Академик жұртшылықты 12 сәуір – қазақ ғалымдары күнімен құттықтады

Құрметті әріптестерім, ғалымдар, ғылым жанашырлары! Сіздерді 12 сәуір ғылым күні мерекесімен құттықтаймын! Әлемдік ғылымда ашылатын ұлы жаңалықтардың ішінде қазақ ғалымдарының есімдері енуіне тілектеспін!

Қазіргі заманда өндірістік қуатты сапалы өзгертудегі ғылым мен жаңа технологиялардың рөлі ерекше орасан зор. Ғылымның дамуы және технологияның үдемелі жаңғыруы әлемнің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағытына айналды. Оның шарықтап дамуы адамзатқа атом энергиясын, ғарышқа енуді, компьютерлендіру, ақпараттандыру және тағы да басқалары секілді ғажайып жаңалықтар әкелді.
Ғылым туралы айтқанда алғашқы кезекте іргелі (фундаменталды) ғылым жайлы сөз қозғалуы керек. Онсыз қолданбалы ғылым болмайды, ол болмаса, технология іске аспайды. Қазіргі кезеңдегі жаңа технологиялардың қайнар бұлағы – іргелі ғылым, ол – халықтың ой-өрісінің деңгейі, ұлттық даму көрсеткіші, экономикалық сипаты.
Өркениетті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ болып саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Сонымен бірге ғалымның еңбегі де өте жоғары бағаланады. Жалпы мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның ЖІӨ-нің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал Ресейде 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны 0,2%, кейде одан да аз бөліп келеді.
Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ЖІӨ-нің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды екен. Осыған қарап-ақ, біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдай беріңіз.
Ал тура қазіргі кезде статистика бойынша Қазақстанда ғылым жолында 8000 адам бар дейді, оның 1000 жастар. Дүние жүзінде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым, ал қазақстанда 2500- дің біреуі ғана ғалым. Бұл өте аз көрсеткіш. Әрине, ғалымның саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымды оның ғылыми жұмыстарының дүниежүзілік атақты журналдарға шыққан мақалалармен, ол мақалаларға ғалымдарың сілтеме жасау санымен бағаланады.
Маңызды мәселе ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда оның халыққа, елімізге, шаруашылығымызға әкелетін, еңгізетін жаңалығы. Бұл жөнінде біз әлемде 61 орындамыз, патент алуда бізде дүниежүзілік деңгейден 24 есе аз.
Құлдыраған ғылым мәселесін шешу үшін ғылым және білім министрлігі екі заң қабылдады, бірнеше зерттеу лабораторияларын ашты, ашылған зертханалардың бесеуі «ұлттық» деген мәртебені иеленген, яғни, оларға еліміздің кез-келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілігі болуы керек еді.
Бұл зертханаларды осынша қаражатпен ашу мемлекет қажеттілігінен туындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге негізделген, нәтижелері қоғамдық сұранысқа ие болатын ғылым бағыттарын үнемі дамыту мақсатымен негізделген еді.Ол зертханаларды 8 миллиард теңгеге сатылып алынған құралдармен, аспаптармен, қондырғылармен жабдықтады. Сол зертханалар қай университетте не себепті ашылғанын,оларға қандай зерттеу аспаптары мен қондырғылар берілді, қай университетте ұлттық зертхана ашылды, осы зертханаларда елімізді жаңа белестерге көтеретін қандай ғылыми нәтижелер алынды, бұл зертханалардың қазіргі жағдайы қандай- деген сансыз әрі орынды сауалдарға кім жауап береді?
Егерде сол зертханалар белгілі нағыз ғылыммен шұғылданып жүрген ғалымдары бар, негіздемлерінің дәлелдері бар университеттерде әділетті түрде ашылғанда Қазақстан ғылымының жағдайы әлдеқайда жақсы болатын еді.
