Білікті білім жинап, кәсіп етер

Қарағанды қаласындағы бірнеше кәсіптің иесі, көптеген марапаттарға ие болған, сонымен қатар білім беріп, оқытушы болып жүрген Тлек Шотаев – сұхбатымыздың қонағы. Жастайынан тынбай еңбек етіп, бүгінгідей нәтижелерге жетіп жатқан білікті кәсіпкер өз тәжірибесімен таныстырды. “Білікті білім жинап, кәсіп етер, білімнің дәмін татып, өсіп-өнер” демекші, білікті тұлғаның жинаған білімі мен қаншалықты өсіп-өнгені жайлы бірге білейік.

– Әңгімемізді жас шағыңыздан бастасақ. Жоғарғы оқу орнын оқытушы дипломымен тәмамдадыңыз. Оқытушы болуға не себеп болды?
Өзім жас кезімнен, кішкентай оқушы кезімнен, негізі, мұғалім болғым келген. Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша, Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі ретінде ҚарМУ-ға түстім. ҚарМУ-ды бітіргеннен кейін, екінші жоғары білім юриспруденция факультетін бітірдім. Одан кейін магистратураны аяқтадым. Қазір педагогика ғылымдарының магистрімін. Содан Болашақ колледжіне жұмысқа тұрдым. 2008 жылдан бастап сол колледжде жұмыс істеймін. Ол жерде жұмысым жақсы жүріп, көптеген марапаттарға ие болдым. Педагогикалық кеңестің ұсынысы бойынша кафедра меңгерушісі болып қызмет атқардым.

– Кәсіп бастауға қайдан шабыт алдыңыз?
Өзім кішкентай кезімнен жұмыс көп істедім. Әке-шешемнің жанында көп еңбектендім. Ақшаның дәмін таттым. Ақша не екенін білдім. Оның қайдан келетінін білдім. Анам дүкенде жұмыс істеді. Соның қасына ревизияға баратынмын. Ылғи да ақшасын санасатынмын. Сонымен бірге автобуста жұмысым болды. Үнемі қолымда ақша болатын. Оқушы кезімде, студент кезімде әрдайым қолымда ақша жүретін. Қайда барсам да, ақшадан ешқашан қысылған емеспін. Сөйтіп ақшаны қалай табу керек екенін біліп, жеке кәсіппен айналыса бастадым.

– Кәсіпкер атануыңызға жақындарыңыз қолдау көрсетті ме?
Иә, жақындарым қолдау көрсетті. Ең бірінші асхана аштым. Болашақ колледжінде жүріп, сол жердің асханасын жалға алдым. Асхананы алған кезде, әрине, жан-жақта “Қалай жұмыс істеп кетеміз?” деген қорқыныш болды. Анам да, жарым да: “Байқап істе. Ол жерде көптеген ата-аналар, балалар болады. Олармен жұмыс жасау шынында қиын ғой. Ертең шағым болады. Бірдеңе дұрыс болмай қалуы мүмкін, тамақ дұрыс болмауы мүмкін”,- дейтін. Бірақ, жақсы, Аллаға тәуба. Жұмысымыз жүріп кетті. Сол асхананы 2011 жылы алдым, содан, міне, 2022 жыл, 11 жыл болды. Асханада бір жалға алушы өзім жұмыс жасап жүрмін.

– Бірінші кезекте асхана ашуда қандай қиындықтар туындады? Не дегенмен, естуімше алғашқы кәсіп қой.
– Жұмыс барысында қиындықтар, әрине, болады ғой. Одан кейін ылғи да мен қазірдің өзінде жай отырғанда түрлі кәсіптер ойластырып отырамын. “Не істесем екен? Не ашсам екен?”- деп, алға жоспарлар қоямын. Olx.kz, Крыша.kz сайттарын қарап жүремін.

