Махаббат туралы мойындау

Жас жазушы НҰРБЕК АППАЗИ                                                                             

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 

Аппаз ауылында 1991 жылы туған. 

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ химия факультетін бітірген.

Облыстық А.Сейдімбек атындағы жас жазушы,

көсемсөз шеберлері байқауының проза жанры бойынша 2 орын иегері.

Бүгінде интернет-маркетологиямен айналысады.

ӘҢГІМЕ

  Емхананың кезегі есіңді шығаратынына бойым үйрене бастады ма, әйтеуір орын табылса, кезек келгенше тапжылмай не телефонға үңіліп, не қасымдағыларға тіл қатысып уақыт өлтіремін. Қайбір әңгіме дейсің – реті келгесін айта салатын әншейін тақырыптар-дағы. Бірақ сол күні қалай кіріп кеткенімді аңғармай, біраз көсіліппін. Түсінер адам табылған соң ба әлде махаббат дерті ішіме сыймағасын ба – танымайтын адамға ақтарыла кетіппін. Адамға келгенде, әңгімелескенде аса талғампаз едім.

Емхананың іші ығы-жығы. Құжынаған адам, самбырлаған дауыстар. Жасы елу-алпыстар шамасындағы үш әйел телеарнадағы жастарды таныстырып, үйлендіретін бағдарламалардың бірін айтып, өзара таласып отыр. Біреуі: «Ойбай, ол өтірік бағдарлама, қатысушылары – әртістер екен», – деп қалып еді, қасындағы екі әйел ауыздарының суы құрып, мақтап әлек. Қазір блогер боп кеткен біреулерді айтып, олардың өмірінен бірді-екілі оқиға айтты ма, ана сөздерге жаны шыға жаздап, қызына сөйлеп отыр.

– Сәлеметсіз бе, рұқсат па?

Бойы ортадан жоғары, денелі жігіт ағасы мен ерін жыбырлатып, бас изеп болғанша қасымдағы бос орынға, отырып үлгерді. Бір адамдар болады өзіне тартып тұратын. Жоқ, бір-біріңе магниттей тартылып тұрасыңдар. Егер бір әңгімелесіп кетсеңдер – ұзақ сөйлесіп, ортақ тақырыптар табыла кетерін сезіп тұрасың. Емханаға келген екі-үш күнде, онан бұрын емхана бұрышындағы супермаркетте кездесіп қала берген. Ал бірінші рет кітап дүкенінде көрген. Сол кезден бері жолыққанда жылы ұшырасады. Кітапханалардан, кітап дүкендерінен адам көрсем – ішім жылып сала береді.

Кенет жылдам жүріспен басып өте шыққан қыз бен жігітке көзіміз түсті. Қыз алдында да, жігіт артынан қуып келе жатқандай көрінді. Қабақтары салыңқы. Әлде ұрсысып қалды, әлде… бірі ұнатып, бірі ұнатпай ма?

– Махаббаттың қадірі кетті-ау бұ заманда. Махаббаттың не екенін бұлар түсіне ме екен? – деп жымиған қалпы маған қарады.

– Бұлар… Кейін түсінеді-ау. Мен енді ғана түсінген сияқтымын.

– Рас па? Бұл өкініш пе әлде жазғыру ма?

– Бұл – мойындау.

– Нені?

– Өз махаббатымды тану, сол арқылы әйел сезімінің табиғатын енді түсінгенімді мойындау.

– Ер екенсіз. Мойындау – ерлік қой! Әйелдің сүюі басқаша. Бүгін қаншалық сүйіп тұрса, ертең соншалық жек көріп тұрады.

«Қалай тап басты мына кісі. Кейінгі кезде бүкіл құпиям өз көз алдымда өзіме ашыла бастады ғой. Ақыл кірейін деді ме, білім қонайын деді ме?»

– Дұрыс айтасыз. Сүйіп тұрып жек көреді, жек көріп тұрып сүйеді. Және соған кез-келген адамды иландырады. Иландырамыз.