Дүние жүзінде ғылым екі-ақ жолмен дамиды. Соның біріншісі – академиялық жол болса, екіншісі – университеттік жол. Батыстың Oxford, Cambridge сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал Кеңес Одағы академиялық жолды ұстанды деуге болады. Келместі көксеп, өткен¬ді аңсап отырғаным жоқ. Алайда бұрынғы одақтас елдердің аумағындағы академиялық жүйе өте мықты болды. Соның нәти¬же¬сінде КСРО-ның ғалымдары ракетаны алғашқы болып ғарышқа көтерді. Оны дүние¬жүзі мойындайды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз кереметтей жаңалықтар ашып жатты. Алайда академия жабылып қалған соң жеткен жетістіктеріміз де, ашқан жаңалықтарымыз да азая берді.
Академия – Қазақстандағы ғылымның өркендеуін алдын ала болжап, алдағы 15-20 жылда оны қалай дамыту керектігін жоспарлап отырған еді. Екіншіден, академияның мемлекеттік бюджеттегі өзіндік орны болатын. Оған миллиардтаған қаражат бөлініп тұратын. Академиядан айырылып қалған кезімізде онымен бірге ғалымдарымыз да абдырап қалды. Академияның қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары да далада қалды. Университеттер болса, ғылыми-зерттеу институттарына дұрыс жөн сілтеп, жүйелі жұмыс жүргізуді білмеді.
Мысалы, Ғылым Академиясының академик Б.Н.Мукашев басқарған бұрыңғы кеңес одағы түгілі дүние жүзіне белгілі физика-техникалық институты Қазақстандағы қатты дене физикасы саласындағы барлық ғылыми жұмыстарды реттеп, оның дамуын алдын ала болжап, отыратын және өзінің диссертациялық кеңесінде кандидатық, докторлық диссертацияларды қорғатып кадрларды дайындаудың ордасы еді. Қазір аты барда заты жоқ. Мен физик болған соң физика институты туралы айтып отырмын, сол сияқты әлемге аты шыққан химиядан, математикадан, биологиядан т.б. ғылымдардан жүз шақты интитуттар болған. Қазір көбісінің аты да, заты да естілмейді.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменімен көптен күткен ұлттық ғылым академиясын қайта аштық. Енді ғылымды басқаратын үшінші ұйым пайда болды. Бұрын Ұлттық ғылыми кеңес және ғылым және жоғары білім беру министрлігіндегі ғылым комитеті бар еді. Жаңа ашылған Академияның президенті тағы ауысып кетіпті. Сонда ғылымның келешегін кімнен сұраймыз. Қазақтың «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақалын еске түсіретін сияқты. Өзі тұралап тұрған ғылымның жағдайына кім жауап береді. Ғылым қалай дамиды, жығылған үстіне жұдырық болмай ма? Үшінші заң мәжілісте талқыланып жатыр, ондағы талқылауға қарағанда бұл заң да мәжілісте сол белгілі белсенді депуттардың сөзіне қарағанда баяғы екі заңды біріктіріп қоя салғанға ұқсайды. Егерде олай болса, одан да үміт аз болатын сыңайлы.
Еліміздің ғылым деңгейінің төмеңдігі туралы ондағы кемшіліктермен олқылықтар туралы айтылғанда, жазылғанда аз емес ұйымдастыру туралы да көп жазылды. Үш жылдық грант дегенің түпкілікті дұрыс емес оны бөлу барысында ғылыми сараптамадан отыз бал алғандар өтпей жиырма бал алғандардың өтуі әділетсіздік емес пе?! Бұл туралы мәжіліс депуттары да кезінде өзім де нақты мысалдар келтіріп «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған едік. Қазір ол мәселені тізбектеп жаза бермей Қазақстанның ғылымы мен технологиясы, еліміздің экономикасы қарыштап дамитындай, отанымыздың қауіпсіздігін толық, сенімді сақтай алатындай дәрежеге жету үшін, Қазақстан ғылымының дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ғалым ретінде өз ұсыныстарымды талқыға салуды жөн көріп отырмын.
