Қазақстандағы Корпоративтік дискриминация және диаспора мәселесі

Редакциядан: Біз материалды жариялай отырып, автордың жеке көзқарасы екенін ескертеміз!

Президентіміз Қ.Тоқаев «Қомсомольская правда» газетіне берген жауаптарында:

– Қазақстанда «диаспора» түсінігі жоқ, барлық азаматтар, оның ішінде орыс азаматтары да қоғамның толық мүшелері, мемлекетіміздің жан-жақты күшеюіне өзінің үлестерін қосуда,- деді. Айтқаны шындық. Бұл жерде Ресей журналисттерінің астарлы мағынамен қойылған сұрағына президент «Неге бізде диаспора жоқ?» деп толымды жауап берді, соны бір талдасақ.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

«Диаспора» дегеніміз – бір этникалық немесе діни топтан туындаған «Отанынан» ұзақ жерде мығым және күшті орталық құрып, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлеріне, діни түсініктеріне бағына ерекшелене өмір сүруі. Көз алдымызға еріксіз Американың Чайнатауындары, қытайлардың өздері ғана тұратын аудандары келеді. Армения, Израиль, Үндістан, Қытай, Араб сұлтанаттары, Түркия сияқты елдердің диаспоралары тұрып жатқан жерлерден өздерінің туған «Отандарына» еңбек етіп, ақшалай және басқа жолмен көмектеседі. Тұрған жерінің ортасына оқшауланып, сіңісіп кетпей, ерекше бірге тұрып, өз елдерінің көзқарасын, мәдениетін, киім кию, тағамдарын кең таратуға тырысады, жарнамалайды. Жергілікті тұрғындар ішінен қызығушыларды таңдап, өздеріне тартып, дін мен мәдениетінің сүйсінушілеріне айналдырады. Мысалы, Қазақстанда үнді би-өлеңдеріне, жалпы үнді мәдениетіне қайран қалушы топтар бар. Арабтардың діни ағымдарын, киім үлгісін, тұрмыс салтын қайталаушы топтар да арамызда көбірек кездеседі. Кейінгі кезде Ресейде өздерінің шетелдегі отандастарына «Русский мир» деген саяси жобаны тудырып, оны ұтымды қолдануда. Осындай диаспоралар, бөліне өмір сүру қаупін біздің елге әкеледі, бізбен бір пойызда келе жатса да, бөлек вагонда жүргісі келеді. «Жүзден астам ұлттар тұратын ел»,- деп кеуде қағып жүргенде, кейінгі дүнген оқиғаларынан соң мақтанышымыз үрей тудыратын факторға айналды. Өздерінің майында қуырылған, мұсылман ағайындарымыз деген дүнгендер Қытайдағы дәулетті ағаларымен байланысып, өздерін ерекше бір топ көре бастағандары белгілі болды. Міне, сонда ғана біздің ішімізде өз тілі, әдет ғұрпымен, кәсібімен бөлінгендердің ертең бүлік әкелуі, мемлекетке қарсы әрекетке баруы оңай екенін түсіндік. Полиция қызметкерлеріне қол көтерілді, тіпті соққыға жығылды. Отанымыздың бір, алайда мектептердің әр тілде болуы, мемлекеттік тілді сыйламауға, жалпы қазақ еліне деген сый-құрметтің қалыптаспауына әкелді. Мемлекеттік тілді қазақ халқынан бөліп жарып, «мемлекеттік тіл» деп айдар тағылуында үлкен саяси қателік жатыр. Мемлекеттік тіл деудің орнына «қазақ мемлекеттік тілі» деп аталуы керек еді. Себебі тіл түсінігі қазақ халқынан бөліп қолданылатын ұғым емес. «Қазақ мемлекеттік тілі» деп аталмай, тек «мемлекеттік тіл» деп айтылуы басқа ұлттардың Қазақстанды бір бөлшек, қазақ халқын басқа бір бөлшек ретінде түсінулеріне әкеп соқты. Осыған дәлел ретінде қосарым – кеше ғана өткен «Ашаршылық» күніне байланысты жүзден астам ұлттардың бір азаматы ортаға шығып бізбен бірге қайғыратындарын білдіре алды ма? Жоқ. Себебі бұл күн – олар үшін алдыменен саяси қуғын-сүргін көргендер күні ретінде Қазақстанда аталып өтеді, ал «Ашаршылық» болса – қазақтардың жеке бас оқиғасы. Халқымыздың басынан өткен ашаршылық саяси баға берілмеген түсініксіз бір күн ретінде қалды. Осыған қарағанда, «Егеменді қазақ елінде тұрамыз»,- деген ой-түсінік көбінде әлі де қалыптаспаған, тек совет елі инерциясымен өмір сүруде. Үйдің ішінде үй құрғысы келетін диаспоралардың құрылуы біздің толық унитарлық мемлекет құру мақсатымызға қайшы келеді. Бөліну, ерекшелену, бір бөлек тұру, диаспоралық көзқарас «корпоративтік дискриминация» түсінігін елімізде қалыптастыруда. «Корпоративтік дискриминация» дегеніміз – басқа ұлттардың өз компанияларына қазақтарды алмауға тырысулары. Кейбір аймақтарда, біздің Қарағандыдан солтүстікке қарай бұл жағдай жеке-меншік секторларда ара-тұра бой көрсетуде. Кейбір өңірлерде қысылмай, «славян тектес ұлт өкілдерін ғана жұмысқа аламыз» деген жарнамалар да кездеседі. Зайырлы мемлекет болғандығымыздан кәсіпкерлік, гендерлік, дін, тіл себебімен дискриминация жасалуға жол берілмеуі керек. Мысалы: сізге қазақша қызмет көрсетілмеуі тіл дискреминациясына жатады. Мұның себебі – мемлекеттік тілдің орындалуын мәжбүр қылатын заң нормаларының жеткіліксіз болуы. Мұндай көріністердің болуы басқа ұлттардың бір жағынан өз мүдделерін қорғау мақсаттарына негізделсе, екінші жағынан қазақша сөйлегендердің өз елінде дәулетті, бай-қуатты болмауында жатыр. Өз елінде несиенің астында езілген, жалақылары мардымсыз, жастары пәтер жалдап өмір сүрген халықтың өзін де, тілін де кім ескеріп сыйлайды?. Басқа ұлттар арабша, қытайша, түрікше неге үйренгісі келеді? Себебі бұл елдердің экономикасы дамыған, азаматтары дәулетті-бай халықтар болғандықтан. Қазақша сөйлеген бай дәулетті кісі көбейсе, ол халықтың тілін, мәдениетін білуге жарысатындар да көбейер еді. Сондықтанда ел басындағылар «Мемлекеттік қазақ тілін» дамытуға ниетті болса, қазақша сөйлегендердің экономикалық жағдайының өсуін алдыменен қамтамасыз етулері керек. Қазақты жетімсіретпей, тілімен бірге байыту, бөлінбейтін мақсат екенін түсінетін уақыт келді. Ел байлығын ұстағанның қолына, тістегеннің аузына беріп қойып, талан-таражға айналдырмай…!

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

HALYK BANK пен SULPAK СЕРІКТЕСТІГІ

Бей Мау 11 , 2020
Оқылды: 2  984 Halyk Bank және Sulpak бөліп төлеу арқылы сатып алудың онлайн сервисін іске қосты. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Ірі отандық банк Halyk Bank пен электроника және тұрмыстық техника нарығындағы көшбасшылардың бірі Sulpak компаниясы ұзақ мерзімді серіктестік шеңберінде тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алудың жаңа онлайн сервисінің […]