– Әйелдің махаббаты – бардың қадірін білмейтін, жоққа құмар пендешілік. Кейін түсінеді мұны кеш болғанда. Адам табиғатының қолы жетпейтін нәрсеге құмар келетіні бар ғой. Әсіресе әйел адам, – деді де, сәл жымиды.

– Мына нәрсені мен енді эгомды жеңіп, мойындай бастап ем, толығырақ айтыңызшы?

-Айтуға ұзақ… «Парадокс страсти» деген кітап бар. Түсінуге тырыссаңыз – оқып көріңіз. Негізі…

-….

– Бұл жерде әйел сезімінің табиғатына қатысты біраз нәрсе бар. Айтар болсам, қабылдау, мойындау ауыр болуы мүмкін…

– Мойындауым үшін білуім керек. Қабылдауға дайынмын.

Әйелміз ғой құпия болса, қызықтыратын дүние болса, жауабын тапқанша сабырсызданатын. Іштей өз махаббатымның табиғатын, жыл мезгілдері құсап ауысатын күйін енді танып, баяғыда мұрағатқа кеткен естеліктерді қопарып, өзімді енді түсіне бастағанда, мына кісінің айтқандары, кейінгі оқыған шығармалар – бәрінің тамырымды дөп басқаны әрі қарай біле түсуге ынталандырды.

– Бұл бір ұзақ тақырып. Мен сізге бір-екі ерекшелік айтайын. Әйел адамның табиғаты сезім үшін күресуге, өзі сүюге, сүйгенінің назарын аудару үшін ұмтылуға, өзін құрбан қылуға, кешірім сұрауға, бағынуға жаратылған. Бұл аталғандарға жағдай туындамаса, бәрібір соны іздейді. Түсіндіре алдым ба?

Мысалы, есіңізге түсіріп көріңізші, сізге бар жағдайды жасауға дайын тұрған, білім, мінез және тағы басқа сіз қойған талаптарға сай жігіттерді қабылдай алмадыңыз. Оларға қарамадыңыз. Өйткені олар бар сезімін төгер болса, сізде қанағаттану сияқты нәрсе пайда болады да, күресуге дәрменсіз боласыз. Енді ойлаңыз, сіз қандай жігіттерді жақсы көрдіңіз? Қолыңыз жетпейтін, сезімі үшін күресу қажет, сізден биіктеу тұратын, құпиясы бар жігіттерді.

– Ғұмыр бойы күресіп өтеміз бе сонда? Бәсе, мен неге ылғи өзімнен білімі, таным деңгейі жоғары адамдармен сөйлескім келеді десем…

–Күрес соңы – жеңіс. Жеңіске жетсе, күрес қажет болмауы мүмкін. Жеңіліс болса, ол өмір бойы есіңнен шықпай, қайта-қайта мазалауы мүмкін. Енді әйел адам неге біресе жақсы көреді, біресе жек көреді? Соған тоқталсам,– деп, әңгімені жалғастыра бергенде қараторы медбике қыздың:

– 69, кімде 69, – деген даусы бөліп жіберді. Менікі еді ғой. Қағазыма қарасам – иә, менікі. Ол кісі де байқап тұр екен, бас изеді.

– Жақсы онда, пайдалы әңгімеңіз үшін рахмет.

– Оқасы жоқ. Айтпақшы есімім – Несіпбек.

– Самал

– Жалғасын сосын айтармын. Бәлкім, шай үстінде. Сосын сізге өз затыңызды қайтарып берейін деген едім, – деп жымиды.

– Зат…?

– Иә, – деді де, кездесетін орын мен уақытын айтты. Келіскен сыңайымды көрген соң, қандай зат екенін сол жерде білетінімді айтып, жылы қоштасып қала берді. Мен болсам, ойға шомған күйі дәрігер есігін ашып, кіріп бара жаттым.

