АЛАШТЫҢ ТІРЕГІ

Танылмаған талант бар

Ержан Әдікенұлы Әділ – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы, «Жарық сәуле», «Түп-тамыр» кітаптары мен көлік тасымалы саласындағы бірнеше оқулықтардың авторы, қоғам белсендісі.

Ержан Әділдің лирикалық, азаматтық тақырыпта көптеген шығармалары жарық көрген. Қазтуған, Шалкиіз жыраулардай үнемі ел ішіндегі өткір мәселелерді көтеріп, жырымен де, игі ісімен де қоғамдық шараларға белсенді атсалысып келеді. Ержанның өлеңдерін әлеуметтік желіде көпшілік жоғары бағалады. Оқырманға  бірнеше төл туындысын ұсынып отырмыз.

Көзайым болыңыздар!

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

 

АЛАШТЫҢ ТІРЕГІ

Алтынмен апталған тақтардың киесі,
Ұлы бір даланың иесі – 
Жауынгер, сақ елдің, Сақтардың сарқыты.
Қас батыр жүлігі – ҚАС САҚТАР,
Бес жарым ғасырдың басында.
Байрақты ту ұстап,
Қазақтың хандығын құрады.
Бұқара халқының басында, 
Керей мен Жәнібек
Семсер мен сөз ұстап тұрады. 
Жыл сайын қанатын кең жайған,
Жаңа бір хандықтың жұлдызы
Күн сайын биіктеп,
Көктің де иесі назарын бұрады.
Қасым мен Есімдей ерлерді,
Халқына хан етіп.
Іргесін елінің кең етіп,
Айбынын қазақтың асырды. 
Тәукедей әз ханы ел бастап,
Жеті жұрт жол таппай жаңылған.
Биліктің жай күйін,
Жеті ауыз жарғыға сыйғызды.
Хақназар, Тәуекел хандардың тұсында,
Тәңірдің назары тағы да дұрыс боп. 
Жұртының етегін жиғызды.
Тәу етіп жасалған тәуекел жорықтар. 
Жеңіс боп оралып,
Тірескен талайды тұғырдан тайғызды. 
Үш ғасыр өткенде
Қазақтың хандығы.
Кең байтақ жерімен, 
Еңселі елімен талайды таң қылды.
Көзіне шел болып, 
Көршінің пейілін кеңдігі тар қылды. 
Қысық пен шегір көз
Өзара жымдасып,
Жоңғармен араға қып-қызыл шоқ салды. 
Күтпеген жау шығып, 
Қаншама жанды алды. 

Бүтін ел біржола тоз-тоз боп, 
Ақтабан күй кешіп. 
Шұбырып, шұбалған іздерін,
Құм басып қалар ма ед. 
Ақ туын көтеріп, 
Абылай ұрандап алдыға шықпаса. 
Бұхардай бабамыз,
Батырды батырға қоспаса. 
Ежелден көкбөрі, 
Қайтпайтын намысты ел. 
Қазақтың ерлері,
Жоңғарды жер қылып 
Тағы да ерледі. 
Абылай хан болып,
Үш жүзге бөлінген.
Қазағым қайтадан,
Бірігіп биікке өрледі.

Жат мінез көршілер,
Кең мінез халықты.
Ішінен ірітіп,
Абылай кеткен соң
Қазақтың хандығын,
Бөлшектеп құлатты. 
Хан Кене қайтадан,
Қазақты ел қылып, 
Қалам деп түн қатты.
Болмады бірақ та.
Қапыда қоршаған,
Күтпеген жүз жаудың.
Көк сүңгі найзасы,
Көтерген Хан Кене:
«Мен сенен дұшпаным бәрібір биікпін»
Деп күліп, ызамен үн қатты. 
Хан басын алғанмен жаулары,
Қазақтың рухын құлата алмады. 
«Жер басып жүргенде,
Қазаққа бір пайда қыламын»
Деп шыққан Алаштың көсемі,
Әлихан еліне бас еді. 
Кешегі Қайраттар,
Қазақтың хаһарман ұлы еді.
Намыс пен ерліктің,
Жалынды жыры еді. 

Бүгінгі жас буын,
Түйіліп тас түйін.
Ертеңге серт берген,
Мәңгілік елімнің,
Қуатты жүрегі.