Ол үшін Қ.И. Сатпаев кезіндегідей ешқандай министрлікке бағынбайтын, тікелей президентке не премьер министрге бағынатын Астанада Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясын құру керек. Жаңа құрылған академияның мемлекеттік бюджетте өзіндік жеке орны болуы қажет. Сонда Республикадағы бүкіл ғылымды Қазақстан Ғылым Академиясы басқарады. Бұл ғылыми мекеме ғылымның елімізге қажетті қай саласын бірінші кезекте дамыту керек екендігін ғалымдардың тиянақты талдауы және терең талқылауы нәтижесінде анықтап отырады. Онымен бірге ғылымның қандай бөліміне қанша қаражат бөлінетінін ашық кеңесіп, анықтайды. Ұлттық ғылыми кеңесін, министрліктегі ғылым комитетін тарату дұрыс болады.
Қазіргі уақытта әлемдегі экономикасы дамыған елдердің аса маңызды бәсекелестігі, артықшылығы білім, ғылым және жаңа технологиялар болып табылады, сондықтан да біздің елде де олардың дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі көтерілуі қажет. Ол үшін ел басшылығы жоғарғы мемлекеттік деңгейде еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясын (ҒТДС) жасау керек. Бұл маңызды құжаттың жобасын ғалымдар, ғылыми мекемелер, инжернер, технологтар және ғылым жанашырлардың қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылағаннан кейін Президент бекітіп, қабылдау қажет. Осындай ҒТДС әлемнің дамыған елдерінің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа елдері және т.б.) бәрінде қабылдаған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық дамудың стратегиясы өзінің маңыздылығы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы әзірленбеген және қабылданбаған. ҒТДС қабылдау қажеттілігі Қазақстанның әлемнің дамыған елдердің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжаттармен негізделеді.
Ресей елі бұндай маңызды құжатты кеңінен талқылап 2016 жылдың желтоқсан айында қабылдаған. Оларда ҒТДС қабылдаудың маңыздылығы динамикалық және үдемелі ғылыми-технологиялық даму қажеттілігінің іргелі себептеріне ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық дамуына елеулі әсер ететін санкциялардың күшеюіне байланысты да негізделген.
Қазақстанның ҒТДС әзірлеген кезде, әрине, біз басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескергеніміз жөн және Қазақстандық ірі ғылыми-зерттеу институттары, лабораториялары, университтердің жетекші ғалымдары осы маңызды Стратегиялық құжатты талқылауға қатысып, және әлемнің дамыған елдерінің ғылыми стратегияларының нұсқаларымен салыстырмалы түрде талдау жүгізілуі тиіс. Еліміздің ҒТДС-ын тыңғылықты дайындап, тез арада қабылдап алмай, ғылым ешқашан дамымайды, қалпына келмейді.
Егерде келешек 20-25 жылға арналған бұл маңызды құжатты жоғары деңгейде қабылдап алсақ ғылым ешқандай министрдің, жеке бастың әсерінсіз сол сара жолмен дами береді. Әр бес жылда қайта қаралып толықтырылып отырады. Бүгінде елдегі ғалымдарымыз 3 топқа бөлініп қалды. Алғашқылары 65-тен асқандар болса, орта буын 45-65 жастың маңайында. Кенже буын саналатын 25-45 жас аралығында ғалымдар тағы бар. Үш буынның ғылымға деген көзқарасы үш түрлі. Ал мұндай стратегия үш буынның да басын біріктірер еді.
Әр өңірде бір университет жанынан мемлекет қажеттілігінен туындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге негізделген, нәтижелері қоғамдық сұранысқа ие болатын ғылым бағыттарын үнемі дамыту мақсатына негізделген ұлттық ғылыми-зерттеу лаборатоияларын немесе технопарктер құру қажет. Оларды қажет болған жағдайда бағасының қымбат тұратындығына қарамай, аспап-құрал, қондырғылармен қамтамасыз ету керек. Сонда еліміздің кез-келген ғалыми өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілік алады. Қазіргі заманда зерттеу жұмыстарын жүргізетін қондырғылар өте қымбат әр университет оны алуға қаражаттары жетпейді. Мысалы балтық жағалауының елдері Литва, Латвия, Эстония, Финляндия елдері біріккен, біреуі қымбат қондырғы алса басқасы қаржы шашпайды, барлығы сол қондырғыны пайдаланды.