***

Біздің өмір жаратылыс құпиясын ашумен қызықты. Әсіресе өз құпияларыңды. Өзіңді танып, мойындау, өз-өзіңмен бетпе бет келу – біртүрлі екен. Әбекеңді соншалық сүйгеніме сене алмаймын. Дәл сол уақыттарда сүйгенім рас. Бірақ қазір тап сондай сезім жоқ сияқты менде, мүлде сезілмейді. Қасымда ешкім болмағанда не ешкіммен әңгімелеспей қалғанда ғана аласұрып іздей бастайтын сияқтымын. «Әбеке, мен ұқтым. Неге кітап оқи алмай қалғанымды, неге көп нәрсе қайта мені толқытпайтын болғанын, неге кеуде тұсым шымырламайтынын. Өйткені сіз бар екенсіз. Мен сіз барда, сізбен сөйлескенде өзімде жоқтың да, өзіме қажеттің де орнын толтырып алады екенмін» деп жазып қойыппын. Қазір ше…?

Жаңағы кісі де өз затыңызды өзіңізге тапсырам дейді. Не болды екен? Бұрын кездескен бе едік? Есімде жоқ. Түсініксіз. Кейінгі кездегі мойындауларым мен көзім жеткен нәрселерге қатысты ол кісінің де түйгені көп сияқты. Танымайтын адам шайға шақырса, жетіп бара қоятын әдетім жоқ еді, әйтпесе.

Уәделі жер. Амандық-саулық. Шәй.

– Әңгіме басталмас бұрын сізге айтар бірнәрсе бар. Өткенде өз затыңыз дегенім мынау еді.

Қалтасынан төрт бүктелген қағаз алып, алдыма қойды.

– Хат. Бүкіл жан-дүниемді қозғап, сізді тауып алуға әкелген хат. Осыншалық ғашық болуға болады екен ғой деп таңғалдырған хат.

Аузым ашылып қалды. Ия, өзімнің жазған хатым.

– Бұл қайдан жүр сізде?

– Біраз уақыт бұрын кітапханадан Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын алдым. Сол кітаптың арасынан таптым. Кейін кітапханашыға қаратып, аты-жөніңізді, кітап алып тұратыныңызды білдім. Солай сізді тауып алдым. Ұнады.

– Несімен ұнады?

– Сезімімен

– Бір болмаған болса да ма?

– Иә

– Бір уақытта сезімім күшейіп тұрған сәтте жазып, жіберуге батылым жетпей әрі сол кезде тағы бір оқиға болып, қайда қойғанымды ұмытыппын. Рахмет!

Үнсіз қалдық. Өз ойымызбен әуре боп кеттік. Ол кісінің не ойлағанын білмеймін, мен Әбекемді ойлап кеттім.

-Бөлісу сіз үшін қиындау шығар. Сондықтан ештеңе сұрамаймын. Махаббат та сынақ қой. Өткенде мойындау деген едіңіз. Маған сол қызық. Ойыңыз бен түйгеніңізді бөліссеңіз. Қазір мен әйел адам неге біресе жақсы, біресе жек көреді, сол туралы тоқталсам. Еркектің махаббаты тұрақты. Әйелдің махаббаты эмоцияға тәуелді. Эмоция ішкі және сыртқы факторларға тәуелді. Егер бір романтикалық кино көрсе, ән тыңдаса, махаббаты еске түсуі мүмкін. Сүйген адамының ұнамайтын қылығы көбейе бастаса, “дефицит внимание” болса, сезімі азаяды. Эмоция тұрақты болса да сезімі азаяды. Сондықтан біресе жоғары, біресе төмен болып тұруы – қалыпты нәрсе. Сағаттап айтуға, том-том кітап жазуға болатын тақырыптар, бұл.

– Иә, айтқаныңыз дұрыс сияқты. Әбекемді кейде қатты сүйетін сияқтымын, бір сәтте ұмытып кеткендей болам. Сомерсет Моэм «Луна и грош» деген шығармасында әйел күйін, психологиясын әдемі ашқан. Иә, тақырыбы, ойы бөлек шығарма, бірақ соның ішіне әдемі кіріктірген. Оқып отырып күлгем, енді міне сіздің айтып отырғаныңыз бар, «Сезім музейі» бар, соңғы кезде алып жүрген білімімнің қорытыла бастауы шығар, кейбір нәрселерді іштей мойындап отырмын. Сіздің айтқаныңыз бен ол шығармаларда жазылғандар және кейінгі кезде оқып жүргендер — бәрінің бір ортақ тұсы бар, ол тура менің бүкіл құпиямды біліп қойғандай, ішімдегілерді тап басып айту, дәл махаббат мәселесінде.