– Асхана ашып, кәсіп жүргізіп көрген соң, үлкен дәмхана ашуға қашан бет бұрдыңыз?
Olx.kz сайтын қарап отырып, мейрамхана алдық. Мейрамхана алған кезде, енді, көп ақша керек. Сондықтан Серік Карипов пен Аманжол Шотаевті тобыма қосып алдым. Ақша жиналды. Ең басында үшеуміз 5 млн-нан біріктік. Сөйтіп, “Түркістан” мейрамханасын алып, жүргіздік. Бұл мейрамхана біздің иелікте 3 жыл болды. Жүргізу барысында да қиындықтар кездесті. Бірақ, жаман емес, жақсы табыс тауып жатқан кезде карантин болып, мейрамханаларды жапты ғой. Сосын ол жерден кетіп, өзіміз бөлек дәмхана ашайық деп, “Firdaus” дәмханасының тұсауын кестік. Өзім Olx.kz қарап отырып, осы ғимаратқа үнемі қызығып жүретінмін. Сол ғимараттың іші бәрі маған ұнайтын. Осы дәмханаға келіп, иесімен хабарласып, жалға алдық. Істейтін жұмыстарын, бәрін жөндеп, реттеп, халал дәмхана ашу керек болды. “Оған атын қалай қоямыз? Қалай істейміз?”- деп іздеп жүріп, әйтеуір “Firdaus” деп осы дәмхананы атап, ашқан болатынбыз. Аллаға шүкір, жүріп жатыр, жаман емес. Қазір қаладағы жақсы ас дәмдейтін орындардың бірі деп мақтанып айта аламыз.

– Дәмхананы ағаңызбен және досыңызбен бірігіп аштыңыз, серіктестікте жұмыс істеудің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
– Серіктестерім жақсы. Барлығымыз бірге еңюек етеміз. Жалақы бәрімізге бірдей бөлінеді.

– Қарағанды қаласындағы сіздер ашқан “Firdaus” дәмханасы “Halal EXPO-2022” көрмесінде 1200 компанияның ішінен 15 үздік компания тізіміне еніпті. Құттықтаймыз! Ашылғандарыңызға 1 жыл болса да, мұндай жетістіктерге жетудің сыры неде?
Енді, “Halal EXPO-2022” көрмесінде үздік компания атандық. Бізді шақырды. Сол көрмеге бардық. Сол жерде марапаттаған болатын. Үздік болғанымыздың арқасы әуелі Алла, екінші біздің тұтынушыларымыз, халық, біздің жұмыскерлеріміз, оларға рахмет айтамыз! Мұның бәрі бір адамның қолынан келмейді. Бұл жерде тынымсыз еңбек, маңдай терімізбен атқарылған жұмысымыздың нәьижесі жатыр. Бір-ақ күндік нәрсе емес.

– “Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру” жобасында “Сауатты мейрамхана” атағына ие болдыңыздар. Бұған қол жеткізуде не нәрсеге баса мән бересіздер?
– Иә, “Сауатты мейрамхана” атағына ие болдық. Оның өзі – бізге бір жаңалық болды. Біз тіпті хабарсыз едік. Өздері келіп марапаттады. Яғни, Қарағанды облысы тілдер басқармасы осыдан неше ай бұрын, қыркүйектің кезінде барлық Қарағанды мейрамханаларын, барлық мекемелерді аралаған. Бәрі қазір қазақ тілінде, 2 тілде болу керек. “Мәзіріміз 2 тілге ауысқан, біздің сырттағы жазуымыз барлығы қазақша, дұрыс, сәйкес келді”,- деп айтты. Олар өздері қаншама мекемелердің арасында байқау өткізіпті. Содан біздің мекемеміз сауатты мекемелердің бірі деп марапатталды. Бұған өзіміз де қуанып жүрміз. Яғни, “Тіл жағынан барлығы өте дұрыс, әдемі аударылған, барлығы талапқа сай”,- деп бізге мүсіншені табыстады. Біз де бір марқайып қалдық. Оларға да рахмет! 

– Кәсіптің сәтті жүруінде неге мән бересіз?
Кәсіптің сәтті жүруі үшін, ең біріншіден, кәсібіміз дұрыс болу керек. Табысымызды дұрыс, адалынан табу қажет. Біздің тұтынушыларымызға барлығын сапалы дайындап, тағамдарымызды, қызмет көрсетуде де, қай жағынан болсын бәрін жоғары деңгейде жасасақ, Instagramдағы ақпарат, жарнамамыз бәрі қатесіз болса, онда кәсібіміз де жақсы жүреді. Енді оның барлығы біздің жұмысымызға байланысты. Егер біздің жұмысымыз ақсап, тоқтап тұрса, бірдеңе дұрыс болмайтын болса, онда, әрине, халық та келмейді, біздің табысымыз да азаяды. Оның барлығы тізбек қой. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты.

