Экология — өзекті мәселе

Экология – аймақтағы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Мәселен, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың 80%-ы алпауыт компаниялар – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тиесілі. Осы және өзге де мәселелер облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Отырысқа қоршаған ортаны қорғауға жауапты барлық уәкілетті органдар шақырылған екен. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, облыста 2017 жылдан қоқысты қайта өңдеу көлемі сегіз есеге артқан. Ал, 2018 жылы 280 тоннадан асатын қоқыстан полимерлі тротуар плиткалары, жабындылар, металлофиль, шлакоблоктар, темір-бетон бұйымдары, кәріз люктері жасалған. Қайталама шикізат Павлодар, Алматы облыстарына, қалаберді Ресейге де жөнелтіледі. Тіпті, инвесторлармен алдағы жылдары қуаты жылына 300 мың тоннаны құрайтын қоқыс өңдеу зауытын салуға қатысты келіссөздер де жүргізілуде. Алайда, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі – өзекті. Руслан Мәлікұлы облыстағы 202 ҚТҚ полигондарының стандартқа сәйкес келмеуі де мәселені ушықтыратын айтады. Одан бөлек, космостан қадағалау барысында, мыңға тарта санкцияланбаған қоқыс тастау орындары да анықталған.

Облыстағы су ресурстарын қорғау мәселесі де жетісіп тұрғаны шамалы. 63 су қоймасындағы, 37 бөгеттегі судың тазалығын қамтамасыз ететін 262 гидротехникалық құрылғы бар деген күннің өзінде, 1970 жылы салынған су тазалау бекетінің тозығы жеткен техникалық жағдайы бүгінгі күні – сын көтермейді. Облыс бюджетінен су қоймаларында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бөлінген 90 млн. теңгеден астам қаржы бұл мәселені түбегейлі шешпейтін тәрізді.

– Табиғатты қорғау шаралары аясында биыл Шерубай-Нұра және Топар өзендеріне санация жүргізіледі. Бұл су нысандарының жағдайын жақсартады, – дейді Руслан Төлепбаев. Сондай-ақ, өткен жылы 1,5 млн. түп көшет отырғызылған. Биыл да 426 гектар жерге ағаш отырғызу – жоспарда.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков экологиялық басты проблемалардың бірі – «шықпа жаным, шықпамен» тұрған тазарту құрылғылары екенін айтады. Бүгінгі таңда қалада су тазалауға рұқсаты бар жалғыз ғана «Қарағанды-Су» ЖШС-дегі су тазалау құрылғыларының жұмысы көңілге қонымсыз. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, ол да тиісті нәтиже бермейді. «Қазгидромет» деректері бойынша облыс өзендерінің ластануы – жоғары. «Ал, жағдайды тек облыс қана емес, республика бюджетінен де қаржы бөлу арқылы ғана жақсарта аламыз дейді» ол.

Дегенмен, негізгі проблема, жоғарыда айтып өткеніміздей – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тарапынан орын алып отыр.

– «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не Жезқазған мен Теміртау қаласы бойынша өткен жылы талап ету арқылы күкірт-қышқыл цехын салу және пайдалануға беруді талап еттік. Егер ол іске қосылатын болса, 2020-2021 жылдары зиянды шығарылымдар көлемін 60 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деген болжам бар, – дейді Қанат Мұсапарбеков.

Сондай-ақ, атмосфералық ауаны тазарту мақсатында Экология, геология және табиғи рестурстар министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен меморандумға қол қойған. Меморандумның негізгі тармақтарының бірі – ағаш отырғызу. Оның аясында Теміртау-Қарағанды тас жолының бойында 500 дана ағаш отырғызу керек болса, 2020 жылы – 100, 2021 жылы – 200, ал, 2022 жылы қалған 300 түбін отырғызу жоспарда. Дегенмен, қоғамдық кеңес өкілдері ағашты отырғызу өз алдына, оған күтім жасау бөлек дүние екенін де айтады. Себебі, көшеттердің көпшілігі күтіп-баптау болмағандықтан, қурап қалған.

Келесі мақала

Алыпсатарлық — нағыз бизнес емес

Сей Қаң 21 , 2020
Оқылды: 1  486 Қазақстан экономикасын дамытуға билік емес, қарапайым халық мүдделі. Өйткені, экономика дамыса, халықтың әл-ауқаты да артады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрмыс түзеледі. Дамыған елдерде экономиканы алға сүйрейтін негізгі күш – шағын және орта бизнес. Ал, бізде ше? Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Кәсіп бастаймын деген […]