Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде шілденің 1 сержанттар күні болып бекітілген. Осы айтулы мерекеге орай Қарағанды гарнизоны, Нұркен Әбдіров атындағы 610-шы авиациялық базасында жеке құрамды даярлауда маңызды рөл атқаратын сержанттар құрамына саптық алаңда құрмет көрсетілді.
Мерекеге орай ұйымдастырылған шараны 50185 әскери бөлім командирі полковник Нұрлан Бекбосынов құттықтау сөзімен ашып, құрылғанына 28 жыл толған Сержанттар корпусының шығу тарихы жайында жеке құрамға жеткізді. Сондай-ақ, әскери азаматттардың күнделікті өмірінде сержанттар құрамына жүктелетін міндеттер аз емес екенін, сондықтан да олардың әскердің қай саласында болмасын, алатын орындары ерекше екенін 50185 әскери бөлімінің штаб сержанты тоқталып өтті. Сонымен қатар іс-шарада сержанттар құрамы әскери қызметтегі кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері үшін алғыс хаттармен және мақтау грамоталарымен марапатталды.
– Айта кетейік, қазіргі таңда сержанттар құрамы Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі болып табылады. Қарулы Күштердегі әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты,-деп атап өтті – 50185 әскери бөлімінің штаб сержанты Руслан Жұбанышев.
Сержанттар күніне орай, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы 610-ші авиациялық база аумағында стол теннисі мен шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, мереке қарсаңында жеңімпаздарға 50185 әскери бөлімінің ауыспалы кубогы мен бағалы сыйлықтар, медалдар табысталды. Еліміздің әскері бірінші шілде күні, Сержанттар күнін атап өтеді. Дәл осы күні Қарулы Күштердің барлық түрінде жеке құрамды даярлауда маңызды рөл атқаратын кәсіпқойларға құрмет көрсетіледі.