НАРЫҚҚА ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР КЕРЕК ПЕ

Жұмыс берушілердің айтуынша, еңбек нарығында ағылшын тілін жетік меңгерген қазақ тілді мамандар жетіспейді. Қазіргі таңда екі тілді тең дәрежеде игерген қызметкерлерге деген сұраныс әлдеқайда артқан. Десе де ондай мамандарды даярлайтын білім ордалары жоқтың қасы. Аталған мәселе ҚР БҒМ қарасты «ADAL BILIM» алаңында талқыланды.

«Бұрын қазақстандық бірнеше университетте қазақ-ағылшын  тілдерін оқытатын мамандықтар болған. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады, себебі ол кезде нарықта сұраныс қазіргідей емес еді. Ағылшын тілі күннен күнге қажет болып келе жатқанын байқап отырмыз. Қазір нарықта қостілді мамандарға сұраныс бар. Бірақ сол мамандардың өзін белгілі бір салаға бейімдеп даярлау қажет деп ойлаймын», – дейді А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры Ұлан Еркінбай.

Эфирге жұмыс беруші ретінде қатысқан «USTAZ» кәсіби жетілдіру орталығының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев шетелдік материалдарды қазақ тіліне аударған кезде туындайтын қиындықтар жайлы пікірін білдірді.

«Бұл мәселені жұмыс беруші ретінде қарастырсам, екі проблема туындайды. Біріншіден, материалдарды аударатын кезде екі есе қаржы жұмсаймыз. Ағылшын тілінен алдымен орысшаға, одан кейін қазақ тіліне аудару керек. Себебі қазақ және ағылшын тілдерін тең дәрежеде білетін мамандар аз. Екіншіден, ақпаратты алдымен орыс, кейін қазақ тіліне аударғанда мағынасы өзгеріп кетеді. Сондай-ақ менің ойымша, қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де ағылшын тілін білгені дұрыс. Себебі ағылшын тілін білетін мұғалімдер жаңашылдыққа жақын, көзі ашық болады»,– дейді Нұрлан Иманғалиев.

Жоғарыда аталған мәселені шешу мақсатында М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде биыл «Қазақ-ағылшын тілі және лингвистика» бағдарламасы ашылған. Бағдарлама жетекшісінің айтуынша, бұл мамандыққа түскен студенттердің қосымша мамандықтарды меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар.

«Бұл мамандыққа ҰБТ-ға «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнін таңдаған түлектерді қабылдаймыз. Абитуриенттің ағылшын тілі бойынша деңгейі төмен болса да қабылдап, басынан үйретеміз. Мақсатымыз – ағылшын тілінен аударғанда орыс тілін пайдаланбай, бірден қазақ тіліне аударатын мамандарды дайындау. Қазіргі таңда қазақ тіліне қызығушылық танытып жатқан шетелдік азаматтар бар. Олар да орыс тілін білмегендіктен қазақ тілінде білім алады. Бұл мамандыққа түскен студенттер «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту», «Медилингвистика» (журналистік дағдыларды үйрету), «Аударма ісі» сияқты қосымша мамандықтарды алып шығады», – дейді М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті «Қазақ-ағылшын тілі және лингвистика» бағдарламасының жетекшісі Ақерке Салимова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Талғат Нәрікбаев онлайн-емтихандар кезінде прокторинг жүйесін қолдануды ұсынды

Бей Жел 10 , 2020
Оқылды: 1  239 Студенттердің сапалы білім алып жатқанына көз жеткізудің жалғыз жолы – емтихан уақытында үздіксіз бақылау жүргізу және онлайн-прокторингті қолдану. Пандемия кезінде жоғары оқу орындары қашықтан оқыту форматына көшіп қана қоймай, білім сапасын жоғалтпау үшін тиісті шаралар қабылдауы керек болды. Бұл туралы Талғат Нәрікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. […]