Қарағандыдағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінде сарбаздар ерекше форматтағы күнді өткізді. С-300 зениттік-зымырандық дивизионында танымал психолог, тұлғалық даму кеңесшісі Мария Григориади мотивациялық тренинг ұйымдастырып, сарбаздардың рухын көтеруге бағытталған ойындар мен жаттығулар өткізді. Осы іс-шараның барысы туралы толығырақ білмекке Мария ханыммен шағын сұхбат құрған едік.

– Мария ханым, әскери бөлімде тренинг өткізу идеясы қалай туындады?
– Мен әрқашан адамдардың бойындағы ішкі күшті оятып, олардың өзіне деген сенімін арттыруға ұмтыламын. Ал сарбаздар — бұл ерекше санаттағы жандар. Олар күн сайын тәртіп пен жауапкершілікпен өмір сүреді. Бірақ олар да адам, олардың да ішкі мотивацияға, қолдауға мұқтаж сәттері болады. Осы тұрғыда мен әскери қызметшілермен жұмыс істеуді аса маңызды әрі пайдалы деп санаймын. Және осы ұсыныс түскенде бірден келістім.
– Тренинг барысында қандай тақырыптарға тоқталдыңыз?
– Басты назарды ішкі сенімділік, командалық жұмыс және стресске төтеп беру тақырыптарына аудардық. Сарбаздар үшін бұл – аса маңызды дағдылар. Біз психологиялық жаттығулармен қатар, қызықты әрі белсенді ойындар өткіздік. Мысалы, «Сенім шеңбері» ойыны арқылы өзара сенімді нығайттық, ал «Мақсат картасы» жаттығуы арқылы әр сарбаздар болашақтағы армандары мен мақсаттарын бейнеледі.
– Сарбаздардың реакциясы қандай болды? Қандай әсер алдыңыз?
– Шынымды айтсам, жауынгерлер өте жылы қабылдады. Бастапқыда олар сәл ресми, байсалды болды. Бірақ ойындар мен ашық әңгіме барысында жанданып, өз ойларын ашық жеткізе бастады. Бірнешеуі тренинг соңында: «Біз өзіміз туралы көп нәрсе білдік. Бұл бізге жаңа күш берді», — деп алғыстарын айтты. Осындай пікірлер – менің ең басты жетістігім.
– Әскери ортада тренинг өткізу күрделі емес пе? Ерекшеліктері қандай болды?
– Иә, әскери орта – ерекше тәртіп пен құрылымға негізделген. Бірақ мен бұған дайын болдым. Мұнда нақты мақсат қойып, нақты нәтиже көрсету маңызды. Сол себепті тренинг құрылымдалған, нақты кезеңдермен өтті. Уақытты тиімді пайдаланып, барынша практикалық бағыт ұстануға тырыстым. Әскерилер тәртіпке үйренген, сондықтан оларға жүйелі жұмыс ұнайды.
– Осындай тренингтерді жиі өткізесіз бе? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Иә, мен түрлі аудиториямен жұмыс істеймін — жастар, бизнес-қоғам, шығармашылық орта, ал енді міне, әскери қызметшілермен де тәжірибе басталды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және шабыт. Алдағы уақытта басқа да әскери бөлімдерде осындай мотивациялық тренингтер өткізуді жоспарлап отырмын. Себебі менің мақсатым – әр адамның бойындағы күшті ояту. Әскери қызметтегі жандар бұл күшке бірінші кезекте мұқтаж.
Тренинг соңында сарбаздар тек психологиялық қолдау ғана емес, сонымен бірге жағымды эмоциялық сезімдерді түсініп, командалық бірлікте қызмет атқару керегін ұғынды. Мария Григориадидің ерекше тәсілі мен шабыт сыйлайтын сөздері жауынгерлерге жаңа серпін бергені анық.

Сарбаздардың бірі, қатардағы жауынгер Ермек Жұмағұлов былай дейді:
– Мұндай тренинг алғаш рет болып отыр. Шынымды айтсам, мен күткеннен де жақсы өтті. Мария ханым бізге сеніммен қарауды, ішкі күшімізге сенуді үйретті. Өзімді жаңа қырынан тани бастадым.
Осындай тренингтер арқылы сарбаздардың рухы көтеріледі, командалық бірлік нығаяды және ең бастысы — олар өздерін бағалай бастайды. Бұл – кез келген армия үшін баға жетпес құндылық.


