Отанды сүю – жүректен. Оны қорғау – азаматтың қасиетті борышы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» – деп атап көрсетілген. Осы қасиетті борышты абыроймен атқарып жүрген жауынгерлердің бірі – қатардағы жауынгер Қолқанат Қуатұлы Нығмет.

Қолқанат Қуатұлы – Қарағанды облысы, Сарышаған кентінің тумасы. Ол өзі білім алған жалпы білім беретін орта мектепті табысты аяқтап, 2024 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылды. Әскерге аттанған күннен бастап-ақ өзінің табандылығы мен тәртіпке деген адалдығы арқылы ерекшелене білді. Ол қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 06708 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүр. Бұл бөлім – еліміздің артиллериялық күштерінің беделді құрылымдарының бірі. Қатардағы жауынгер Қолқанат осы бөлімнің 2-ші зеңбіректі артиллериялық дивизионы құрамында, нөмердегі есептоп лауазымын атқаруда. Өзінің тиянақтылығымен, жауапкершілігімен, тапсырманы мүлтіксіз орындауымен көзге түсіп, әскери бөлімшедегі үздік жауынгерлердің біріне айналды. Қатарластары арасында беделі жоғары, ал командирлері Қолқанатты сенімді сарбаз ретінде бағалайды. Оның әскери қызметке деген ықыласы, қару-жарақпен жұмыс істеу дағдылары, саптық тәртіпті жетік меңгеруі – оны өзгелерден ерекшелеп тұр. Әскердегі әр күні – тәрбие мен шынығуға, шыдамдылық пен табандылыққа толы болғанын айтқан Қолқанат бұл бір жылдық борыштың өмірлік сабақтарға толы болғанын жасырмайды. Қазіргі таңда әскери борышының аяқталуына бір жарым ай ғана қалған Қолқанат Қуатұлы – туған елі мен отбасына абыроймен, жігерленіп оралуға дайындалып жүр. Әскери ортада жинаған тәжірибесі, үйренген машықтары мен бойына сіңірген тәртібі – оның болашақ өміріне серік болатыны сөзсіз. 2025 жылдың 7 мамыры – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні секілді айтулы мерекелер қарсаңында ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздарымыздың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қолқанат Қуатұлы – сол жауынгерлердің жарқын өкілі. Осындай жас сарбаздарымыздың ерік-жігері мен елжандылығы еліміздің бейбіт болашағына деген сенімді нығайта түседі. Ал Қолқанаттың әскерде жинаған тәртіп пен тәжірибесі – оның азамат ретінде қалыптасуына мықты негіз болары анық.


