Философия ғылымының білім беру саласындағы рөлі

 Философия – бұл ғылым салаларының ішіндегі ауқымы үлкен, гуманитарлық салалардың түп-тамыры, бастауы деуге болады. Қазіргі әлемдегі әлеуметтік өзгерістерге және посткеңестік кеңістіктегі мәдени өзгерістерге байланысты гуманитарлық білім Ұлттық білім беру жүйесінде өте маңызды рөлге ие болып отыр.

Қазіргі уақыттағы бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру жолында жоғары оқу орындары мен білім беру саласындағы кез-келген ұйымдар, оң өзгерістер үшін философиялық көзқарастар айтарлықтай маңызды рөлге ие. Қазақстандағы жоғары білім берудің заманауи реформалары (университеттерді оңтайландыру, техникалық ғылымдарға көп көңіл бөлу, т.б.) сөзсіз білім беру бағдарламаларының оқу жоспарларындағы іргелі ғылымдардың үлесін қайта қарастыруға әкеледі. Бұл жағдай философиялық пәндер үшін әсіресе өзекті болып отыр, өйткені оларды практикалық тұрғыда қолдануды негіздеу өте қиын.

Бүгінгі таңда жоғары білім беру саласындағы тенденциялар философиялық емес факультеттерде философияны зерттеуге сағат санын азайту қажеттілігін көрсетіп отыр. Университет қабырғасында философия негізгі (міндетті) цикл пәні ретінде белгіленгендіктен, білім беру бағдарламаларының құрастылушылары бүгінгі таңда философияны оқытылатын пәндер қатарынан мүлдем алып тастай алмайды. Бұл тізімде психология, әлеуметтану, құқық және т.б. сияқты пәндер бар. Негізінен, міндетті білім беру бағдарламасы ретінде философия курсына ең аз сағат бөлінеді, уақыттың көп бөлігі студенттердің тәуелсіз оқуына, яғни таңдау бойынша элективті пәндерге бөлінеді. Әрине, бұл процесс кәсіби цикл пәндеріне жалпы бағдарлануға және бір оқытушыға студенттер санының нормативтік көрсеткішінің артуына байланысты болады.

Соңғы уақытта факультеттердің оқу жоспарларында философиялық пәндердің болуы қажеттілігін түсінбеушілік бейінді кафедралардың оқытушылары мен білім беру бағдарламаларының менеджерлері тарапынан да байқалады. Олар гуманитарлық емес мамандықтар студенттерін даярлауда философияны артық деп есептей отырып, қолданбалы сипаты мен практикалық қолданылуы бар бейінді пәндердің үлкен құндылығына сілтеме жасайды. Осыған байланысты Н.Бор, М.Планк, Э.Шредингер, М.Борн және т.б. көрнекті ғалымдар аталып өтіледі. Осы ғалымдар жаратылыстану ғылымдарының дамуындағы философияның рөлін әрқашан жоғары бағалады және ғылым мен философияның байланысын сөзсіз деп санады. Мысалы, А.Энштейн «философиялық оппортунизмге» қарамастан, ғалымдар жаңа іргелі теорияларды құруға қатысты философияға жүгінуге мәжбүр екенін атап өтті.

Тағы бір көрнекті теориялық физик В.Гейзенберг гуманитарлық білімнің рөлі туралы айтаотырып, оның мазмұны, тәжірибелік іс–әрекетте әрдайым қолданыла бермейтініне қарамастан, бұл өте қажетті екенін атап өтті. В.Гейзенберг өз ойы жайлы былай деп жазады: «Біздің Батыс Еуропа мәдениетіміздің барлық күші практикалық қызметтің түбегейлі мәселелерін шешумен тығыз байланысынан туындады және әрқашан туындайды».

Неврология саласындағы әйгілі қазіргі заманғы ғалым, биолог және психолингвист Т.Черниговская «Тіл және ми» атты дәрісінде гуманитарлық ғылымдардың жаратылыстану ғылымдарын дамытудағы маңыздылығын ескере отырып, қазіргі кезде көптеген жаратылыстану ғалымдары философияны мойындамайтындығы туралы айтады. Ғалымның өзіндік ұстанымы керісінше. Т.Черниговская философияны гуманитарлық ғылымдар қатарында ерекше атап өтеді, өйткені ол когнитивтік ғылымдар саласындағы қазіргі зерттеулерде маңызды функцияны толығымен орындай алады. Ғылымның мәліметтері әрдайым жаңарып отыратындықтан, ақпарат пен зерттеу ағыны күн сайын артып келеді. Т.Черниговская философияны маңыздылығын көрсете отырып, ол белгілі бір «түсіндірме күш» ретінде әрекет ететіндігін айтқан.