 

НАМЫС  ТУЫ

Сексен алты,

Он алтыншы желтоқсан.

Жүз елу жыл

Ақ патшаға жем болып.

Жетпіс жылдай

Қанды қолды кеңестің,

Табанында

Өр рухы жер болып.

Енді бітті,

Өлді, өшті дегенде.

Қайнар бұлақ халықтың,

Қайрат сынды ұл-қызы.

Өлмейтінін,

Өшпейтінін көрсетті.

Ел намысы елу емес,

Сексен де емес.

Он сегіздің

Жүрегінде бұрқ етті.

 

Сексен алты,

Он алтыншы желтоқсан.

Қара суық,

Қара түнді қақ жарып.

Жауыздардың:

«Аямаңдар, соғыңдар,

Бұл бұйрық» –

Деген сұсты

Дауыстары естілді.

Сол-ақ екен,

Сом темірмен

Ұл – қызына қарамай,

Ұрып ала жөнелді.

 

О, Тәңірім,

Ұрғызбашы,  қорғашы.

Ана біреу жауыздың,

Жауқазындай жас қызды.

Жығып алып жұлқылап,

Жұдырықпен ұрғанын

Көрдің бе, Сен  қарашы!

 

Ей, жетесіз, жексұрын…

Оны ұрғанша,

Төрт жастағы

Мені тауып ұрмадың ба?

«Еркек тоқты құрбандық»

Керек болса,

Мен жанымды берер ем.

 

Сексен алты,

Он алтыншы желтоқсан.

Сол  боздақтар бәс тігіп,

Алып берді еркіндік.

Шын қуандық, желпіндік!

Бірақ, бүгін

Ел намысы қорғалған,

Қасиетті алаңды.

Шаштан сүйреп,

Тепкен жерді жас қызды.

Талай тексіз басып жүр.

Кім оларға басқызды?

 

Сексен алты,

Он алтыншы желтоқсан.

Халық үшін

Қан төгілген қаралы күн.

Қуан, тойла бірақ-та,

Желтоқсанда көтерілген,

Намыс туын құлатпа.

Қазақ үшін

Қаза болған жандарды,

Қабірінде

Енді өзің жылатпа. 

 

НАМЫС КЕРЕК

Біреулерге алдамшы атақ керек,

Біреулерге қып-қызыл шатақ керек.

Асыл ерге ар-ұят, намыс керек.

Азған ерге бір тиын табыс керек.

 

Қазақтарға құламас Отан керек,

Сол отанды қорғайтын ұлан керек.

Бетсіздерге бітпейтін ылаң керек,

Соны  ұқпаса ызадан жылау керек.

 

Ел үшін деп езіліп жерді сүзбей,

Шын ер болсаң биіктен құлау керек.

Әрекет қып әр күні үміт үзбей,

Ел бірлігін Тәңірден сұрау керек.

 

Қыз сүйерлік сылқылдақ сезім емес,

Отан сүйер жау жүрек сезім керек.

Іс түскенде езіліп құм болатын,

Табансыз, тұрлауы жоқ төзім емес,

Темір болат мұқалмас төзім керек.

 

Көңіл күйді күйттеген өлең емес,

Көптің көзін ашатын өлең керек.

Қадірін мына жердің біле алмасаң,

Алаштың мұратынан садаға кет

Жер басқан әр ізіңе төлем керек.

 

САҚТАН ҚАЗАҚ

Бірін-бірі тобықтан қаққан қазақ,
Қара күйе сыртынан жаққан қазақ.
Жалған өсек, еріншек қор мінезбен,
Мақтанға малын шашып жатқан қазақ.

Көзің тайса, көрместей сатқан қазақ,
Тілін тартпай күнәға батқан қазақ.
Құл жиылып құдыққа түкіргендей,
Құлагерін тасадан атқан қазақ.

Сырттан емес ішіңнен сақтан қазақ,
Түсе көрме бірікпей аттан қазақ.
Біріңді-бірің қолдап, қорғаған күн,
Алаштың таңы атты деп мақтан қазақ.

 

 БАСЫН ҚОС

Мен жақсымын дегендер,

Ортамызда қаптап жүр.

