Соңғы әңгімеші…

Өз өмірімде қазақта екі əңгімешіні көрдім. Бірі – марқұм Жайық Бектұров, екіншісі – Бекен Исабаев ағамыз еді. Жайық ақсақал Қарағандыда ғұмыр кешкендіктен, жиі əңгімелесіп тұру бақытына ие бола алдым. Алашорда ерлері мен Кеңес қайраткерлерінің көзін көріп, Қиыр Шығыста сталиндік лагерьлерде азап шеккен қарт тарланның талай-талай тұщымды əңгімелеріне кенеліп бағып едім. Жəкеңнің əңгімешілдігіне марқұм Ақаң, Ақселеу Сейдімбеков те тəнті болушы еді. Қос алыпты қатар отырғызып қойып та əңгімесін тыңдадық қой. Бұл күнде барлығы көрген түстей… Осындай сəттерде Жəкеңді соңғы əңгімеші деп ойлағаным рас. Бірақ ол ойымды Бекен ағамен əңгімелескеннен кейін қайтып алғандай болып едім. Бір жылы Бекен ағаға арнайы барып əңгімелестім. Əңгіме Абай мен оның заманы жайлы болды. Бекен аға “етектен шапса, төске озған, ертеден шапса, кешке озған” хас жүйріктей ерен көсілген еді сол жолы. Сол сапар қазақы əңгімеге қарық болып, марқайып қайтқан едім. Қазақы əңгіме дегеннен шығады. Бұл заманда қазақы əңгімешілер азайды, ұғатын құлақ та кеміді. Əңгімешіден əсерлі хикая тыңдаған адам құсадан, депрессиядан арылады. Бұрнағы қазақтың көңілін кір басса, есті əңгіме, асқақ əн, тəтті күй тыңдайтын. Сөйтіп, көңіл кірін жуып қайтатын. Бұл күнде мұның бірі де қалмады. Эфир біткенді албасты басты, теледидардың барлығын жын-шайтан жайлады. “Сөз сөзден шығады, сөйлемесе неден шығады” дейді қазақ. Бірақ, сөзді сөзден шығару оңай емес. Ол – ер данасының қолынан ғана келетін өзгеше өнер. Кейде көкезу бір мылжыңдарды əңгімеші деп əспеттеп жатамыз. Əңгімеші жоқ болған соң қайтеміз енді?! Талай əңгімешіні тыңдап жүріп, əңгімеші болудың сырына да үңіліп көрдім. Сонда əңгімешілерге ортақ бірнеше қасиет болатынын байқадым. Соның ішінде төрт қасиетті ерекше атап айтқым келеді. Бірінші: əңгімешінің “құлағының тесігі, кеудесінің есігі” болады, яғни, құлақпен естігенін, көзбен көргенін ешқашан ұмытпайтын жады өте мықты келеді жəне көрген-білгенін “кеудесінің есігімен” естиді, яғни, жүрекпен тыңдап, көкейіне тоқып алады. “Кеудесінің есігі” жоқ, қарау ниет, томырық адам ешқашан əңгімеші бола алмайды. Екінші қасиет: əңгімешінің өзі əңгіме қылушы заманға, сол заманның аяулы тұлғаларына деген кіршіксіз махаббаты. Үшінші қасиет: жүрегіндегі елге, жерге деген сүйіспеншілігі. Мұндай қасиеті жоқ адам əңгімеші бола алмайды. Тәкаппар, менмен, өзімшіл, пайдакүнем адамнан əңгімеші шықпайды. Төртінші: жері əңгімеші болуы шарт. Жері əңгімешіл емес елдің ері əңгімеші бола алмайды. Əңгімеші адам көңілі сəбидей таза, өшпенділіксіз (агрессиясыз), көп көріп, көп тоқыған, ең бастысы – терең ой, кемел парасат иесі болуы шарт. Осы қасиеттердің барлығы Бекен ағада бар еді. Бекен аға соңына “Ұлылар мекені” деген ғажайып шығарма жазып қалдырып кетті. “Ұлылар мекенімен” Бекен ағаның есімі ақырдың күніне дейін жасай бермек. Мұхтар Əуезовтің “Абай жолы” эпопеясы кең құлашты эпикалық көркемдігімен құнды болса, Абай жəне оның заманы суреттелген Бекен

Исабаевтың “Ұлылар мекені” өзінің деректілігімен, таптық қайшылықтарсыз, азат көзқараспен жазылғанымен маңызды.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші, өнертанушы

Келесі мақала

Шетелдік көліктерді тіркеу – шарт

Сей Қаң 21 , 2020
Оқылды: 1  848 Елімізде «Армения мен Қырғызстаннан жеткізілетін көліктердің кедендік рәсімдеусіз жүруіне тыйым салынды» деп елдің дүрліккеніне біраз болды. Биылдан бастап аталған елдерден әкелінген темір тұлпарлар тіркеуден өткізілмесе, иесіне айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына қойылады. Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірі бар көліктер заң бұзған жағдайда жазадан құтылып кететінін ескеріп, осы мәселенің […]