– Бізде мынадай стереотип бар: «Қызға көп көңіл бөлу керек» деген. Бірақ қызға көп көңіл бөлінсе, махаббаты азайып кетеді. Материалды, морально қолдау, жанын түсіну қажет, әрине. Бірақ әйелге ең бастысы – өзінің сүюі.

– Өткенде сіз айттыңыз ғой құрбандыққа бару туралы, сол да рас сияқты, негізі. Қазір ойлап қарасам, біздің табиғатымыз сондай шығар. Бұл да мойындаудың бір түрі. Қысқасы, біз әлде мен ғана ма ер адамның менің қасымда, мен бар кезде жайлылықта болғанын қалап тұрамын. Ал ол кезде өз күйім маңызды емес, бірақ оның жайлы күйде екенін сезіну – ғажап сезім сыйлайды!

– Дәл түсіндіңіз. Қалай ойлайсыз, шын махаббат, асыл сезім қол жетпесе ғана құнды сияқты, ал қолың жетсе – пендешілігің араласып, бүлдіретін сияқтымыз?

– Сондықтан шын махаббат, асыл махаббат некеден кейін ғана болуы керек. Оған дейінгісі – пенделік қалау аралас бір сезім, негізі. Мен осыны түсінемін, мойындаймын, бірақ сезініп, шын ұқпай жүрмін әлі. Бізде шариғатта некесіз қарым-қатынасқа тиым салды ғой, демек, ол нәрсе де біз үшін пайда бар еді. Біз ол тиымды елемедік те, соңында сүйіп-күйіп, өртеніп болған соң, менікі шын махаббат, менікі шынайы сезім деп өзімізді ақтап аламыз. Екі адамның оңаша қалуында үшіншісі кім деп еді бізге? Ал біз әлеуметтік желілерде ылғи жеке чаттарда сөйлесеміз адамдармен. Сосын оны әдемі сезімге толы сөздермен ақтаймыз. Сүйдік, сағындық, ғашық болдық. Жақсы. Ал түбі қосылмадық. Қосылатының екі ұдай немесе қосылмайтының белгілі болса, Алла Тағала тиым салған қарым-қатынасқа түсіп, басыңды солай тау-тасқа соққаныңды мойындаудың орнына, тағы да ол асыл сезім, қол жетпесе – құнды, бағалы деп езеурейміз. Бірге болсаң, пендешілігің араласып, ол махаббат құриды деп, өз-өзімізді алдаймыз. Бірақ «әуел баста ол сезім сенің пендешілік араласқан сезімің еді ғой, енді келіп әулие бола қалмашы» деп айтар адам жоқ, бізге…

– Рас. Ол рас.

Үнсіз қалдық. Мен хатты алып, ішіне сүңги бердім.

«Мен мынадай орта бар екенін бүгін ғана білдім, қосылам деп алып-ұшып келіп ем, әңгімесін сағаттап, тіпті өмір бойы тыңдап отырудан жалықпайтын, маған ең жақын, ең аяулы, бірақ тым алыста жүрген бір адамды көріп қалдым. Дәл сол адамды, дәл сол шығарма туралы пікірлерді кезіктірем  деп әсте ойламадым. Жылағым келді, жылап тұрып қуандым…

«Кішкентай ханзаданы» оқыңыздаршы, өлген сезімдерді тірілтіңіздер, барын аялаңыздар… Мені «кішкентай ханзадаға» да, өзіне де ессіз ғашық еткен сол адамға ақтарылғым келді. Басқаша айтуға мүмкіндік жоқ немесе жүрегім дауаламайды….