– Білікті кәсіпкер ретінде болашақта жеке кәсіппен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
Жастарға, бізде жұмыс істеп жүрген ұлдарға “Сендер өз мамандықтарың бойынша жұмыс істейсіңдер ме?”- деп сұрасам, олар: “Жоқ, істемейміз”,- дейді. “Онда неге оқып жүрсіңдер осы мамандықты?”- деймін. Бұрынғы заман емес. Міндетті түрде мамандық оқу керек, міндетті түрде диплом болу керек деген сөз жоқ. Қаншама адамдар қазір кәсіппен айналысып жатыр. Жастарға айтатыным:  – кәсіппен көп айналысыңдар, жұмыс істеңдер, шаруа істеңдер, аянбаңдар, отырмаңдар, жалқау болмаңдар. Өйткені, қазіргі заманда барлығымыз жақсылап ақша табуды білуіміз керек. Егер бір айлыққа жұмыс істесек, иә, ай сайын соған қарап отырасыңдар. 100.000 тг. аласың, 150.000 тг., 200.000тг. Ол бізге ешқайда да жетпейді. Сондықтан, өз кәсібің болғаны жақсы. Қазір мемлекет тарапынан жастарға қолдау өте көп. Қолдау да көрсетеді, тегін де беріп жатыр, қаншама гранттар да бар. Өзің нені ұнатасың, сонымен қорықпай айналысу керек. Ешқашан қорықпау керек. Қорықсаң, жүре бересің. “Ақша жоқ”,- деп айтпау керек. Ақша табуға болады. Ақша бар. Өзіміз де, ең бірінші үйленген кезде, менің үйім де, көлігім де болған жоқ. Өзіміз еңбектендік. Әке-шешеміз үй де, көлік те әперген емес. Біздің артымызда кішкентай бауырларымыз бар. Олар да ол кезде жас болды ғой. Несиелері бар деген сияқты. Бәріне өзіміз жүгірдік. Көлікті де, үйді де өзіміз алдық. Әйтеуір кәсібімізді домалатып, жұмысымызды істеп жүрдік. Ең бірінші жұмысқа мұғалім болып шыққанда, айлығым 35 000 тг. болған. Ол кезде оны қайда жеткізеріңді білмейсің. Кішкентай балам, үйім, жарым болды деген сияқты. 5 жыл әке-шешемізбен тұрдық. Одан кейін өзіміз үй алдық. Мына үй кішкентай деп, менсінбей қарамау керек. Ең бірінші, 2 бөлмелі үй алдым. Одан кейін 4 бөлмелі үй болды. Қазір ол үйімді сатып, жаңа үйден алып жатырмыз. Алдыда не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан, “Менің айлығым аз”, “Менің үйім жоқ”,- дей беруге болмайды. Не бар? Қолыңнан не келеді? Соны істеу керек.

Айару Дәулет
“Тұран” университеті                                                                                                                                                         “Журналистика” мамандығының 4-курс студенті                                                                                                              Жетекші: оқытушы Неля Рушанова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

7 желтоқсан - Ақсақалдар күні

Сәр Жел 7 , 2022
Оқылды: 123 Ақсақалдар, ақылман арда асылдар, Кеудесінде дәстүрдің қамбасы бар. Бойларында намыстың жалғасы бар, Ойларында дария арнасы бар. Қариялар, ақылгөй абыздарым, Тірілткен талай тарих аңыздарын. Құны немен өлшенер сен дарытқан, Тәрбие дейтін құнды қазынаның. Батагөй қасиеттім қара шалдар, Кемеңгер, әрқайсысы қара нарлар. Өсем деген ұрпақтың бүгінгісі, Қариясын сыйлаумен дараланар. Өткен […]