жас ананың сергектігін талап етеді. Баланың бастырылып қалуы, тұншығып қалуы сынды тосын жайттардың алдын алу деген сөз. Соған орай қыз-қырқын сәбиі туған үйді төңіректейді.

Туғаннан соңғы үшінші күнінде азан шақырылып, есімін береді. Мұны ат қою дейді. Оған дейін бала «Құдай бере салған» есімімен жүре тұрады.

Ат қоюды көп жағдайда ат тергеумен шатыстырып алып жүрміз. Есімі қолайсыз, болмаса алып жүруге ауыр болса (Мұхаммед, Ахмет, Махмұт…) азан шақырып, есімін қайтып қояды. Мұны бабаларымыз ат тергеу дейді. Сондай-ақ жаңа ортаға түскен келіннің (жеңгенің) қайын жұртының есімін (Балта-Шапқы, Айтбай –Атамайым…т.б.) бадырайтып айтпай баламалап айтуын да ат тергеу дейді.

Бала туғандағы сүйінші хабарды да айта кетелік. Жалғанның жарығын ашқан бала ер бала болса аңшы, қыз бала болса саятшы деп сүйіншілеген. Дүниеге жеті айлық қыз бала келіп жатса отыз жеті деп, ер бала келіп жатса тұрар деп анықтай түскен. Ал туыт уақыты толық болғанда қыз бала туса қырық жеті деп, ер бала туса атұстар деп сүйіншілеген.

Есімі қойылған, болмаса қайтып тергелген бала шетінеп кеткен жағдайда жаназасы шығарылады.

Қырқынан шығарылмаған бала шетінеп жатса, ел сап құрып, қатарға тұрып жатпайды. «Жақсы адам ба», «қарызы бар ма» сынды сұрау салу болмайды.

Қырқынан шықпай қайтыс болған баланы шетін деген. Оларға арнап бейіт, мазар соқпаған. Өйткені оларды періште деп есептеген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ЛЕНИН жəне ƏЛІМХАН ЕРМЕКОВ

Жұм Сәу 24 , 2020
Оқылды: 3  504 Сәуірдің 22-сі Лениннің туған күні. Пролетариат көсемінің дүниеге келгеніне 150 жыл толып отыр. Лениннің қазаққа жасаған жақсылығының бірі патша үкіметіне кетіп қалған жерді қайтарып бергені. Тарихқа жүгінсек, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Әлімхан Ермекұлы 1920ж. өткен жиында Лениннің алдында дәлелді тұжырымдар келтіріп, 12 мың шақырым шекараны бір оқ […]