Көзден кеткендердің бәрі көңілден кетпейді, бірақ күнде көз алдыңда сенімен бірге өмір сүретін адамдар ешуақытта көңіліңе ұяламауы мүмкін екен. Кеудеде бірдеңе тағы күйіп тұр, тамаққа да кептелді бірдеңе, жұтынғым келмейді, жылайтынымды білем. «Дүниедегі ең жаманы — дәрменсіздік екен-ау. Бірақ одан да жаманы бар. Ол — үмітсіздік. Дәл қазір бірдеңе өзгертуге қауқарсыз болып отырсам да, болашақтан күдер үзбеймін. Үмітім үзілмейді» деп едіңіз ғой, мен де үміт үзгім келмейді. Қызық… Адам деген сонша әлсіз жаратылыс, иә? Әлде мен ғана сондаймын ба… Сенім жоғалып, амалым таусылғанда үміт пен сенімнің болмашы шырағы жылт етсе, жан-дүнием қайта алай-дүлей бола кетеді…

Бүгін мынандай жағдай болды, мынадай нәрсе туралы білдім, мына нәрсе былай екен ғой, мынау туралы сіздің ойыңыз қандай, мына әнді естіп қалдым, мына жазушыны  білуші ме едіңіз, мына кісінің өлеңдері жақсы екен… Таусылмайтын әңгіме… Бітпейтін еркелік… «қанымды ішпе, әй» сағындым ғой бәрін… Ешкім тең келмейді сізге…

Сіз шынымен сағынбайтын болғансыз ба? Бір күні мен де сағынбайтын боп қалсам ше? Сезімсіз, сағынышсыз өмір сүру — ең нашар жаза сияқты. Білесіз бе, сіз есіме түспейсіз, себебі мүлде ойымнан шықпайсыз.

 Әбекем, мен қиялымда қанша рет сіз тұратын қалаға барып қайтқанымды білесіз бе? Қа-а-анша рет сіз жұмыс істейтін жерді торауылдап қайттым. Бірақ сіз мені ұмытқан сияқтысыз, мейлі ұмытпасаңыз да, алдыңғыдай сезіміңіз жоғы анық. Оған әбден лайық екенімді білемін… Түбі осындай болар еді, оны әуел бастан-ақ білгем. Тек сізді сүйіп қалған соң, ауыр болады екен көндігу. Қызық, кейде менде мүлде сезім жоқ сияқты болады сізге деген. Ал кейде сезімім кеудеме сыймай кетеді. Жүрегім ауырады… Бірақ осы сезімдерді сезіне алғаным үшін бәрібір бақыттымын. Сіз мені сағынбайтын, сүймейтін болып алғансыз-ау… Кейде ғана есіңізге түсіп кетермін, бірақ оны елемейсіз де, солай ма? Солай деп айтсаңыз, сізге қалай ренжимін? Сұрап алған аурудың емі жоқ. Көпірді баяғыда су шайып кетті.

Әбекем, сізді ұмытам деймін, ұмыттым деймін, бірақ бәрі — ө-ті-рік! Даусыңызды естіген сайын жүрегім атқақтап кетеді де, сағынышым жас болып тама бастайды… Күйімді сипаттау үшін әдемі, жан тебірентер сөздерді таңдап алып жазғым келмейді. Жоқ. Тіпті ешқандай сөз жазғым келмейді. Бәрібір жақсы көрем, бәрібір қарым-қатынасымыздан түк шықпайды, бәрібір бір күні бір-бірімізді ұмытамыз, бәрібір уақыт өте сезім суып кетеді, бәрібір бір күні басқа адамның жары боласыз. Бәрібір бәрі өзгереді. “Сезім өлмейді” деген сөз — өтірік! Болмасты болдырам деп, келместі келтірем деп жүргенде өмір өтіп кететін болды… Бәрін қолдан жасап, бәрін қиындатып алған өзім ғой… Қиянат жасағанымды білемін ғой сізге, тым ауыр қиянат… Әбекем менің, жаным, мені кешіре аласыз ба? Кешірім өтінемін… Мені кешіріңізші…

   Әбеке, білесіз бе, егер дәл осы сәтте менің көкірегіме біреу үңілсе, “Әбеке” деген сөзден өзге ештеңе көрмес еді. Менің Әбекем, хош болыңыз! Сіз бәрібір тек менің Әбекем болып қаласыз. Басқалар басқаша айтатын шығар. Шығар емес, айтсыншы…

Бір күні сізді ұмытып кетсем, сосын қашан ұмыт болғаныңызды есіме түсіре алмай қалсам. Бірақ ұмытқым келмейді сізді…

 Білесіз бе, сізді ойламау үшін, сағынбау үшін көп, өте көп кітап оқып жүрмін, бірақ оқыған кітаптардың желісі мүлде есімде жоқ, авторлары мен кітаптың аты да түспейді есіме. Бір күні жынданып кетсем… Ол да жақсы шығар, бірақ. Соңғы кезде саяхатқа шыққым кеп жүр, басым ауған жаққа кетсем… Ұзақ жол жүрсем ғой, сол жолда бір адамды көріп, соған ессіз ғашық боп, сіз санамнан өшіп кетсеңіз.

