Қолына қару алып Отан қорғау ерлердің ғана ісі емес. Ежелден-ақ ерлермен бірге иін тіресе жауынгер әрі батыл әйелдер Ұлы дала кеңістігін қорғаған. Қазіргі тарихи кезеңде де тәуелсіз Қазақстанның армиясында көптеген нәзік жандар қауымының өкілд ері әскери қызмет атқарып жүр.
Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде әйелдердің орны Еуропа және Шығыс қоғамына қарағанда, жоғары болған. Әйелдер отбасының сақтаушысы, балалардың анасы әлеуметтік рөлін орындағаны сөзсіз, бұл ретте қажет болған жағдайда қолына қару алып, ерлермен бірге өз отбасын және Отанын қорғаған.
Қазақ әйелдері ерте жастан өзіндік физикалық дайындықтан өткен – қыздарға ат үстіне отыруды, епті және күшті болуды үйреткен. Ер балалармен бірге ат жарысы – бәйгеге қатысқан, сонымен қатар, «қыз қууда» олар негізгі қатысушылар болған.
Тарихта көптеген жарқын жауынгер қыздардың болғаны мәлім. Ұлы Отан соғысы жылдары – пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ақима Ақжолова және басқа да қазақтың қыздары ерлік көрсеткен.
Әскери қызметші әйелдер бүгінгі күні де ерлермен бірдей еліне қорған болып, әскери қызмет атқарып жүр.
Әскери қызметтің қиын жағдайларына және үлкен жауапкершілікке қарамастан, Приозерск гарнизоны, 44841 әскери бөлімінде де әйелдер ерлермен қатар мансаптық сатымен жоғарылап, жауапты да үлгілі лауазымдарды атқарады. Олар, 44841 әскери бөлімінің кіші сержанты Бағила Куданова және медицина бөлімшесінің медбикесі қатардағы жауынгер Нұрлыайым Байдильденова.
Кіші сержант Бағила Қуданова бөлімнің барлық мәдени және жауынгерлік іс-шараларына белсене қатысып келеді.
Осындай әпкелерін үлгі тұтып ізін басып келе жатқан қатардағы жауынгер Назгүл Байдильденова әскер қатарына шақырылғанына көп уақыт болмаса да, өзінің алғырлығы мен ынта-жігерімен көзге түсіп үлгерді. Өз ісінің маманы – Назгүл жауынгерлік даярлықтан, оның ішінде атыс даярлығы және дене даярлығынан жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Осындай алғыр аруларымыздың ҚР Қарулы күштерінің қатарында қызмет атқаратындығы қуантатын және өсіп келе жатқан жастарға үлгі боларлықтай жәйт.
Бүгінде әйелдерсіз қазіргі армияны елестету мүмкін емес. Олар – кейбір міндеттерді өздерінің психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне орай ерлерге қарағанда, анағұрлым жауапты әрі тиімді орындайды. Жалпы, олар ерлерден кем қызмет атқармайды.
Думан Жұмашұлы лейтенант,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы