Елімізде ақылы курстар жеңіл ақша табудың құралына айналып кеткен жоқ па?

Білім алуға, жаңа дағдыларды игеруге деген қызығушылық ешқашан бүгінгідей жоғары болған емес. Курстар мен тренингтердің көптігі адамдарға дамудың сан түрлі жолдарын ұсынады. Жеке және кәсіби дағдыларды жетілдіруге бағытталған бұл мүмкіндіктердің пайдалы екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, мәселенің екінші жағы бар: сапасыз және үстірт білім ұсынатын курстар мен тренингтердің жаппай көбеюі, сондай-ақ адамдардың дайын білімге тым тәуелді болуы өз бетінше ізденуді құнсыздандырып барады.

Қазіргі таңда мұндай білім алу тәсілдері жеңіл әрі жылдам нәтижеге бағытталған. Мәселенің күрделілігі – адамдардың білім мен тәжірибені терең меңгеру орнына жеңіл әрі тез нәтижеге жетуді қалауы, өздігінен іздену мен зерттеуді қажет ететін тәсілдерден гөрі, қысқа мерзімді курстар мен тренингтерді таңдау көпшіліктің сүйікті амалына айналып барады. Бірақ кейбір курстар сапаға емес, жарнамаға негізделгендіктен, шынайы білім берудің орнына, үстірт ақпарат ұсынады. Бұл, бір жағынан, білім беру мәдениетін әлсіретіп, қоғамда тұтынушылық психологияның күшеюіне ықпал етеді.

Бүгінгі күнде қоғам неге мотивацияға үйір? Жалпы, қоғамда мотивациялық кітаптарға, ақылы психологиялық курстар мен түрлі вебинарға сұраныстың артуы – жақсылықтың нышаны емес. Мұндай ақылы негіздегі курстар көбіне жылдам жетістікке жетуге немесе қиын саланы оңай меңгеруге уәде береді. Әйелдерге қажетті істерді насихаттайтын, тез байып кетудің құпиясын, екі жас арасындағы дұрыс қарым – қатынасты үйрететін, тұрмыстық негіздегі мәселелерді қозғайтын ақылы курстар қоғамда сұранысқа ие болып тұр. Аталмыш курстардың сапалысынан гөрі, сапасызы нарықта өркендеп, қанат жайып барады.

Осы мәселелер аясында сауалнама жүргізіліп, оған 24 адам қатысты. Қатысушылардың жас ерекшелігі мен әлеуметтік статусы әртүрлі: оқушылар, студенттер, қызметкерлер және кәсіпкерлер. Жиналған деректер ақылы курстарға деген көзқарастар мен білім алудағы жеке тәжірибелерді айқындап берді.

Сауалнамаға қатысушылардың бірі: «Ақылы курстарда мотивация болады. Ақшасын төлеген соң оқисың» – деп өз ойын жеткізді. Тағы бір жауапта: «Өз бетінше білім алу үшін көп ізденіс қажет, ал курстарда бәрі жинақталған дайын ақпарат беріледі» – деген пікір айтылды.

Курсқа қатысушы Айғаным Сағитова ақылы курстарға қатысты өз ойын ортаға салды:

– Мен кез келген курсқа жазылмаймын, алдымен курстың сапасына мән беремін. Өзіме пайдалы болса қатысамын. Сонымен қатар мұндай курстардың ұтымды жағы уақытты тиімді қолданудан көрінеді. Дегенмен жарнамасы күшті бола тұра, сапасы жағынан төмен ақылы курстар да аз емес.

Мектеп мұғалімі Әсел Нұртайқызы ақылы курстардың артықшылықтары мен кемшіліктерін былайша сипаттайды:

– Ақылы курстардың тиімді де, тиімсіз де жақтары бар. Уақыт қысып, курс оқып, сертификат алу керек болған кезде ақылы курстарды іздейміз. Ақша төлеген соң қажетті ақпаратты алуға тырысамыз. Ақылы курстарда оқытушылар жеке кеңестер береді, ол да тиімді. Көптеген түсініксіз сұрақтарыңа жауап аласың және уақытты үнемдеуге тиімді, өзіңе ыңғайлы кезде ашып оқуға болады. Тиімсіз жақтары: бағаның қол жетімсіздігі болуы мүмкін. Кейде бір ақылы курстың жарнамасын көріп тегін деп тіркеліп көрсең, соңында ақылы және бағасы қымбаттау болып жатады. Кейде адамдар «ақшасын төледім, бәрібір сертификат береді»,-ғой деп дұрыс оқымауы да мүмкін. Кейде мүлде сапасы төмен курс болуы ғажап емес».

Бұл ретте, саясаттанушы Айдос Бәдел ақылы курстардың қоғамдағы орны мен олардың кемшіліктеріне тоқталды:

– Қазіргі уақытта ақылы курстарға сұраныс жоғары. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар қысқа мерзімді әрі арзан курстар арқылы жұмысқа орналасуға үміттенеді. Мұндай курстарды жарнамалаушылар да дәл осы сұранысты пайдаланады: “Осы курсты бітірсеңіз, мынадай жұмысқа тұра аласыз” деген мазмұндағы уәделер жиі кездеседі. Әрине, тиімді курстар да бар. Мысалы, нарықта сұранысқа ие бухгалтерлік есеп, ақпараттық технологиялар бойынша білім алса, шынымен мүмкіндіктері ашылуы мүмкін. Бірақ, курсты аяқтағаннан кейін көбінің қолында тек сертификат болады, ал оның ресми күші жоқ. Ақырында, жұмысқа орналасу қиынға соғады-.