  Әлде мен ендігі жынданып кеттім бе екен? Мынаның бәрін неге ақ параққа  жазып отырмын? Кіммен сөйлесіп отырмын, жалпы? Ертерек сізді ұмытып, мына жазғандарыма күлгім кеп тұр… Әбекем менің, сізді де қинап қойдым…

   Ғайыптан бір боп кетсек, иә? Сіздің жаныңызда болған әрбір сәтті аялар едім… Сіздің жұбайыңыз болар жан неткен бақытты… Мен ол бақытты қызғанбаймын, тек мен қалаған, мен жасағым келген, мен сізге сыйлағым келген жылылықты ол сізге сыйласа екен. Сіздің жұбайыңыз мені сізден он, тіпті жүз есе артық жақсы көрсе екен, сыйласа екен… Менің биігім едіңіз ғой… Енді оның бигіне айналғаныңызда ты-ы-ым биік болыңызшы… Ол өзімшіл болмасыншы мен сияқты… Ол өтініш айтып, өзі сіздің өтінішіңізді орындамай қоятын жаман адам боп шықпасыншы… Әр күніңізді, әр сәтіңізді әдемі етсінші… Алла Тағала сіздің жүрегіңізге мызғымас тыныштық сыйласын жұбайыңыз арқылы… Әмин, әмин…

   Кеттім! Енді бұл жаққа келмеуге тырысам, сізді ойламауға, сағынбауға да! Ал әзірге ессіз сүйем. Сағына беретінімді айтуды ұмытыппын… Менің қасымдағы адамдардың бірі де жетпейді сізге, бәрін қосса да, жете алмайды. Бүкіл дүние, әлем, айналамдағылар — бәрі бір төбе де, сіз бір өзіңіз бір төбесіз. Ең аяулы, ең қымбат, жүрегімнің төріндегі асылым, жаным менің…

   Рас, сөйлескім келеді. Жай сөйлескім келеді. Ештеңе көксемей, талап етпей, дәметпей, күтпей, ойламай… «Жанымның тыныштығы осы нәрсе немесе осы адам»  деп айтып жатады ғой адамдар. Сол сияқты, менің жанымның тыныштығы, көңілмнің жұбанышы — сіз ғанасыз ғой… Ал сіз жүрсіз біреудің махаббатына елжіремеймін деп. Ақымақсыз! Мен тек сіздікімін. Жанымда басқа адам болса да, сіздікімін. Ол кезде жаным тәнімнен бөлініп кетеді…

     Тым тәкаппар боп кеткем-ау, сірә. Сізді бұлай жақсы көретініме, сағынатыныма, іздейтініме, жалпы сізге деген сезімім үшін өзімді қор санай бастаған сияқтымын. Неге мені ұмытқан адамды бұлай жақсы көруім керек деп жиі ойланатын болыппын. Бұл — опасыздық қой. Сезімге қиянат. Неге мен сезімім үшін қарымта күтуім керек? Сізді жақсы көруге мені ешкім мәжбүрлеген жоқ қой. Есеппен сүю – масқара!!!  Бүйткенше, сезімсіз өт!

