Түркияда тойды қалай өткізеді

Мен Түркияда жұбайыммен бірге түріктердің бір-біріне ұқсамайтын екі тойында болдым. Бір тойға барғанда еркек-әйел бөлек отырды. Келіншегім әйелдер жағына кеткен соң, той біткенше хатунымды көрген жоқпын. Ерлер жағындағы салонға кірсем, қонақтар төрт-бес кісі сиятын  дөңгелек үстелдерде отыр екен. Мен де тойға шақырған түрік жолдасыммен бірге отырдым. Музыка жоқ, қатты әзілдескендерін де көрмедім, жиналысқа келгендей отыр бәрі.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Алдымызға түрлі тәттілерін қойып, қонақ күтіп жүрген жас жігіттер шәй құя бастады. Содан кейін бір үлкен ақсақалға сөз беріліп, қария құтты болсын айтып, құран оқыды. Оқып болғаннан кейін мен қасымдағы жолдасымнан сұрадым:

 – қашан  тамақ әкеледі, той қашан басталады, шайдан шықтым, – деп. Баяғы біздегідей етін, ыстық тамақтарын берер деген үмітпен.

 – қандай тамақ? Міне, осы ғой бәрі», – деді дастарханды көрсетіп. Жүзіне таңқала қарадым, әзілдеп тұр ма дегендей. Беті бүлк етпеді. «Тойға барсаң, тойып бар»,-деген мақал осылардан келген шығар деген ой келді маған. «Қонақ қойдан жуас»,- демекші, үндемедім. Бұл арада ақсақалдары құран сүрелерін оқып, бастаған соң, әрі қарай жастары жалғастыды.

– неге солай,- деп сұрасам,

– қариялар дауыстары келмей, бұзып оқуы мүмкін, сондықтан да жастарға береміз,- деді. Қолдан келер ештеңе жоқ, кішкентай «бардак» деген шыны ыдыстарымен шайды ұрттап, тәттісінің дәмін татып отырдым. Көп салттарын түсінбегеннен, санам сан сұраққа толды, шыныменен «бардак» болды. Соңында шыдамай шақырған жігіттен:

 – әй, түк болмағанда күйеу баламен таныстырсайшы, көрмедім ғой,- десем,

– қалай көрмедің, жаңа шай құйып жүрген жігіттердің жіңішкесі сол еді ғой,- деді. Жалтақ-жалтақ етіп жан-жағыма қарап, «қайсысы»,-деп сұраумен болдым. Сөйтіп не керек, той көп ұзамай, осымен бітті. Сыртқа шықсақ, жаңағы күйеу бала (түрікше – дамат) жақсы костюм-шалбар, ақ көйлекпен тұр екен. Сыртқа шыққан ер адам қасына келіп құттықтап, бума-бума ақша қалтасына салып жатыр. Бізде келіп құттықтадық, ырымын жасап, қалтасына салдық әкелгенімізді. Кейін әйелімнен сұрасам, ол жақта да сол, шәй – тәтті дәм, біраз өлең айтылған. Шығарда келіннің қолына алтын білезік, көйлегіне ақша ілетін салттары бар екен. Бізді шақырған жолдас жігіттің айтуынша, жиналған ақшаға пәтер немесе көлік алуға жетеді. Мақсаттары үй иелерін шығынға түсірмей, шаңырақ көтерген жастарды құттықтап, пұл жинап беріп, жағдайын көтеріп кету екен.

Екінші тойға менімен жақсы таныс болып қалған Юксел деген досым шақырды. Үйленетін қызы Германиядан, өзі болса – Измир қаласының бай ауданы саналатын «Қаршиақа» деген жерде тұратын дәулетті жанұяның баласы. Жасы отызды еншілеп қалған, болашақ келіншегімен университетте танысқан. Екеуінің некесін қиып, сөз беріскендеріне жеті жыл болыпты. Содан бері үйленетін күндерін кешіктіре берген екен. Өзі доктарантурада оқыды, Мен әзілдеп:

 – бізде болса, бұған ешкім шыдамас, үйленіп балалы-шағалы болып отыратын еді бұл уақытқа дейін, – дедім. Ол:

