ҚР Қарулы Күштерінің әскери үшсайыс чемпионатында үздіктер анықталды

«Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығы базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің XXII Спартакиадасы аясында әскери үшсайыстан чемпионат өтті.

Бұл жарысқа еліміздің барлық әскери құрылымдары мен өңірлік қолбасшылықтарынан, сондай-ақ жоғары әскери оқу орындарынан 14 команда қатысты. Әр команда құрамында үш әскери қызметші болды.

 Әскери үшсайыс үш кезеңнен тұрды: Калашников автоматын дәлдеп ату, граната лақтыру (қашықтыққа) және 400 метрлік қашықтықты қамтитын кедергілер жолағынан өту.

Әскери үшсайыс чемпионаты – жай ғана спорттық шара емес, бұл әскери шеберлік пен тәртіптің көрінісі. Мұнда өз бөлімдерінде іріктелген ең үздік сарбаздар мен офицерлер бақ сынады. Мұндай жарыстар тек мықтыларды анықтап қана қоймай, әскери қызметшілер арасында командалық рухты, табандылық пен жеңіске деген жігерді қалыптастырады, – дедіҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы төрағасының орынбасары, подполковник Мирхат Химеденов.

 Үш күнге созылған жарыста қатысушылар төзімділік, дәлдік, шапшаңдық және үйлесімді әрекет ету дағдыларын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің командасы жеңіп алды. Олар жоғары дайындық деңгейін және шынайы әскери кәсібилікті паш етті. Екінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы иеленсе, үздік үштікті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілдері түйіндеді. Олар соңғы сәтке дейін шыдамдылық пен жауынгерлік мінез көрсете білді. Жеңімпаздарға құрмет грамоталары, жалаушалар, медальдар және кубоктар табысталды. Ұйымдастырушылар қатысушыларды дайындаған жаттықтырушылар мен командирлерге ерекше алғыстарын білдірді.

Бұл чемпионаттағы жеңіс – ұзақ уақыттық қажырлы жаттығулардың, темірдей тәртіптің және нағыз командалық бауырластықтың нәтижесі. Әр кезеңге шыққанда, біз өзіміздің бөлімімізді, жолдастарымызды, командирімізді жерге қаратпауымыз керек деп ойладық. Бұл жеңіс біз үшін ерекше маңызға ие, – деп бөлісті чемпионат жеңімпазы, ДШӘ қолбасшылығы басқармасының дене даярлығы бөлімінің бастығы, капитан Мұхаммад-Әли Байболат.

Чемпионат әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың физикалық төзімділігі мен моральдық тұрақтылығын нығайтуда спорттық дайындықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Шеврон мен ҚазМұнайГаз өзара келісімшарт жасасты

Сәр Қыр 24 , 2025
Оқылды: 90 “Шеврон” корпорациясы (NYSE: CVX) өзінің филиалы “Шеврон Мұнайгаз Инк.” (бұдан әрі – “Шеврон”) арқылы және “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ (бұдан әрі – “ҚМГ”) Қазақстандағы стратегиялық жобаларды дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісімге Шеврон Еуразия президенті Дерек Магнесс және ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Нью-Йорк қаласында қол қойды. […]