   «Ярче» әкеліп қоям үйге, сосын ұзақ қарап отырам. Өткен жолы  «Анаға апарар жол»  фильмін көрсетіп жатыр екен “Қазақстан” арнасында, көре қалып ем, ол да жүректі дүрсілдетті. Мен көп адамды сөздерін сізге ұқсатқан соң жақсы көріппін ғой. Дулат Исабеков, Мағауиндерді де, “кішкентай ханзаданы” да, Достоевскийді де ұнатуымның себебі — сіз. Кейде тіпті Нигараны да жақсы көріп кетем. Мүмкін жынданудың алғашқы сатысындамын. Бірақ сені тіпті есіне де алмайтын адамды сағынып, жақсы көру — біртүрлі аянышты. Ал маған бәрібір. Тәкаппарлық кеудемді кернеп тұрса да, сізге деген сезімнің алдында мен әлсізбін. Кейін өкінермін, бірақ одан да пайда жоқ қой.

   Сізді ұмыттым деген сөзге де, ұнатпаймын деген сөзге де ешқашан сеніп қалмаңызшы…  Жүрегімдесіз… Иә, оңбағанмын! Оны өзге емес, өзім-ақ бетіме баса берем! Бәрібір жақсы көрем! Не істейін енді? Қолымда болса, ұмытып-ақ кетер ем ғой… Жаным дегім келеді, Әбекем дегім келеді, сағындым дегім келеді… Сезесіз бе өзі сағынып кеткен кездерімді? Әлде бәрібір ме? Иә, мүмкін мен ауру шығармын. Бәрінің, жоқ бәрінің емес, дәл осы ісімнің қате екенін жан-дүнием түсінеді, ұғам бәрін, бірақ сізді сағынып кетем… Ойымдасыз…

   Жынды шығармын. Бір ауытқу бар менде.  Мүмкін кейін сізге арнап өмірім туралы кітап жазып шығармын. Ішіне екеумізге ғана түсінікті, екеумізге қызық болған сөздерді қосып… Оған дейін сағына тұрайыншы… Күтіңізші, мейлі үйлене беріңіз, тек мені ұмытып кетпеңіз, сағынбай қалмаңыз, маған сізден ештеңе керек емес. Мен тек сезінгім келеді, мен тек жаныңызда тұрғанда қандай күйде болатынымды білгім келеді. Көзіңізге бір қарасам болды анықтап, бәрін сол айтып берер еді маған, тек жақыннан бір көрсем… Осы күнге дейін мен іздеген, бірақ таппаған бірнәрсе бар. Соны тек сізден ғана табатын секілдімін. Соны анықтағым келеді. Ол үшін жолығу керек…

Қызық… Түнде аспаннан жұлдыз көргенде мен есіңізге түсем бе? Жаңбыр жауғанда ше, мен есіңізге түсем бе? Найзағай жарқылдағанда ше? Жылан көргенде ше? Сүлгіні ше? Пиала? Әлде бәрі ұмытылып кетті ме? Ал менің айналамдағының бәрі сізді еске түсіреді. Сыртқа басқаша адаммын. Ішімде мүлде басқа, бөлек адам өмір сүреді…

   Әбекем, мен — дүниедегі ең жаман, ең оңбаған, ең лас адам шығармын, бірақ сізге деген сезімім аппақ, кіршіксіз. Мен бәрін біліп тұрып, саналы түрде сүйдім сізді. Әу баста-ақ болмайтын тірлік екенін, баянсыз екенін білсем де, сүйдім. Кешірім өтінемін, бірақ сүйем, сағынам…

  Кейде жақсы көрген адамыңды тек алыстан, сырттай, қарым-қатынассыз, қарым-қатынас болса да, отбасын құрмай жақсы көріп жүре берген де дұрыс-ау деп ойлаймын. Білем біртүрлі екенімді. Қызық қой, сізді жақсы көрем, бірақ екеуміз екі түрлі адамбыз, ортақ қызығушылық бар ма өзі бізде? Сізді сүйіп қалуыма сол шығар басты себеп.

   Сізбен таңға дейін сөйлескен күндерді есіме алсам, көп әңгімелескен секілдіміз, бірақ қазір қарап отырсам, әлі ештеңе сөйлеспеппіз ғой. Тағы сөйлескім келеді, тағы даусыңызды естігім келеді… Сағындым, шын сағындым.  Сіз тұратын қала десе, елең етем. Сол жақтанмын десе, іштартып тұрам… Білем мені қабылдамайсыз. Сіз мені қабылдай алмайсыз, ал мен бұл адамдарды… Мейлі. Сезімім сонысымен қымбат, сонысымен тәтті боп қалады мен үшін.