– мен болсам, жұмыс істеп, ақша жинадым пәтерімізге», – деді.- Той теңіз жағасындағы ең әдемі мейрамханада, түрікше «локантада» өтетін болды. Тойға барарда біздің жақтың әдетімен жолдан гүл алдық. Ол жердегі гүл шоғы дөңгелек, кішкене ғана болады екен. Бағасы болса, удай. Сонымен гүл аламыз, саудаласамыз деп жүріп, жиырма минуттай кешігіп келдік. Таксиден шықсақ, мейманхананың алды әдемі киінген кісілерге толып, ұзынынан созылған жыландай тізіліпті. Біз де келіп соңынан орын алдық. Жараса әзілдесіп-күліскен қуанышты орта. Бізді білетін бір-екі жолдасымыз келіп, қош келдіңіздер!-деп амандасты. Мейманхананың алдында Юксел мен келін. Қонақтарды қарсы алып, келгендерді екі бетінен сүйіп, ішке кіргізіп жатыр. Біз де осы жердің әдетімен, бетті тигізгендей болып, ауада шөп-шөп сүйісіп, гүлімізді тапсырдық. Сөйтсек, гүл әкелген біз ғана екенбіз, келін әжептәуір мәз болып қалды. Ішке кірдік. Мейманхана ішінде дөңгелек он кісілік үстелдер, жақын туыстары мен достарын жинаған екен. Бар-жоғы жетпіс кісідей. Түрік эстрадасының әдемі әні ойнап тұр. Үстел басына отырсақ, жеңіл салат, балықтан, еттен жасалған тағамдар бар, бірақ көп емес, сығысып тұрған жоқ. Кейін ыстық тағамдар әкелінді. Сусындар берілді. Ықшам, аз мөлшерде, бірақ өте дәмді тағамдар еді. Бір қызығы үстелден тұрып, басқаларға барып, әңгімелесіп келуге болады екен. Жүргізушінің қолында микрофон жоқ әрі елдің сөйлесуіне, араласуына да қарсы емес. Той-микрофонның шуынсыз өтеді екен. Екі-ақ сағатқа созылған жиын бітетін уақытына келді. Юксел келіншегімен шығатын есік жаққа келіп тұрды. Құттықтаушылар конверттерін беріп, келінге алтын білезіктерін таға бастады. Жиырма шақты білезікті таққан соң, келіннің жанында тұрған жеңгелерінің қолындағы сөмкеге алтындарды шыр еткізіп бір төгеді, содан кейін ол дәстүр тағы жалғасады. Не керек, әжептәуір алтын жиналды ғой деймін. Шәкіртақымен оқып жүрген бізге ондай алтын беру қайда, рақметімізді айтып, басымызды иіп өттік. Қайтарда біраз көңілсіз қайттық. «Қымбат гүл алғанша, үстіне ақша қосып бізде білезік алғанымыз дұрыс па еді»,-деп. Ертеңінде түстен кейін Юксель қоңырау шалып,

 – гүлдеріңіз үшін сізге келіншегім ерекше рахмет айтты. Бүкіл сенің алтын кигізген туыстарыңа қарағанда, анау келген қазақ жұбы бәрінен мәдениетті болып шықты, гүл сыйлаған солар ғана болды,- деген екен.

– бүгін кешке екеулеріңізді үйімізде күтеміз, жақынырақ танысқысы келеді-, – деп бізді қайта шақырды. Сөйтіп, ойламаған жерде «қате жасадық»,- деген шешіміміз бізді, бізбен бірге халқымыздың абыройын да дос түріктеріміздің көзінше жоғары көтерген еді. Сыртта жүргенде сенің кішкене қатеңнің өзі еліңе батпандай күйе болып жағылатынын ешқашан ұмытпау керектігін біз жақсы білетін едік.

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Праймериз дегеніміз не

Сей Мау 23 , 2020
Оқылды: 1  532 Праймериз дегеніміз не немесе бізде шынайы көппартиялық жүйе неге қалыптаспады? Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры. Сайтымыздың […]