Бірі руласын жақтап жүр,

Бірі бір сыр сақтап жүр.

Бірдеңе жазып,

Аламын деп бір атақ,

Енді бірі

Өзін-өзі баптап жүр.

Аты шықпай жер өртеп,

Тағы біреу

Дана халқын даттап жүр.

Біреулері адасып,

Шамалысы қыр асып.

Өз ішінен өрт шығып,

Өз тегіне өгей боп.

Жұрттың көбі

Біреулерді боқтап жүр.

Тісін қайрап бауырға,

Ши мылтығын оқтап жүр.

Бір екі адам зарланып,

Өлген қазақ рухын

Тірілтем деп жоқтап жүр.

Ең ауыры бәрінен….

Талай қазақ бас бұғып,

Ертеңіне жол ашпай,

Ұйқылы ояу оттап жүр.

 

Есің болса ерте тұр,

Ақиқатқа бетті бұр.

Қорғанып қазір қалмасаң,

Қорлықта қалып жер болар

Бір қауіп бізге төніп тұр.

Жамандықтың алдын тос,

Қылған істің көбі бос.

Құр бекерге шабылмай,

Қазақтардың басын қос.

 

НЕ  ЖАМАН?

Ел сенімін ақтамас,

Екі жүзді ер жаман.

Ер артынан ере алмас,

Ез мінезді ел жаман.

 

Бәтуәлі сөз айтпас,

Бұра тартқан би жаман.

Бала белін буа алмас.

Бұғып жатқан үй жаман.

 

Көңіл сеніп, көп алмас,

Бұрмаланған шын жаман.

Алмас кездік алынбас,

Бұғауда қалған қын жаман.

 

Қызғышы келіп қорымас,

Көз жасындай көл жаман.

Ақ сөйлеуге ары қас,

Көп болса да нөл жаман.

 

Тыныш  ұйықтай  алмаймын

Бағынуға дайын бас,

Жағынуға жаны қас.

Жаныңды ұқпас не демес,

Ойсыз адам мен емес.

 

Екіжүзді бірліктің,

Ертеңі жоқ тірліктің.

Құны бар ма көк тиын,

Ашытқанмен көп миын.

 

Күдер үзген шындықтан,

Көптің мұңын кім ұққан.

Ел  рухын  көтермей,

Құтылмайсың құлдықтан.

 

Ел  тірегі  жастарың,

Кімнен  үлгі  алады.

Ақиқаттың алдында,

Иілмесе бастарың.

 

Ой тоқтатпай алақтап,

Қаперсіз жүрсің салақтап.

Жар астында жат мінез,

Жауларың тұр жалақтап.

 

Тамырын тектеп тексермес,

Есерлерге  ес  кірмей.

Алаштың жұрты көгермес,

Көздерден қара мұң кетпей.

 

Ұлт үшін болған күресің,

Жауапсыз қалды білесің.

Жалтақтай берсең жаһанға,

Түбіңе  бір күн  жетесің.

 

Өтірік  күліп  келесің,

Көз жұмып үнсіз көнесің.

Жүзіңде жөнсіз қорқыныш,

Қай  күні  оны  жеңесің.

 

Сарқылмас сабыр-сары алтын,

Десек те уақыт – шын алтын.

Ел   іргесін   бекітпей,

Тұрмайды мәңгі бұл қалпың.

 

Кемдік іздеп бекерге,

Қоспадым тұз шекерге.

Мәңгілік ел ұрпағын,

Сатпас  еді  шетелге.

 

Оны қайтіп айтпаймын.

Атқамінер,

Сені қалай ақтаймын.

Алла білер,

Арты мұның жақсы емес.

Сондықтан да

Тыныш ұйықтай алмаймын.

 

О, Тәңірім,

Жасқа айналып мың тамшы,

Сол   жетімнің  көзінен.

Қуаныштың  ізі  боп,

Тамшылайын мені алшы.   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

15 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖЕҢІЛДІККЕ ЕНГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Жек Мам 3 , 2020
Оқылды: 1  488 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жарлығымен 15 мың теңге коммуналдық төлем төлеуге жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік берілген. Бұған дейін тек пәтері бар азаматтарға берілетін еді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ережеге өзгерістер енгізетінін мәлімдеді. Енді пәтер […]