Білім және ғылым вице-министрі ата-аналармен тікелей эфирде пікіралмасты

Білім және ғылым вице-министрі ата-аналармен тікелей эфирге шығып, қашықтан оқытуға қатысты пікірлерін тыңдады.

Сәуірдің 19-күні ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен «Қашықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» тақырыбында онлайн-брифинг болып өтті. Онлайн форматта өткен жиынға ата-аналар, қоғам белсенділері, мұғалімдер, журналистер мен блогерлер қатысты.

Сөз тізгінін алған Шолпан Таңатқызы қашықтан оқытудың екінші аптасын қорытындылап, жаңа форматта оқыту кезеңінде Білім және ғылым министрлігі үшін ата-аналардың ой-пікірлерін білу маңызды екендігіне тоқталып өтті.

«Екі аптаның қорытындысы көрсетіп отырғандай, мұғалімдер мен оқушылар қашықтан оқытудың бірнеше форматын пайдалануда. Теледидар арқылы ұйымдастырылған сабақтар өз тәртібімен жүріп жатыр, мұғалімдер мен оқушылар арасында кері байланыс орнатылған. Бүгінгі таңда оқушылар, мұғалімдер және білім беру процесінің басқа да қатысушылары «BilimLand», «Daryn.online», «Kundelik» платформаларында асқан белсенділік танытуда. Сондай-ақ, білім беру платформалары түске дейінгі кезеңде көп пайдаланылатындығын көріп отырмыз. Қазірде еліміз бойынша 435 мектеп штатық режимде жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар қажет болған жағдайда оқушыларды компьютермен және интернетпен қамтамасыз етуде. Қашықтан оқыту форматы осы екі аптаның ішінде бір жүйеге келді. Орын алған қандай да бір мәселелер шешіліп, мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс орнатылды», – деді Білім және ғылым вице-министрі.

         Өз сөзінде Шолпан Каринова жоғары білім беру саласында қашықтан оқыту форматы бұған дейін де пайдаланылғандығын айтып өтті. Қазіргі таңда еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары өз білім ордаларында ашықтық қағидасын қалыптастырып, жоо сайттарында студенттерге арналған ашық лекциялар жүктелген екен.

Брифинг барысында вице-министр Шолпан Таңатқызы тікелей эфирге ата-аналарымен бірге қатысып отырған балақайларға да сұрақ қойып, олардың қашықтан оқыту форматына қатысты пікірлерін білді. Сондай-ақ, ата-ана ретінде де ой-пікірін білдіріп, өз балалары үшін қашықтан оқыту процесі қалайша жүріп жатқандығымен бөлісті. «Балаларымның қашықтан оқыту процесіне қатысуын сырттай қарап, бақылаймын. Осылайша, білім беру саясатының білім беру ордаларында қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығына да назар аударып отрамын. Мұғалім оқушы үшін ең жақын адам, жанашыр адам. Бір байқағаным, қашықтан оқыту барысында балаларымыздың жауапкершілігі одан әрі арта түскендей. Олар өз уақыттарын реттеп, дұрыс ұйымдастырып жатқандығының куәгері болып жүрміз», – деді Ш.Каринова.  

Сөз соңында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы брифингке қатысқан ата-аналарға алғысын білдіріп, ата-аналар тарапынан айтылған құнды пікірлер үнемі назарда екендігін айтып жеткізді. «Білім беру саласы үшін қашықтан оқыту – дамудың жаңа кезеңі болып отыр. Жаңартылған білім беру мазмұны балалардың өмірдегі функционалдық сауаттылығын жетілдіруді көздейді. Өз кезегінде, критериалды бағалау жүйесі баланың күнделікті сабаққа дайындалуы мен жалпы білім алуы баға үшін емес, өзі үшін қажет екендігін бұрын-соңды айтқан болатынбыз. Ендігі кезекте, қашықтан оқыту барысында аз уақыттың ішінде соның дәлелін көріп отырмыз. Сондықтан іске асырылып жатқан жаңартылған білім беру мазмұны дер кезінде енгізіліп, қазақстандық білім жүйесін функционалдық биік деңгейге шығаратынына сенім мол», – деді Шолпан Каринова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Ата-аналар жиналысын онлайн өткізген дұрыс

Сен Сәу 18 , 2020
Оқылды: 1  047 Танымал тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей министрлік өкілдеріне ата-аналар жиналысын онлайн жүйеге ауыстыру туралы ұсыныс білдірді. Аталған пікірді журналист бүгін «Қашықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» тақырыбында өткен онлайн-конференция барысында айтты. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.  Онлайн жиналыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбук әлеуметтік […]