Университеттің алғашқы күні есімде. Таңертеңгі салқын ауа, толқыған жүрек, көптен күткен арманның табалдырығын аттаған сәт. Қарасам — айналамда таныс емес жүздер, жаңа орта, үлкен ғимараттар. Бір жағынан қуаныш, екінші жағынан қорқыныш. Өзімді бір үлкен өмірге кіргендей сезіндім. Бастапқыда бәрі ерекше көрінді. Жаңа пәндер, жаңа достар, ұстаздар… Өзімді басқа әлемге түскендей күй кештім.
Студент болу – жай ғана атақ емес, нағыз өмір мектебі екеніне көзім сонда жетті. Университет тек білім ордасы емес, ол – өзін танудың, шыңдалудың мекені. Уақыт өте келе өзіме деген сенімім нығая бастады. Бұрын топ алдында сөйлеуден қысылатын едім, енді еркін сөйлейтін болдым. Қиын тапсырмаларды орындау мен түрлі жобаларға қатысу арқылы ішкі қорқыныштарымнан арылдым. Жолымда кездескен адамдар, бірге өткізген уақыт, күліп-ойнаған сәттер, бір-бірімізге демеу болған шақтар – бәрі жүрегімде ерекше орын алды. Иә, студенттік шақтың жарқын тұстары да көп екен. Бірақ шынайы өмір бәрін тек жарқын түстермен боямайды екен. Қиындықтар да көп кездесті. Ең алдымен – қаржы мәселесі. Тамақ, жол ақысы, оқу құралдары – бәрі ақша талап етеді. Әр тиынды есептеп жұмсауға үйрендім. Кейде кешке дейін сабақта болып, кешке дүкенге жұмысқа шығатынмын. Шаршайсың, бірақ шыдайсың. Жалғыздықты да бастан кештім. Туған үйден, ата-анадан алыстау оңай емес. Қалада бәрі бөтен, бәрі жат сияқты. Кейде қатты шаршап, бәрін тастап кеткім келетін. Бірақ дәл сондай сәттерде өзімді қайта қолға алып, алға ұмтылдым.
Күндіз студент, кешке сатушы. Осылай біраз уақыт өмір сүрдім. Шаршадым, бірақ шынықтым. Уақытты жоспарлауға, әр сәттің қадірін түсінуге үйрендім. Ақша табудың да оңай емес екенін сол кезде ұқтым. Кейде сабаққа үлгермей қалатынмын, кейде өзіме уақыт жетпейтін. Осындай сәттерде ойланып қаласың: “Неге оқу орындары студенттерге көбірек қолдау көрсетпейді?” – деп. Икемді сабақ кестесі, психологиялық көмек, гранттар – бәрі керек.
Ата-ананың үміті
Бір күні анаммен телефон арқылы сөйлестім. Дауысы шаршаңқы, бірақ сенімді. «Бәрі жақсы ма, балам?» – деді. «Жақсы», – деп жауап бердім. Ішімде аласапыран болса да, оларды алаңдатқым келмейді. Ата-анам да оңай өмір сүріп жатқан жоқ. “Бала оқыту оңай емес,” – дейді анам. «Ақша, пәтер, киім – бәрін есептеп отырмыз. Бірақ сендер үшін бәріне шыдаймыз. Бастысы – сендер білім алыңдар, шыдаңдар, күресіңдер». Ата-ана үміт артады, ал біз сол үмітті ақтау үшін тырмысып жүрміз.
Құрдастарымның студенттік өмірге пікірлері:
Мәдениет Нурия ЖенПу-да Жаратылыстану факультетінде оқиды. 2 курс студенті менің егізім. Бірде біз әңгіме айтып отырып ол жылап ішіндегісін ақтарып алды. «Бәрі армандағандай емес екен,оңай болады деп ойлаған едім, проблемадан- проблема, ақша табу қиын. Жұмыс істеймін деп кейбір сабақтарым түсіп кетті » – деді. Жатақханада орын жетпей, пәтер жалдап жүрген. Ата-анамыздан ақша сұрауға ұялып, оларға ауыр жүк түсірмейік деп , супермаркеттерде кейде магнумдарда қолымыздан келгенше жұмыс істейміз. «Сабақ, жұмыс, өмір – бәріне үлгеру қиын, бірақ сонда да өзіңе уақыт тауып отыруың қажет»– дейді ол. Біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп, қиын жағдайларда көмектесіп жүреміз.
Жолдыбекова Махаббат Филология факультетінде КО23-4К тобында оқиды. Біз 1 курс болып алғаш келгенде жатаханада бірге тұрған, қазір де жақын араласып тұрамыз. Ол: «Біз университетке түскенде бәрі өзгереді деп ойладым. Иә, көп нәрсе өзгерді – жаңа достар, жаңа орта, өз бетіңмен шешім қабылдайсың. Бірақ бұл оңай емес екен. Кейде өзімді жалғыз сезінемін. Ата-анам алыста, күнде сөйлесіп отырсақ та, сағынамын. Жатаханада тұрамын, бірақ тұрмысқа бейімделу де оңай болмады. Бір қуаныштысы- өзіме ұнайтын мамандықта оқып жатырмын. Сол үшін бар қиындыққа төземін». Бірақ ол сонымен бірге жауапкершілік пен тәртіпке үйреніп жатқанын мойындайды.
Иә, студенттік өмір — тек білім алу емес, бұл өмір мектебі. Біз бұл кезеңде тек мамандық алып қана қоймаймыз, сонымен қатар рухымызды, еркімізді, болашаққа деген көзқарасымызды қалыптастырамыз. Сырттай жарқын көрінетін бұл өмірдің ішінде кейде көз жасы, шаршау, аш қарынмен өткен түндер де бар. Бірақ дәл сол сәттер бізді шыңдайды. Студенттік өмір — күн сәулесімен жарқыраған терезе секілді көрінуі мүмкін, бірақ оның ар жағында қанша түнгі көз жас, “бәрін тастап кеткім келеді” деген сәттер жасырынып жатады. Бірақ біз — күрескерміз. Біз шыдаймыз. Өйткені арманың мен мақсатыңа қажетті білім алып, тынымсыз еңбекпен және төзіммен жетесің.
Гулия Мәдениет
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультетінің 2 курс студенті