Дауылдан зардап шеккендерге билік көмек көрсетпейді

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Қарағанды облысында 12 сәуірде қатты соққан дауылдан  20 тұрғын үй мен түрлі  ғимараттардың шатыры қирап, ұшып кеткен еді. Оның ішінде Керамическая көшесіндегі 82 -ші  үй табиғаттың тосын мінезінен қатты зардап шеккен. Бұл үйдің шатыры желдің салдарынан қираған.  Сонымен қатар, шатырдың  тіреуіш плитасы жарылып кеткен.  Тұрғындар плита басылып, төбе жабындысына әсер ете ме деп үреймен күн кешуде. Шатырды жөндеу үшін тұрғындар қаражат таппай отырғанын мәлімдеді. Олар дауылдың алдында ғана жеке меншік фирмаға ақша төлеп, шатырдың бір бөлігінің шатырын алып, профлист салғызыпты. «Менің өзім шатырға 450 мың теңге беріп, ескі шатырдың бір бөлігін ауыстырған едік. Тағы бір көршім екі жүз мыңнан  астам қаражат жұмсады. Жөндеу жұмыстары бітіп еді, дауыл күл-талқанын шығарды. Енді демонтаж жасау үшін көп қаражат керек, оны мен тұрғындардан  қалай жинаймын. Қазір карантин кезінде жұрттың көбінде ақша жоқ қой. Шатырдағы плита қаншалықты отырып қалған, қаншасы жарылып тұрғанын анықтайтын сараптама керек екен. Қаражатты тұрғындар жинап бере алмайды. Қазір біз биліктен шатыр плитасының қаншалықты деңгейде екенін зерттеп, кеңес беретін арнайы маман тауып берсе деп сұраймыз. Тіпті  шатыр жөндеуге қаражатымызда жоқ», – деді үйдің тұрғыны  Жұмат Мұтайхан. Амалы таусылған тұрғындар облыс әкімі Жеңіс Қасымбектен көмек сұрайды.  Алайда шенеуніктер «төтенше жағдай режимі жарияланбағандықтан, тұрғындар  барлық шығынды өздері ғана көтереді» деп отыр. Қарағандылықтар қатты дауыл болатыны жөнінде алдын ала синоптиктер ескертпеді деп өкпелі. Бұл күні  он көлікке шатыр қалдықтары мен ағаштар құлап, темір тұлпарлар зақымданған. «Қарағандыда төтенше жағдай режимін жариялауға негіз жоқ.  Өйткені дауыл салдары мен оның шығыны қарастырылды. Біріншіден табиғаттың тосын мінезі салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сонымен қатар,  шыққан шығын көлемі алдын ала есеп бойынша 15 мың айлық есептік көрсеткіш,  ал төтенше жағдай жариялау үшін материалдық шығын 41 670 000 тенге болуы тиіс», – деп мәлімдеді Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Еске сала кетсек, 12 шілдеде қатты жылдамдықпен соққан жел 20 тұрғын үй мен ғимараттардың шатырын жұлып түсірген. Үйлермен қоса аурухана, мектеп, мәдениет үйі, дәмханалардың шатыры бүлінген болатын.

Арайлым Еркебаева, Қарағанды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Дәрілер дәріханада емес, қоймада болған

Сәр Шіл 22 , 2020
Оқылды: 976 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Кесел деңгейі өршіген қиын сәтте жұрттың басты уайымы дәрі-дәрмек болды. Қарағандылықтар вирусты емдейтін дәріден бөлек, дене қызуын түсіретін қарапайым парацетамолды таппай, сан соғып қалды. Кейінгі уақытта облыс билігі көптеген дәріханаларға бұл дәрілердің түсіп жатқанын мәлімдеуде. Дегенмен тұрғындар «дәрі әлі де болса […]