Сондай – ақ саясаттанушы тұрмыстық деңгейдегі немесе ұлттық құндылықтарға байланысты оқытылатын курстар туралы пікір білдірді:

– Өмірлік құндылықтарды, шынымен де,  ұлттық құндылықтардан, өзіміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізден пайдалануға болады, әлбетте. Қылт етсе сылт етіп, сондай курстарға жүгіне бергенге қарағанда, адам өзі оқып, ізденсе, соны ойымен қорытып, ар-ұят, адамгершілік қағидаларымызды қолдануға болады. Кейде өмірлік сабақтар негізінде өзіне қажетсініп, осындай курстарды іздейтіндер де болады. Шынымен, ата мен ене арасында біз білмейтін жақсы тұстар бар шығар, жаңадан түскен келін соған қызығып, оқығысы, тыңдағысы келетін жағдай болады ғой немесе пайда табу үшін депозитке ақша салып, оны жинауға болатынын біледі, бірақ қоғамдағы тұрмыстық мәселерді шешудің, мол қаржы табудың оңтайлы жолы бар шығар деп арнайы курстарды іздейтіндер де жетерлік. Мұндағы негізгі мәселе – алаяқтықтан сақтану керек. Өйткені қоғамның осындай сұранысын пайдаланып, жалған, жеңіл жолмен қаржы тапқысы келетіндер де кездеседі. Қазіргі кезде адамдар көп нәрсені алдын ала білгісі келеді, асығыстық тенденциясы бар. Тіпті диплом алмай тұрып, мол ақша табудың, жұмыс істеудің жолын іздейді. Осындай сұранысты пайдаланып қалғысы келетіндер аз емес. Сондықтан кез келген курсқа жазылмас бұрын, ұйымдастырушылардың беделін, қатысушылардың пікірлерін мұқият тексеру керек. Курсты жүргізетін адамның білімі мен тәжірибесін бағалап, оның сол салада жазған еңбектері немесе зерттеулері бар ма, соны да ескерген жөн. Өйткені, оларды курсқа қатысушының өзінен басқа қадағалайтын жүйе жоқ. Нарықта жүрген сондай курс оқытатын авторлар ғой. Олар салық та төлемейтін шығар, мемлекеттің бақылауына да әзір алына қоймаған. Жалпы сапасыздары бар, сапалылары бар. Ұлттық құндылықтарымызды жинақтап, қорытындылап, содан бір жақсы түйін шығарып, жеткізетін курс авторлары бар. Сондықтан мұндай курстардың сапасын нарықтың өзі анықтайды – пайдалысы сұраныста қалады, ал сапасыздары уақыт өте жойылады-.

Қазіргі заманда білім алудың жеңіл әрі жылдам жолдарына сұраныс артып келеді. Ақылы курстар, тренингтер, семинарлар уақыт пен күш-жігерді үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, олардың сапасы мен мазмұны сын көтермейтіндері де аз емес. Жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, адамдардың көпшілігі уақыт тапшылығы мен дайын ақпаратқа қол жеткізуге деген ұмтылысты басты себеп ретінде атайды.

Алайда, мәселенің түп-тамыры тек білім алу тәсілдерінде емес, білімге деген көзқарастың өзгеруінде жатыр. Осы жерден туындайтын тағы бір мәселе – сыртқы басқаруға тәуелділіктің артуы. Бұл жағдайда жеке тұлға өз бетінше іздену, әрекет ету немесе шешім қабылдау қабілетін төмендетіп, дайын ұсыныстарға, нұсқаулықтарға, сырттан келетін ынталандыруға көбірек сүйенеді. Біз ақпаратты тұтынушы ғана болып барамыз ба әлде білімді шын мәнінде меңгеруге тырысамыз ба? Мұндай жүйесіз жүйе жалғаса берсе, адамның, жалпы қоғамның дамуына кері әсер етпей ме әлде саннан сапаға біртіндеп көшіп, нарық пен уақыт өзі реттей ме?

А.Е. Балтабаева

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің

4 курс студенті 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

«Еркін сөз» жобасы кәсіби журналистерді қалыптастырады

Дүй Нау 24 , 2025
Оқылды: 257 «Еркін сөз» жобасы – Қазақстанда сөз бостандығы мен журналистиканың дамуына үлес қосатын маңызды бастамалардың бірі. Байқау 2017 жылы бастау алып, содан бері қазақтілді журналистикадағы қаржы тақырыбы бойынша ең ірі және маңызды байқаулардың бірі болып келеді. Қаржылық сауаттылықты арттыру идеясын қолдай отырып, Halyk Bank жобаға басынан бері бас серіктес ретінде қолдау көрсетіп келеді. […]

Шұғыл!