2024 жылдың қараша айында Америка Құрама Штаттарында тұңғыш рет қазақтар арасында ұйымдастырылған футбол турнирі – Qazaq Unity Cup сәтті өтті. Бұл тарихи іс-шара Калифорния штатындағы Ирвайн қаласында ұйымдастырылды.
Турнирге Лос-Анджелес, Сан-Диего, Сакраменто, Сан-Хосе, Хьюстон, Чикаго және Лас-Вегастан келген қазақ командалары қатысты. Жарыс бір күнге созылып, жоғары деңгейде өткізіліп, қатысушылар мен жанкүйерлер арасында ерекше әсер қалдырды.
Бұл турнир АҚШ-тағы қазақ диаспорасы үшін тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жаңа достық байланыстар орнату, ортақ құндылықтарды бөлісу және ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы үлкен қадам болды. Qazaq Unity Cup-тың алдағы жылдары дәстүрлі түрде өтетіні жоспарланып отыр.
Тәжірибеден басталған жол
Аталған бастаманың артында тұрған тұлға – Талғат Токберген, Unity Leagues компаниясының негізін қалаушысы. Қазіргі уақытта ол Оңтүстік Калифорнияда тұрып, әуесқой спортшыларға арналған лигалар мен турнирлер ұйымдастырумен айналысады.
Спортты ұйымдастырудағы Талғаттың тәжірибесі тереңге кетеді. 2014 жылы ол Алматы қаласында Unity League атты алғашқы әуесқой футбол лигасын құрды. Бұл жоба сәтті іске асып, әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Кейінірек Талғат Астана қаласында «Бірлік лигасын» ашуға көмектесіп, оның дамуына зор үлес қосты. 2016 жылы ол Астана, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда және Алматы қалаларынан жиналған командалар арасында жалпықазақстандық футбол лигасын ұйымдастырды. Осылай жинақталған тәжірибе Талғаттың ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, оның болашақ жобаларына берік іргетас қалады.
Unity Leagues: 2025 жылға үлкен жоспарлар
2025 жылы Unity Leagues жаңа жобалар арқылы өз ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. Компанияның алдағы жоспарлары мыналар:
- 2025 жылдың мамыр айында – әуесқой ойыншылар арасында волейболдан турнир өткізу;
- 2025 жылдың жаз айларында – апталық форматтағы тұрақты мини-футбол лигасын ашу;
- 2025 жылдың екінші жартысында – АҚШ-тың басқа штаттарында Unity Leagues филиалдарын ашу.
Бұл арқылы компания өзге аймақтардағы әуесқой спорт сүйер қауымды біріктіруді көздейді.