Қазіргі заманда дүниежүзі бойынша ғылым саласында қатаң бәсекелестік орнады. Жалпы бір мемлекет қанша мықты, бай болса да ғылым мен технологияның барлық бағыты бойынша әлемде жетекші орынға ие бола алмайды. Бір сала бойынша басым болғанмен, ғылымның басқа бағыттарында әлсіздеу болуы мүмкін. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе талантты жастарға ашық түрде талас жүріп жатыр.
Жастарды ғылымға тарту үшін оларға жағдай жасау керек. Жалпы ғылымды дамыту ғылымның дәрежесін көтеру керек. Қазақ тілінде жастарға арналған ғылым туралы журнал шығару, ол журналда ғылымды дүние жүзінде, Қазақстанда ашылып жатқан жаңалықтар туралы, оның еліміз үшін қажеттілігі туралы мақалалалар болу қажет. Мектептерде ғалымдармен жиі кездесулер болып тұрса.
Президент «Ұлттық қоғам¬дық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым»,- деді жолдауда. Мемлекет басшысының бұл сөзін қос қолдап қолдаймын. Себебі жоғарыда жазғанымдай ғылымның негізі – іргелі ғылым. Осы мәселені жүйелі жолға қойған дұрыс болар еді. Қ.Тоқаев бұл сөзді бекер айтып отырған жоқ. Орасан ой жатыр мұнда. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне жеткен 3 жылдық грант. Неге? Себебі 3 жылда жаңалық ашып, зерттеуді аяғына жеткізу мүмкін емес. Бұл туралы Президент те «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қар¬жыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», деп айтып отыр.
Зерттеу нәтижесінде ашылған жаңалықты қолданысқа енгізіп, өндірістік жолға қою үшін де кемі 5-10 жылға кейде тіпті 30-40 жылға жуық уақыт керек. Сондықтан іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын тікелей қаржыландыру тәртібін еңгізудің мәні мен маңызды аса зор. Тамаша бастама! Тек президенттің айтқаны сөз жүзінде қалмай жауапты орындар көпке созбай батыл бастап кетсе отандық ғылым алға басар еді.
Әл-Фараби бабамыз “Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр” деген екен. Ғылым жолындағы ғұмырымның 60 жылдан астамы табиғаттың тылсым сырларын түсінсем деген талпыныспен өтті. Ғылымның адамзат баласына аса пайдалы екенін сезгеннен кейін, еліміздің келешегі жарқын болсын деп, ғылымды өркендету жайлы біраз ойымды жаздым. Ғылым кеңістігінде жүрген жастар назар аударады, қолдайды деген үмітпен айтып отырмын. Отандық ғылымның тағдыр-талайы талқыға түсіп тұрған кезең. Сондықтанда бұл мәселеден ғылым жолындағы әріптесерім, шәкірттерім қалыс қалмайды деп сенемін!

Құрметпен,

Темірғали Әбілдаұлы Көкетай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Келеңсіздіктердің алдын алатын кез келді

Сей Сәу 16 , 2024
Оқылды: 488 Елімізде қар еріп, елдімекендерді қызыл су басып жатыр. Былтыр бейғамдықтан орманды жер өртенді. Алдыңғы жылы жылыту қазандықтары қатып қалып, кейбір елдімекендерде жұрт суық үйде бүрсеңдеп шықты. Оның алдындағы жылдары әскери қоймалар жарылды. Шахталарда жыл сайын апат болып келді. Шаруаларға жазда су жетпей, өнімдері шіріп, күзде қалаған бағаға өтпей, […]