Бүгінгі таңда философия ғылымы мәдениеттің бір бөлігі болып табылады. Ал білім беру жүйесінде эмпирикалық, арнайы және кәсіби білім талап етіледі. Философияның міндеттері белгілі бір білім жиынтығын немесе белгілі бір ақпаратты жеткізу емес. М.Мамардашвилидің пікірінше, философия білімді үйретпегенімен, «философиялық білімнің қалыптасуы – бұл әрқашан басқа іс-әрекеттермен байланыста бола отырып, пайда болатын ішкі әрекет» екендігін айтады. Философия әлемді, оның ондағы орнын түсінуге шақырады. Философия білім алушының жеке шығармашылық еркін ойлауын қалыптастыратын білім береді. Сондықтан да қазір философия, адамдардың жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға қажетті жалпы, мәдени құзыреттерді қалыптастыруда маңызды рөлдердің бірін атқара бастады.

В.С.Библердің білім беруді реформалау саласындағы идеяларын ұстанушылар мен танымал етушілердің бірі И.Е.Берлянд атап өткендей: «Философия білімнің, мәдениеттің, адами құндылықтардың басталуымен айналысады».

Соңғы уақытта өсіп келе жатқан жаһандық террористік қауіпке, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың жаппай көрінісіне байланысты білім берудің басты міндеттерінің бірі гуманизмді дамыту, адамның дүниетанымында адамгершілік, әлеуметтік және эстетикалық бағдарларды қалыптастыру болып табылады. Белсенділік, рухани ізденіске және өмірлік ұстанымды анықтауға философия жоғары білімнің маңызды элементі екені көрінеді. Оның гуманитарлық дайындықтағы және болашақ мамандардың құндылықты бағдарлаудағы маңызы курстың мазмұнымен ғана емес, сонымен бірге студенттердің маңызды философиялық мәселелерді талқылауға деген қызығушылығымен де расталады. Сондықтан университеттік білім берудегі философиялық компоненттің төмендеуі студенттердің жалпы мәдени көкжиегінің тарылуына, тәуелсіз ойлардағы қиындықтарға, сұрақтар қоюға және оларға жауап бере алмауына әкеледі, сонымен қатар қазіргі плюралистік мәдениет жағдайында азаматтық белсенді және рухани дамыған тұлғаны қалыптастыруды қиындатады деп жеткілікті тұрғыда айтуға болады.

Философияның басқа ғылым мен білім беру салаларында қолданудың маңыздылығы артып келеді. Себебі, казіргі жағдайда білім алушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін, философиялық таным көзқарастарын дамыту арқылы, басқа ғылым салаларына қызығушылығы таным түсініктерін жетілдіруге көмектеседі. Философия білім мен ғылым саласы үшін тек білім алушылар ғана емес оқытушылар, ғалымдар үшін де айтарлықтай маңызға ие. Себебі, философия ең бірінші пайда болған ғылым болып және дүние туралы алғашқы көзқарастардың бастауы болғандықтан философиялық таным-түсініксіз басқа ғылым салаларын елестету мүмкін емес. Философия басқа ғылым саласына қажеттілігі казір де, кейінгі болашақ үшін де еш маңыздылығын жоймайды.

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к., Әл-Фараби

атындағы ҚазҰУ доценті,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің физика-техникалық

факультеттің стандарттау

сертификаттау мамандығының

1-курс магистранттары

(қазақ тобы сала бойынша және ИТМО).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ТАЛҒАТ НӘРІКБАЕВ: Мектеп санына емес, сапасына мән беруіміз керек

Жек Жел 20 , 2020
Оқылды: 2  930 Білім және ғылым министрлігіне қарасты ADAL BILIM платформасында Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің білім сапасы талқыланды. Елордада 2010 жылы 74 мың оқушы болса, қазір оның саны 193 мыңға жетіпті. Алайда мектеп саны сәйкесінше 2,5 есеге көбеймеген. Нәтижесінде бүгінгі күннің өзекті проблемасы — үш ауысымда оқу мәселесі туындап отыр дейді Нұр-Сұлтан […]