   Жабырқағанда да, қуанғанда да есіме сіз түсесіз… Жоқ, есіме түсесіз деген сөз — өтірік, себебі ұмытқам жоқ, ойыма бірінші келесіз… Қасыңызда қатар отырып ұзақ әңгімелесуді армандаймын… Ештеңе керек емес басқа. Тән қалау емес, жаным жаныңызды аңсайды. Жолыққан сәтте аймаласа кетер ем, құшағыңызға құлай кетер ем, сүйіп алар ем деген ойлар келмейді маған. Тек сөйлессем болды, сол бір жымиып күлгеніңізді, «Әй, болды, қанды ішпе!» деген кездегі қабақ түйгеніңізді көргім келеді…  Расымен сағындым, әлде сіз де сағындыңыз ба? Солай болса екен, сіз де сағынсаңыз екен… Сізбен бір сөйлессем ғой… Жұтылмас ем мына жалмауыз тірлікке… Кейде бәріне көнгендей болам, сізді ұмытайын деймін. Егер сол нәрсе қолымда болса, бір-ақ сәтте сізді ұмыта салар ем… Тырнағыңызға да татымайды ғой басқасы… Білем, сізде де кемшілік бар, сіздің де маған айтпаған, айта алмаған мәселеңіз бен істеген, мүмкін істеп жүрген ұнамсыз қылықтарыңыз бар. Қанша рет айтпақ боп, айта алмадыңыз… Ал маған бәрібір. Бәрібір сізді сүйемін, ешқандай ережеге, ұстанымға бағынбай!

Білесіз бе, Әбеке, сізге деген сезімімді жазғым келеді, бірақ қанша жазсам да, дәл мен ғана сезіне алатын, мен ғана түсіне алатын, өзіме ғана аян сол ғажап сезімді сипаттай алмаймын, оны сіз де, басқалар да менің сипаттап жазғанымнан сезіне алмайды ғой…

   Менің ендігі құным, ендігі бағам қандай екенін білмеймін сіз үшін, бірақ мен үшін сіз асылсыз… Ұмытылмасым… Жаным… Жаныммен жаныңыз жалғасқан, Әбекем, ал ондай адамды ойлауды, сағынуды, аңсауды доғару, айрылу, ұмыту — мүмкін емес…

 Сіздің хатыңызды оқу маған ауыр. Жүрегімді тесіп өтеді.

Өзіме де ауыр

Қоштасуға не себеп?

Айта алмаймын

Жақсы

 Хатты оқығанда кім есіңізге түседі?

Еске алмайын десем де… Сүйгенім…

Осыдан соң Несіпбек өзінің махаббат тарихымен бөліскен. Сөйлескен адамының халін, қалауын түсінем, бірақ қолдамаймын, себебі басымнан өткен. Өз ойымды, егер шын сүйсеңіздер, бірге болсаңыздар екен деген ойымды да айттым.

Дәмханадан шыққан соң, біраз жаяу жүріп қайтуды жөн көрдім. Қарсы алдымнан бір жігіт өткен. Кішкенеден соң көзіне жас тығылған қызға кезіктім. Қайдан көріп едім? Есіме түсті. Солар. Өткенде емханада көрген қыз бен жігіт. Тағы да келіспей қалған сияқты. Сезімдерді, қателіктерді мойындай алғанымызбен, түсінгенімізбен, кейде сүйгеніңнің алдына баруға мойнымыз жар бермейді ғой. Оңай дүниені қиындататын өзіміз сияқтымыз. Қиналатын да өзіміз…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Halyk Bank зардап шеккен кәсіпкерлерге көмктесті

Бей Қаң 20 , 2022
Оқылды: 1  917 Halyk Bank Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен микро-бизнес секторындағы қарыз алушыларына залал мөлшерін растаусыз бизнесті қалпына келтіруге 1 млн теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, банк осы санаттағы клиенттеріне 6 айға дейінгі мерзімге несие төлемі бойынша демалыс береді. Онымен қоса, Halyk Bank өз […]